9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні
Kyzylorda-news.kz. Бүгін - Ұлы Жеңіске 71 жыл. 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.
Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.
Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты.
Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда - 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты.
Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды.
Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал - Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-1945 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4 700 млн сом болды.
Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Бұл жыл сайынғы аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді.