Қызылордада жас ақындар мүшайрасы өтті
Kyzylorda-news.kz. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Ақмешітін жырласын ақындарың» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен болған жыр додасында 8 ақын бақ сынады. Іріктеу кезеңінде 20-дан аса ақыннан шығарма түскенмен мүшәйраның талабына сәйкес келетін 8 ақын таңдалып, қорытынды кешке жолдама алды.
Қатысушылар екі кезең бойынша сайысқа түсті. Алғашқы кезеңде туған жерге арналған жалынды жырлар оқылса, екінші айналымда ақындар еркін тақырыптағы туындысын ел назарына ұсынды. Әрбір жас ақын өзін жаңа қырынан көрсетуге, жарыс талабының үдесінен шығуға талпынды.
Поэзия кешіне «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы, ақын Толқын Қабылша және көптеген республикалық мүшәйралардың жеңімпазы Ұлықбек Бекұзақұлы қазылық етіп, лайықты бағасын берді. Мүшәйра қортындысы бойынша І орынды Айдар Сайлауов иеленді. ІІ орынды Ақтілек Бітімбай алды. Ал ІІІ орынға Бексұлтан Орынбасаров табан тіреді. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлығы табысталды. Сөз соңында қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Қаюпов осы жыр аламанындағы барлық өлең жинақталып, кітап болып шығатынын сүйіншіледі.