Сыр өңірінің жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды
Kyzylorda-news.kz. Облыс орталығында «Сыр елінің әдеби жәдігерлері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынды.
Көрмеге Қорқыт ата кітабы, Сыр өңіріндегі көне тарихи жәдігерлер, ескерткіштер, тарихи қорымдар туралы әдебиеттер қойылды. Сыр өңірінің әдеби ортасын құруға үлес қосқан ақын-жазушылардың шығармалары, фотосуреттер, қолжазбалар көрме төрінен орын алды. Көрмеге 100-ден астам әдебиет пен журналдар қойылып, оқырмандарға библиографиялық шолу жасалды.
«Көрменің мақсаты - Сыр өңірі тарихы мен мәдениетін, қазыналы сан ғасырлық жәдігерлері мен мұраларын оқырман қауымға таныстыру. Біздің аймақта сыры жұмбақ қорғандар, төбе, обалар көп. Кез келген жаңалық өткеннің өзегінде дамып, келешек ұрпаққа жалғасын табады. Ғасырлар сынынан өткен төлтума дүниелер, көненің көзіне айналған жәдігерлер киелі өлкеміздің мәдениет пен руханияттары кітаптар арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр», - дейді кітапхана мамандары.