ДЕПУТАТТЫҢ ҰЛЫНА ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАНДЫ
Шымкентте жергілікті мәслихат депутатының ұлы, жұмыспен қамту орталығының бұрынғы басшысы Асылжан Жамалбековке іздеу жарияланды, деп хабарлайды https://baq.kz/ ақпарат агенттігі «Время» газетіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Асылжан Жамалбеков 2017 жылдың күзінде 31 жасқа толды. Ал, қыста ол мемлекеттің жұмыссыздарға қолдау ретінде бөлген 430 миллион теңге қаржысын жымқырды деген іске қатысты тергеуден жасырынып қалды.
Жұмыспен қамту орталығында бюджет қаржысы жоғалғаны туралы былтыр жазда белгілі болды. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Арман Есенбаев мемлекеттік органдар мен полиция қызметкерлері кірген ұйымдасқан қылмыстық топ туралы айтып берді.
Асылжан Жамалбеков қарашада жоғалды. Әлеуметтік желіде ол «Өмір сүру үшін ақша табамын деп, жай өмір сүруді ұмытып кетпе!» деген жазба қалдырыпты.
Басылымның хабарлауынша, 31 жастағы шымкенттік қаланың танымал отбасыларының бірінен шыққан. Оның туған ағасы Ержігіт Шәріпбеков Сайрам ауданы әкімінің орынбасары. Ал, Нұржан Жамалбеков есімді тағы бір бауыры бұған дейін ОҚО прокуратура және құқыққорғау органдарында қызмет еткен, бірақ кейін аттестациядан өте алмай қалады. Ағайындылардың әкесі Шәріпбек Жамалбек – облыстық мәслихат депутаты.