Тестілеу орталығындағы шу: Білім министрі отставкаға кете ме?
Kyzylorda-news.kz. БАҚ өкілдері білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиновадан қарамағындағы қызметкерлерінің былығынан кейін отставкаға кетіп-кетпейтінін сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Бізге мұның мемлекеттік сатып алулармен, қонақүй табу мәселелерімен байланысты екені ғана белгілі. Сондықтан тергеу қорытындысын күтіп отырмыз", - деді Шәмшидинова үкімет кулуарында.
Осыдан кейін журналистер министрден "президент қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық жасаған басшылар отставкаға кетуі керек деген болатын, осыған не айтасыз?" деп сұрады.
"Сіздер білесіздер ғой, менің жұмыс істеп жатқаныма үш ай ғана болды. Сондықтан сіздің сұрағыңыз қаншалықты дұрыс?", - деп қысқа қайырды ведомство басшысы.
Шәмшидинова ҰБТ сұрақтары автоматтандырылғанын, адами факторға тәуелді емес екенін атап өтті.
"Биыл ҰБТ-ның қатаң құпия және әділ өтуіне біз де мүдделіміз. Сіздер білесіздер, ҰБТ сұрақтары мемлекеттік құпия санатына жатады. Сондықтан заң бұзғандар жауапқа тартылады", - деді ол.
Ұлттық тестілеу орталығындағы шу
Өткен аптада білім және министрлігіне қарасты ұлттық тестілеу орталығының басшылары парамен ұсталғаны белгілі болды.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлағандай, орталықты 2016 жылы басқарған басшы мемлекеттік сатып алулар кезінде жекеменшік компанияға лобби жасаған. Сол үшін 9 миллион теңгенің "Тойота-Камри" маркалы су жаңа автокөлігін пара ретінде алған. Автокөлік тәркіленді.
Бұған қоса, орталықты 2017 жылдан бері басқарып келген басшының үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Ол 2017-2018 жылдар аралығында делдал арқылы жүйелі негізде аса ірі мөлшерде пара алып отырған.