«Мерейлі отбасылар» анықталды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңінің қорытындысы бойынша марапаттау салтанаты болды.
«Мерейлі отбасы» - ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлтымыздың ұлы қасиеттерін әйгілейтін, адамгершілік, отбасы ішіндегі руханилықты дамытатын аса жоғары деңгейдегі байқауға айналып үлгерді.
Ұлттық конкурстың жыл өткен сайын рөлінің артуы оларға қатысушы отбасылар санының қала деңгейінен байқалады. Биылдың өзінде аталған байқауға 13 отбасы үміткер ретінде құжат тапсырса, олардың ішінен арнайы құрылған комиссияның шешімімен 5 отбасы іріктелді.
Нәтижесінде 3 отбасы жүлделі орынды иемденіп, 2 отбасы номинация иегерлері атанды. І дәрежелі диплом Достыбаевтар отбасына бұйырды. ІІ дәрежелі дипломмен Беркімбаевтар отбасы марапатталса, ІІІ дәрежелі диплом Жаназаровтар отбасына табысталды. Сонымен қатар «Қамқор отбасы» номинациясымен Малбағаровтар отбасы, «Өнегелі отбасы» номинациясымен Айтбаевтар отбасы марапатталды.