Арал ауданында «Тағзым» алаңы ашылды
Kyzylorda-news.kz. Арал ауданына қарасты Шижаға елді мекенінде Ұлы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында «Тағзым» алаңы ашылды.
Майдан даласында қаза болған және хабарсыз кеткен боздақтарға арналған «Тағзым» алаңының ашылу рәсімі «Ерлік көктемі – Жеңіс көктемі...» атты қойылыммен басталды.
Одан әрі салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындарды «Тағзым» алаңының ашылуымен құттықтады.
Мұнан соң Арал ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Айбосынов пен жергілікті қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер Н.Алманов ағаларымыз сөз алып, Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарды еске алуға арналған шараның маңыздылығына тоқталды.
Елдіктің еңселі биігін ел басына күн туғанда көрсете білген майдангерлер қандай да болсын құрметке лайық.
Осы орайда жаңадан бой көтерген «Тағзым» алаңы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған меморандум аясында жүзеге асты. Алаң құрылысын жеке кәсіпкер Мейрамбек Құлмырзаев жүргізді. Бұл ескерткіш тақтада Октябрь ауылдық округінен елін, жерін, Отанын қорғау жолында қан майданға аттанып, қаза тапқан 196 майдангердің есімі жазылған.
Осылайша, майдангер деген мәртебелі ұғымның мағынасын ашып, бүгінгі бейбіт күннің ұрпақтарына насихаттау мақсатындағы тағылымды шара соңында аудандық орталық мешіттің найб имамы Н.Кеңесханов бабалар рухына құран бағыштап, ауыл азаматтары ас берді.