Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қазақ сатирасының құлагері

Қазақ сатирасының құлагері

Ілияс Жансүгіровтің қазақ поэзиясында Абайдан кейін орын алатын кең тынысты, терең тұжырымды, өлеңдері философиялық иірімдерге толы ақын болғанын замандастары мойындап кетті. Шын мәнінде ол қазақ әдебиетінің іргетасын өз заманының алыптарымен бірге қойысып, қабырғасын қаласқан Құлагердей арынды ақын. Әр дәуірдің өз ерекшеліктері, қиындығы мен қызықшылығы болады. Ол өмір сүрген кезең Кеңес үкіметінің жаңадан орнап, революция жеңістерін одан әрі нығайтамыз деп жанығып жатқан жанталасты, қарбаласты шақ еді. Өзі қолымен құрысқан қылбұраулы қолайсыз қоғам ертең өзінің мойнына жылан болып оралатынын арда азамат білді ғой деймісіз.
1920 жылдың көктемінде Ілияс Арқарлы асуынан асып, Верный қаласына салт атпен келе жатты. Ондағы ойы білім алып, ел қатарына қосылу, әке аманатын орындау, бастысы «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, Күн болу» еді. Ақсудан арман арқалап шыққан жас Верныйдағы мұғалімдер даярлайтын үш айлық курсқа оқуға қабылданғанымен, мұндағы партаға небәрі 15 күн ғана отырды. Ауыз әдебиетін жинайтын экспедиция құрамына алынып, Жетісу өңірін аралайды. Осылай жүріп, ол Ташкенттегі оқытушылар даярлайтын қысқа мерзімді курсқа тап болған. Ілияс осында оқи жүріп, «Ақ жол» газетінде корректор болып жұмыс істейді. «Жас Алаш» газетінің алғашқы санын шығарысуға көмектеседі. Демек, болашақ ақынның журналистік қызметін осы уақыттан бастап есептеу керек. Курсты бітірген соң, Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылына келіп, бала оқыта бастайды. Осында жүріп кедейлердің «Қосшы» ұйымына мүше болып кіреді. Сол кездің жастары өнер атаулыға өлердей ғашық болған да шығар-ау, шеттерінен жанып тұр еді. Ілияс та қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын. Сөйтіп жүріп ол «Жебір болыс» деген пьеса жазады. Спектакльде басты рөлді Ілекеңнің өзі сомдаған.
Бұдан әрі Ілияс Жансүгіровтің жемісті жолы жалғасты. 1923-1925 жылдары ол Алматы қаласындағы Қазақ-қырғыз ағарту институтына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін оқытушы болып орналасып, артынша институт директорлығына жоғарылатылады. Сөйте жүріп «Тілші» газетінде қызмет істейді. Редакцияда қызмет жасайтын тілшілердің көпшілігі сатира сарынында қалам тербейтін. Бұл кезде екі тап өкілдері біріне-бірі өлердей өш болатын. Бай-болыс, би-бағлан қанаушы тап ретінде жаңа үкімет тілшілерінің тотияйын тілінде ту-талапайы шыға «таланатын». Газеттің сол тұстағы бірден-бір жауынгер жанры фельетон еді. Бірімен-бірі жарыса жазатын жас журналистер жайылма сөзге келгенде ешкімге есе жіберген жоқ. Міне, осы тұста Ілияс сықақшылар арасынан суырылып, Құлагердей дара шықты. Тіпті оны қазақ әдебиеті мен баспасөзіндегі фельетонның негізін салушы десек, қателеспейміз. Әрине, саңлақ ақынның, майталман жыршының, парасатты прозаиктің, дара драматургтің басқа шығармаларын бөлек-бөлек қарастыру керек. Бұл жолғы мақсат – оның сатира саласына салған ұпайын түгелдемек болғандықтан да, қарымды қаламгердің осы қырына барынша тоқталмақпыз. Ащы күлкі, әзіл-оспақ, жеңіл юмор – Ілияс шығармаларының шоғыры бөлек бір қыры, сүбелі жатқан жотасы. Бұған «Қазақ әдебиеті» газетінің 1934 жылғы 23 маусымында жарияланған сын мақалада «Ілиястағы үлкен жаңалық – фельетон жазу. Бұл жөнінен Ілияс көп еңбек сіңірді. Алаш жазушылары бұл жанрды өркендетіп өсіре алған жоқ. «Көрім» деген Міржақып «Оқшаудан» әрі бара алмады. «Оқшауды» нағыз фельетон деп атауға болмайды. Нағыз фельетонды жазған Ілияс, Бейімбет. Бұл даусыз» делінуі тегін емес.
Сонымен, І.Жансүгіров өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында баспасөзге келді дедік. Ендеше, ол сол тұстағы елімізде жүргізілген саяси, шаруашылық және ағартушылық науқандарға қызу да белсене араласты. Араласа жүріп, сын садағын шірене тартты. Өйткені былыққан өмірде тарыққан жандар көп болатын. Жаңа дәуір, жаңа заман тынысын айқын аңғара алмаған адамдар арасында соқтықпалы соқпақтарға түсіп кетіп, адасып жүргендер аз емес-ті. Кеңес үкіметінің саясаты мен партия нұсқаған жолды нақақтан-нақақ бұрмалаушылар жеткілікті еді. Солардың солақай саясаты мен кертартпа мінездерін мінеу, тура жолды көрсету үшін Бейімбет пен Ілиястың сатираның сары жалына қол артып, қатал сыншы болмасына дәті бар ма?
Жоғарыда біз «Тілші» газетінде қызмет істеп жүргенде әріптестерінің барлығы тотияйын тілділер еді дедік. Ол рас. Бірақ олар жарыса жазғанымен, біріне-бірі ұқсаған жоқ. Еліктеп, солықтамады да. Қазіргідей қасаң тілмен жазатын тілшілер ол кезде кездескен жоқ. Қазақтың, әсіресе, әзіл-қалжыңға келгенде тілі ұзын. Осы ұзын тіл солардың барлығында бар-ды. Сонда да Ілияс ақын Абай атасының шы-ғармашылығына, оның ішінде сатиралық мұраларына кеңірек көңіл бөлген сыңайлы. Айталық, ақынның «Көңілдің жүгірісі» атты өлеңі былайша өріледі:
Я, жақтамай, я боқтамай,
Бәрін дос деп бекер жүр.
Жақын көріп ақталмай,
Алаңдаумен шекті өмір.
Кейде жалын, кейде шоқ,
Кейде ынжық, кейде жоқ,
Кейде жаяу, кейде атты,
Кейде мылтық, кейде оқ, –
деген жолдар Абай салған сүрлеудің соқпақтарын өзіндік нақыштармен қай-талайды. Осы тұста Абайдың «Дүтбайға» деген өлеңі еске түседі. Иә, Абай заманында да елдің сиқын кетіріп, ауыл-аймаққа жайсыздық тудырып жүрген жалбақайлар мен қалбақайлар толып жүрді. Езуінде насыбайы, аузында боқтығы, эстетикалық талғамнан ада-күде жұрдай арсын-күрсін адамдардың образын жасауға келгенде Абайдан кейін Ілиястың өткір сынынан артық сын табу қиын.
Жалпы Ілиястың туындыларында Абай салған соқпақ алдыңыздан жиі шығып отырады. Ол Абайдан көп үйренген ақын. Мәселен, оның «Қорқамын» атты өлеңі Абайдың «Болыс болдым, мінеки» деген сатиралық өлеңінің ізімен жазылғаны анық байқалады. Өлеңде Ілияс та Абайша кейіпкеріне сөз беріп, оның өз қылығын, кемшілігін өзіне әшкерелетеді. Тіпті Абай сөздерін көп ретте сол қалпында, бірақ басқа тіркесте қайталайды. Міне, қараңыз:
Курстан оқып күйбеңдеп,
Мұғалім болдым мығымдап.
Төрт амалдан түртектеп,
Тіл құралдан тығындап.
Абай үлгісі, Абай мақамы өлеңде көрініп тұр. Бұдан Ілиястың ұлы ақыннан үйренгенін анық көруге болады. Екі ақынның кейіпкерінің сөздері де бір, тағдыры да бір, мансапқа жету жолындағы қитұрқылықтары да бір. Ілиястың «Шенқұмарға» деген өлеңінде де Абай әсері сезіледі. Мұнда Ілияс әкімдікке әуес, атаққұмар, мансапқорды өлтіре сынайды. Ілиястың Абаймен тақырыптас, мазмұндас келіп жатуын оның ұлы ақын шығармасына барынша зейін қойғанын, үйрену жолындағы ізденістерін аңғарамыз.
Кеспірлі келбет, бедірейген бет, кісәпір кесірлік, тоғыз торқалы тоғышарлық, қасқыр қомағайлық, арам ашкөзділік, іріңді іштарлық, тізе берсек таусылмайды, қазақтың бір басында осының барлығы да болды. Осыған күйінген қаламгер қанжар қаламын жүрек қанына малып, бойымыздағы індетті оташыдай сылып тастауға ұмтылмағанда не істемек?
Жазушының «Жолдастар» атты романында мынадай мысқылды жолдар бар. «Қымызға келгенде түбі жоқ кісі – ноғай Ықсан молда. Алдына келген аяқты жерге қоймайды. «Алқамдымлла» деп бір кекіріп алады да, басына бір-ақ төңкереді… Өзі үлкен үйелмендей кісі. Майдан көзі бітіп, мұрыны үшкірленіп қалған. Мойыны мен жауырыны тұтасып, басы итбастанып қалыпты. Омырауы есіктей болып, қарны дастарқанға сүйретіліп отыр. Бұған берген қымыз тек бір сабадан бір сабаға қотарылған сияқты. Өзі бұрыннан құрсақты молда, іші кеңіген сайын айы жақындаған әйелдей айналып отыра алмай тек сүйретіліп отыр. Ыңқ-ыңқ етеді. Сөйлесе қоздайтын қойдай мекіренеді». Осы сөйлемдерді оқып отырып, күлкіден шашалып қала жаздайсыз. Қымыздың бір сабадан екінші сабаға қотарылғанындай ашқарақ өңешке ақтарыла салғаны қандай! Майдан көзі бітеліп, ыңқ-ыңқ еткен молданың тойымсыз түрін көргендей жиренесіз. Дастарқанға дейін сүйретіліп жатқан абажа қарын құсқыңызды келтіреді. Осы жанды суреттер қабағыңызды қабан көргендей жиырады. Жиіркендіреді.
Енді осы романның «Сарыала қаз пәтуасы» деген бөліміндегі Шалматай, Есентай образдарын еске алып көріңіз. Сатиралық әдіспен сүмірейте суреттелген олардың бетперделерінен де шыбын шошып оянғандай. «Тығыз сары Есентай қажының иектен бұғағы асып, шүйдесі шодырайып, майдан екі көзі айналып кеткен. Бұл қожаның қымызды жұтқан сайын беті берен шымылдықтың тозығы сияқтанады» деуінде қомағайлықтың, тамақсаулықтың шектен тыс қоқысы көрініп тұрған жоқ па?
Ілияс Жансүгіровтің 1935 жылы «Құқ» деген атпен фельетондары мен сықақ әңгімелері баспадан шықты. Осы кітапты «Қайнар» баспасы 1995 жылы қайта -басып шығарды. Жинақ «Қуыршақ» деген фельетонмен ашылған. Автор өз -заманында қыздардың болмашы қаржыға сатылып кететінін шынайы суреттейді. Ал теңгесі түгел төленбесе қыз ағасы қарындасын кері шақырып ала қояды. «Бізде әлі мұндай қуыршақтар бар. Әйелді әлі қуыршаққа айналдырып жүрген ескі әдеттің құлы қулар, атқамінерлер бар. Біз бұл қуыршақты, бүгінгі күн сықылды, жер жүзі еңбекші әйелдерінің азаттыққа қажырмен, қайратпен шығатын күні әдейі көрсетіп отырмыз. Әйелді қуыршақ етуші қулар құрысын!» деп аяқталады фельетон. Дәл қазіргі «қой үстіне бозторғай ұялаған» ас та төк заманда әйелдерді қуыршақ етіп жүргендер аз ба? Мұндай қулар кейінгі кезде жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетті емес пе? Қыз базарындағы делдалдардың азғындығы жан ауыртады. Демек, қаракөздерімізді қуыршақ ететін аурудан әлі арылмаған екенбіз. Ендеше, Ілияс атамыздың идеясы мен айтпағы әлі де өткір күйінде тұр.
«Жайлаубектің жауыры – аурудың ауруы» атты сықақ әңгімені оқи отырып, Оспанхан Әубәкіровтың «Ақырзаманның адамы» атты әңгімесі еске түседі. Әрине, Ілияс бұл әңгімені 1933 жылы жазды. Осы әңгімеде жалқау Жайлаубек жұмыстан бірер күн болса да жылыстау үшін фельдшерден анықтама сұрай келіп, небір құқайды көреді. Әрине, алып бара жатқан ауруы болмаған соң, оны дәрігер сандалтпағанда не істейді? Екі леген тамақ жеп, он бес-жиырма кесе сорпа ішетін Оспанхан ағаның кейіпкері де Жайлаубекпен жақын жекжат. Мұндағы уақыт алшақтығы болмаса, жатыпішер жалқаулықтың соңы сор екенін екі сықақшы да дөп басып айта алған. Бұл жердегі айтпағымыз, тоқайласқан тақырыптың терең ашылуы, әңгіме сорабының үндестігі. Жоғарыда біз Ілиястың Абай ақыннан көп үйренгенін айттық. Бәлкім, кейінірек, Оспанхан да Ілиясты терең таныған болар. Бұл сөзімізге Оспанханның шығармаларындағы кейбір кейіпкерлер, олардың іс-әрекеттері Ілияс әңгімелерінде де кездесетіні мысал бола алады. «Құқ» жинағындағы «Жалаңаш жиналыс», «Сұрпақбай сұғанақ», «Басқа пәле тілден» деген сатиралық шығармаларда кездесетін сұғанақтық, жиналысқұмарлық, екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоя алмайтын бәдікауыздығымыз, көкмылжыңдық Оспанхан ағамызда да молынан кездеседі.
Ілияс фельетондарына «Матай», «Балгер», «Жа-жа», «Ағын», «Салпаңқұлақ», -«Таңқыбай», «Құйқалық», «Сақа», «Солжық» деген бүркеншік аттарын қойып отырды. Оның шығармалары «Оқшау сөз», «Шашауша», «Әзіл-сықақ» айдарларымен баспасөзде жиі жарияланып тұрды. Жасыратыны жоқ, кеңестік үкімет тұсында қожа-молдаларды, үстем тап өкілдерін, бай-бектерді, би-болыстарды аяусыз әшкерелеу бірінші кезекке қойылды. Еңбекші халық арасына олардың сарқынды сасық пейілдері мен сұрқиялық іс-әрекеттерін ашып отыру -талап етілгені белгілі. Біз осы тұста Ілиястың қаншалықты діндар адам екенін тап басып айта алмаймыз. Бірақ қожа-молданың да түбінде теріс адам болып шықпайтынын ішкі түйсікпен ұғынған Ілияс бүркеншік аттарына көбірек жүгінген тәрізді.
Белгілі ғалым, сатира саласының қыр-сырын терең зерттеген Темірбек Қожекеев ағамыз Ілияс Жансүгіровтің фельетонистік қызметін екі кезеңге бөліп қарастырады. Ғалымның жазып қалдырған дерегінше, 1925-1928 жылдар аралығында Ілияс Мәскеуде оқуда болғандықтан, бұл кезеңде фельетон жазбаған. Ол «Тілші» газетінде қызмет етіп жүрген жылдары облыстың ғана фельетонисі болса, «Еңбекші қазаққа» келгеннен кейін республиканың фельетонисі ретінде танылған. «Үшіншіден, оның 1925 жылға дейінгі фельетондары мен 1928 жылдан кейінгі фельетондары тақырыбы жағынан да, көркемдік дәрежесі жағынан да бір-біріне мүлде ұқсамайды» дейді ғалым. Демек, сатира саласының жүйрігі жыл сайын құлашын жаза түсіп, жаңа биіктерге көтеріліп отырған. Осы ретте Ілиястың фельетонның ертегі, пьеса, қаулы, шолу түрлерін жасағанын айтып кетуіміз керек. Айталық, «Басқа пәле тілден» атты фельетоны пьеса түрінде жазылған. Онда қойылымға қатысатын адамдар бар, бірнеше көрініс берілген. Ал «Тентектің ертегісі» атынан да көрініп тұрғандай, ертегі түрінде жазылған фельетон. Ілияс сықақты өлең түрінде де жазған. «Бейсенбек болыс» оның өлең түрінде жазған алғашқы сықақтарының бірі. Осы жерде тағы бір айта кетер жайт, қаламгердің бірқатар шығармалары аумалы-төкпелі заманда қолды болған. Солардың бірі – «Құмқала» романы. Бұл шығармада автор Голощекиннің қазақ жерінде «кіші қазан төңкерісін» жасаймын деп, халықты аштыққа ұшыратқан сорақы саясатын әшкерелейді. Әттең, қолымызға түспей тұр, қандықол жендеттің образын дәлме-дәл суреттеуде қаншама тың теңеулер, сатиралық соны суреттер табылар еді, бастысы замана шындығы шынайы ашылар еді.
Бір мақалада Ілияс Жансүгіров сатирасының барлық қыр-сырын ашып көрсету мүмкін емес. Десек те, оның қазақ әдебиетіндегі фельетон жанрының саңлақ суретшісі екенін баса айтқымыз келеді. Фельетон жанрының тым жақсы үлгілерін мұра етіп қалдырған оның бұл саладағы Құлагерлік Айтаңбасы айқындалып тұр.
Түймедей түйін
Жастайынан өлең еміп өскен арқалы ақынның қысқа ғұмыры қайғы-мұңға толы болды. Ол анасынан төрт жасында айырылды. Әкесі Жансүгір ашаршылық жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы Киров каналын қазуға келіп, осы жақтан қайтпай қалды. Жан-тәнімен сүйген жары Аманшамен бір шаңырақ астында жеті-ақ жыл өмір сүрді. Аманша Ілияс Мәскеуге коммунистік журналистика институтына оқуға кеткенде бала үстінде қайтыс болады. Алғашқы қосағы Жәмиламен (Жәміш) әке-шешелерінің келісе алмаулары салдарынан ажырасады. Сезім сергелдеңінде жүрген ақжарма ақынға осының барлығы оңай болмаса керек. Қайғыдан кан жұтып жүргенде, яғни 1937 жылдың көктемінде басына «Жансүгіров Кировтың өліміне арнап жазған өлеңінде саяси қате жіберді. Ол қатенің өзі де анау-мынау қате емес, үлкен қате. Артынан түзетудің орнына «жауырды жаба тоқып» жүре берді» деген қаратүнектей қатер төнді («Лениншіл жас». 12.04.1937 жыл). Арада көп уақыт өтпей «Жансүгіровтің редакциясымен 1935 жылы Сүйінбайдың ұлтшылдық кітабы шықты. Ол кітаптың ішінде қазақты қырғызға өшіктіріп айдап салды» деген суық сөз «Қазақ әдебиеті» газетінің 1937 жылғы 26 сәуіріндегі санында ақын жүрегіне және қанжар салғаны сөзсіз. Арада тағы ай өтпей «Бұрынырақ кезде Ілияс Жансүгіров екі баласы мен әйелін қоя берді. Жіберіп қана қоймай, балаларына тиісті ақшасын төлеп тұру міндетім деп білмеді» деп («Қазақ әдебиеті». 1937 жыл. 23 мамыр) және қандауырды ала ұмтылған қатарластары басына қара бұлт үйірді. Тамыз айының 13-інен 14-іне қараған түні қазақ поэзиясының құлагері тұтқындалып, 1938 жылдың 26 ақпаны күні атылды. 1880 жылдардың ортасында Керей Сағынайдың асы берілгені белгілі. Осы аста аламан бәйге өтіп, Ақанның Құлагері кісі қолынан мерт болды. Қазақ поззиясының құлагері Ілияс осылай өзі толғана жырлаған тұлпардың жолын құшып еді…

31 тамыз 2019 ж. 567 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области