Аймақ басшысы алғыс айтты
Kyzylorda-News.kz. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірде осыған дейін облыс прокуроры болып қызмет еткен Халидулла Зиноллаұлы Дәуешов пен облыстық полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған Қайрат Болатұлы Мұхитовқа алғыс айтып, құрмет көрсетті.
«Сыр елінде еңбек еткен үш жыл ішінде екеуіңіз де білікті, іскер басшы екендеріңізді көрсеттіңіздер. Осы жылдар ішінде облыста құқық қорғау саласында көптеген жетістікке қол жеткіздік. Стационарлы полиция бекеттері құрылды. Республикада алғаш боп құқық қорғау қызметтерінің орталығын аштық. Мұның барлығы нәтижелі жұмыстың көрсеткіші. Жаңа қызметтеріңізге сәттілік тілеп, Сыр жұртшылығы атынан алғыс білдіремін», – деді аймақ басшысы.
Кездесуде облыс әкімі аталған азаматтарға сый-сыяпат жасап, облыстың Құрмет грамотасын табыстады.
«Осында еңбек еткен үш жылда мақсатымыз азаматтардың құқықтарын қорғау болды. Әлбетте, бұл мұратта бірлік пен қолдау керек болды. Сіздің қолдауыңызға алғыс білдіремін», – деді Х.Дәуешов.
Айта кетейік, Х.Дәуешов Атырау облысының прокуроры, Қ.Мұхитов ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтеріне ауысты.
Сондай-ақ, жиында аймақ басшысы бірқатар қызметке тағайындаулармен таныстырды.