Сыр жастары облыстық рухани форумда бас қосты (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Жастар жылына» орай ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, «Жастар ісі» секторы «Жеті рухани қазық – жастар ұстанымы» атты Сыр жастарының облыстық форумын ұйымдастырды.
Форумға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық мешіттің Бас имамы Болатбек Абуов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов қатысты.
«Форумның мақсаты - тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы жолында әр саланың білікті мамандарының тәжірибелері арқылы жас қазақстандықтарды имандылыққа, парасаттылыққа, ауызбірлікке, белсенділікке үндеу. Рухани құндылықтарымызды бойға сіңіріп, сапалы ұлт қалыптастыру кезеңінде үлес қосуға насихаттау», – дейді ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкілі Болатбек Абуов.
Форум барысында аймақтағы жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров алғыс хатпен марапаттады.