МҮЛКІҢІЗДІ САТҚАН ЖАҒДАЙДА
Жеке тұлғалардың жылжымайтын мүлік объектілеріне тұрғын үйі, жері, жер үлестері, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері, көлік құралдары және олардың тіркемелері жатады.
Жеке тұлға осындай игіліктерін меншік құқығына тіркелген уақыттан бастап бір жылға толмайтын мерзімде сатып жіберсе - салық міндеттілігі туындайды.
Біздің тәжірибемізде осындай кез-келген мүлкін уақытылы тіркемеуден, және осы айтылған салықтық міндетін білмеуден жиі даулы жағдайлар кездеседі. Яғни, жеке тұлға жерін немесе сол жерге тұрғызған үйін меншік құқығына тіркеуге асықпайды. Сонан соң, меншігіне тіркелгеннен кейін аз уақыт ішінде жерін, үйін немесе басқа да мүлкін сатады да, 10 пайыз мөлшеріндегі салықты төлеу міндетімен кездеседі.
Атап айтқанда, меншік құқығы тіркелген күнге жылжымайтын мүлкінің бағалау құны мен сатып жібергендегі бағалау құнының айырмасынан 10 пайыз мөлшерінде салық төлеуі тиіс болады.
Мұнымен қоса, міндетті түрде, салық органдарына келіп 240.00 үлгідегі салықтық декларациясын тапсыру керек. Яғни осы декларацияда оның мүлкінің сатып алғандағы, сатып жібергендегі құны және төленуге тиісті салық сомасы көрсетіледі.
Егер меншік құқығы туындаған күнге бағалау құны болмаса, сол жылдың мүлік салығын есептейтін бағалау құны есепке алынады.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында мемлекеттік кіріс органдары тарапынан 2017 жылы 742 жеке тұлғаға хабарламалар жіберіліп, бүгінгі күнге 515 жеке тұлға салықтық декларациясын тапсырып, салық міндеттілігін орындап отыр.
Тағы бір ескеретін жайт, мемлекеттік кірістер органдары соңғы 5 жыл көлеміндегі мүліктер қозғалысына камералдық бақылау жасап, салық төлеушіге хабарлама жібереді.
Салықтық декларациясын уақытылы тапсырмаса немесе бюджетке салығын төлемесе автоматты түрде өсімпұл есептеледі.
Сондықтан алдағы уақытта әрбір жеке тұлғаның өзінің жеке мүліктеріне қатысты салықтық міндеттемесін білуін сұраймыз, салықтық декларациясын уақытылы тапсырып салығын өсімпұлсыз төлеуге шақырамыз.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті