ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ГҮЛБАНУ ӘЗІМХАНОВА «ӘЛЕМ АРУЫ-2017» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСАДЫ
«Қазақстан аруы-2016» атанған қызылордалық Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы-2017» байқауына қатысу үшін Қытайға барды. Бұл туралы «Қазақстан аруы» байқауының Инстаграмдағы ресми аккаунтында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің сұлуымыз, «Қазақстан аруы-2016» Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы» байқауына қатысу үшін бүгін Қытайға ұшып барды. Финал 18 қараша күні Санья қаласында өтеді. Қызу дайындық жұмыстары жүруде», - делінген жазбада. Гүлбанудың өзі де Қытайдың Гуанчжоу қаласына ұшып келгенін хабарлады. «Бүгін менің #missworld байқауындағы алғашқы күнім. Таңғы ас ішуге бара жатырмын. Айтпақшы, мұндағы ауа райы жып-жылы, бұл маған сөзсіз ұнайды», - деп жазды Әзімханова.
Биылғы «Әлем аруы» байқауы осымен 67-ші рет өткізіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы байқау әлеуметтік желілер мен интерактивтілікке басымдық беретін жаңа форматта өтпек. Ол Head-to-Head Challenge деп аталады және оған 40 үздік қатысушының 20-сы іріктеп алынады. 18 жастағы Гүлбану Әзімханова өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақстан аруы-2016» атанған еді. Тікелей эфирде көрермендер дауысының нәтижесінде жеңіске жеткен Гүлбану Қазақстанның ең сұлу аруы атанып, бес миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды.
Сондай-ақ «Әлем аруы-2017» халықаралық байқауында Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Кейінірек «Қазақстан аруы-2016» жеңімпазының ресми фотосессиясы жарияланды.