9 мамыр: Атаулы күндер мен оқиғалар
Kyzylorda-News.kz ақпараттық агенттігі оқырмандар назарына 9 мамыр күні ел тарихында орын алған атаулы күндер мен оқиғалардың күнтізбесін ұсынады.
Жеңіс күні
Жеңіс күні - Қазақстанда 9 мамырда (Батыс Еуропада мамырдың 8. Себебі Капитуляция актіне Орталық Еуропа уақыты бойынша 22:43, мамырдың 8 қолтаңба қойылды, ал Мәскеу уақыты бойынша бұл 0:43, мамырдың 9) атаып өтетін мемлекеттік мереке болып табылады. «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заң нормаларында ұлттық мереке күндері демалыс болып саналады.
1941 - 1945-жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына 35 млн адам, соның ішінде 1,5 млн қазақстандық қатысты. Бұл республика халқының 18 бен 50 жас аралығындағы ересектердің 70 пайызы. Ұрыстардың алғы шебінде Қазақстаннан жіберілген 23 бірлестік, 50 шақты полктар мен батальондар шайқасты. Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанын қия қорғап, Украина мен Беларусьті, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.
Ондаған мың қазақстандық ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды, төрт адам бұл атаққа екі мәрте ие болды, 142 адам Даңқ орденінің толық жинағының иегері атанды.
Майданнан 600 мыңнан астам қазақстандық оралмады.
1945 жылы КСРО Жоғарғы Президиумының Жарлығымен «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс» медалі тағайындалды. Бұл КСРО-да кең таралған медальдардың бірі болды. Соғыстан кейін бұл медальмен шамамен 13,5 млн. сарбаз және офицер марапатталды.
1998 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа Үндістанның «Юнити интернэшнл» қоры «Халықаралық түсіністік үшін» марапатын табыс етті.
1999 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев салтанатты түрде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жаңа кешенін ашты.
2001 жылы Астана қаласында «Отан ана» Отан қорғаушылар монументі ашылды.