Көрнекті қаламгер, публицист жазушы Әлмәмбет Әлішев – 80 жаста
Қазалы ауданында КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, көрнекті қаламгер, публицист жазушы Әлмәмбет Әлішевтің 80 жасқа толу мерейтойына арналған «Бәйтеректің бұтағы» атты салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Онда аудан әкімі Мұрат Ергешбев абыз ақсақал, қарымды қаламгер Әлмәмбет Әлішевті ғұмырының биік бір белесі 80 жас мерейтойымен құттықтап, қазақы дәстүр бойынша шапан жапты.Мерейтой иесін Өңірлік оқу орталығының кафедра меңгерушісі Баймырза Қожамберлиев, мемлекет қайраткері Айтбай Көшербаев, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, БҰҰ-ның «Руханият» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ермек Зәңгіров және «Ана тілі» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов құттықтады.
Шара барысында облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев сөз сөйлеп, ауданымыздағы кәсіпкер азаматтардың атынан ел ағасы атанған жазушы Әлмәмбет Әлішевке «Нива» автокөлігінің кілтін табыстады.
Кеш барысында мерейтой иесіне арналған арнау өлеңдер мен әсем әндер, күмбірлеген күйлер тыңдалды. Өз кезегінде, Ә.Әлішұлы жиналған қауымға риясыз көңілдері үшін алғысын білдіріп, рахметін айтты.