Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ БҰЛАҒЫ

ЖАУҺАР ЖЫРДЫҢ БҰЛАҒЫ


Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» – деген болатын. Осы орайда, ата-бабамыздан жеткен рухани құндылықтарымызды, оның ішінде жыраулық дәстүрді насихаттау ісін қолға алғанымыз жөн. Елбасының бағдарламалық мақаласының талабы да осы.
Сыр бойына сапар шеккен жанның құлағына алдымен Қорқыт ата қобызының үні келеді. Көз алдына мәңгілік өмір іздеген данышпан Қорқыт бабамыздың бейнесі, халықтың бай мұрасын түрлі мақаммен тыңдаушының жүрегіне жеткізе жырлағанда қыза-қыза ақ ордалы еңселі үйді иығымен көтеріп кете жаздаған жампоз жыраулар елестейді. Шалықып ағып жатқан Сырдарияның толқындары мен ғасырлар куәгерлері - Қызылқұм мен Қарақұмның әр төбесі ән салып тұрғандай болады. Себебі, бойды билеген ой, қалыпты сана осылай: Сыр мен жыр егіз ұғымдар сияқты.
«Сыр елі – жыр елі» дейтін қанатты сөздің шығуына негіз болған Қармақшы ауданы ежелден өлең мен жырдың астанасы. Осы ауданның қазіргі Алдашбай ахун ауылы аумағынан Балқы Базар, Шегебай Бектасұлы мен Омар Шораяқұлы, Қожабай ахун, оның інісі Алдашбай ахун, сонымен қатар жауынгер-ақын Әбзәли Егізбаев, майдангер Қасқыр Нәметша, Тілеген Әбдікешов және басқа да орақ тілді, от ауызды ақын-жыраулар мен діни ғұламалар, өңір әлеуетін арттыруға орасан үлес қосқан тұлғалы азаматтар шықты.
Міне, сондай сөз зергерлері мен шайырлардың ізін жалғастырушылардың бірі – ақын, жырау әрі диқан Шәймерден Шегебаев (1908-1997).
Бала жасынан өзінің өнегелі өмір жолымен ел-жұртына сыйлы болған әкесі Шегебайдың ықпалымен талай ғұламалар діни сауатын жетілдірген Көкілташ медресесінің шәкірті, ауыл молдасы Алдашбай ахуннан діни дәріс алған Шәймерден он төрт жасында араб тілін жетік меңгеріп шығады. Араб тілінде жазылған кітаптарды еркін оқып, өзге балаларға сол тілді үйренуіне атсалысады. Он бес жасында ол ауыл балаларына діни сауат ашуда мұғалімдік қызмет атқарады. Жас дарын иесінің талантына бата берген ағасы шайыр Омар Шораяқұлы інісіне арнап:
Айырға тақса жараспас,
Келелі нардың қоңырауы.
Алатын құстың белгісі –
Шүйлігіп қанат қомдауы.
Жыр апшысын қуырар,
Терлесе жүйрік қолдауы.
Жауатын бұлт белгісі –
Түнеріп тұтас торлауы.
Сыпаның құртар сілесін,
Көп мазаның дайлауы.
Ашу мен ақыл екі жол,
Өткен судың қарқыны,
Машқұрт жолдас болмауы.
Намараттың дүние тумасы –
Шын сахидың, інім, түрлі гәп
Ағаңның осы толғауы, – деп інісін желмен жарысқан аң мен аспанда билік құрған құс патшасы бүркіттің қасиетіне теңеп, өсиет қалдырған.
Осылайша, жасынан қазақ шайырларының өлең-жырымен сусындап өскен Шәймерден Шегебайұлы Балқы Базар мен Шегебай Бектасұлы, Ешнияз сал, Омар және Тұрмағамбеттей дауылпаз ақын-жыраулардың өлең-жырын жаттап, халыққа насихаттайды. Өзі де өлең-жыр, қисса мен дастан жазады. Шығыс әдебиетінің классиктері Фердоуси мен Низами, Сағди және Науайидың шығармаларымен танысып, оқыған кітаптарын қазақшаға аударып, шығыс халқының өмірін ел-жұртпен жақындастырды.
Дархан қазақ еліне Кеңес үкіметі кеңінен қанатын жайып, елдегі шаруалар жаңаша өмір сүруге бет бұрған жылдары жас та болса ел-жұрттың қадірлісі атанған ол белсенді түрде ауылдастарын қоғамдық жұмысқа тартуға атсалысады.
Шәймерден Шегебайұлы «Қызыл әскер» ауылының төрағасы қызметін атқарған жылдары халықты ұжымдасып еңбек етуге, нақтырақ айтқанда егін егуге, төрт түлік ұстауға үндейді.
Сонымен қатар өзі де 1931 жылы Орал қаласындағы бір жылдық агрономдық курста білімін жетілдіріп, елге оралған соң ел-жұртты егін егуге жұмылдырады. Ал, 1934-1940 жылдар аралығында Қаракеткен ауылындағы МТС-та агроном, содан кейін өзі туып-өскен «Қызыл әскер» ауылына қайта оралып, ұжымшар төрағасы қызметін абыроймен атқарды.
1941 жыл ел басына күн туған жыл болғанын аға буын өкілі жақсы біледі. Қару-жарақ ұстай алады деген әрбір азамат майданға аттанды. Солардың қатарында Шәймерден Шегебаев та болды. Бірақ, ол туған елін жаудан қорғаудағы кезекті ұрыста ауыр жараланып, ұзақ уақыт әскери госпитальда ем алып шыққан соң, соғысқа жарамсыздар қатарына қосылып, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралады.
Майданнан оралған білікті маманның жарақаты жазылмай-ақ, ел-жұртқа бас-көз болып, тылдағы жұмысқа басшылық етеді. Ол Ақжар ауылындағы МТС пен қазіргі Тұрмағамбет ауылында агроном, кейіннен «Карл-Маркс» ұжымшарынның төрағасы болып еңбек етіп, өзі басшылық еткен ауылдар әлеуетінің артуына аянбай еңбек сіңіреді. Ел алдындағы елеулі еңбегімен ауылдастарының алғысына кенеліп, құрмет төрінен орын алады.
«Дала дарабозы» атанған диқан Шәймерден Шегебайұлы 1958 жылдан бастап күріш екті. Мәртебелі мамандық иесі атанған ол агросалада құрметті зейнеткерлік демалысқа шықққанға дейінеңбек етті. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевпен достасып, Еңбек Ерлері Цай Ден Хак және Пак Чен Ирмен қоян-қолтық еңбек етті. Қармақшы ауданында күріш дақылын өндіруде ерен еңбек үлгісін көрсетіп, өңіріміздің аймақта көш басына шығуына үлес қосты.
Елеулі еңбегі үшін де ҚазССР Жоғарғы Комитетінің құрмет Грамотасымен, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінің алтын, күміс және қола медалімен марапатталады. КСРО-ның жоғарғы наградасы «Ленин» және «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері атанып, есімі ҚазССР-ның алтын кітабына жазылды. Сонымен қатар, өткен ғасыр соңында Қармақшы ауданының «Ғасырдың ұстаз диқаны» атағына ие болады.
Одан тәлім алған шәкірттер кейіннен күріш өсірудің хас шебері атанды. Бүгінде Сыр күрішінің анасы атанған Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова Шәймерден Шегебаевты ұстазым деп таныса, №1 жақаевшы Әбен Тоғызбаев, Байдан Тұрғанов, Әбілқайыр Тоғызбаев және басқа да күріш өндірудің майталмандары Шәймердендей даңқты күрішшінің шапағатына бөленгендер.
Ақын, жырау, диқан деген атақты қатар алып өмірден өз орнын тапқан ерекше талант иесі Ш.Шегебаев өзінің жүрек түкпірінен шыққан жауһар жырларымен тыңдарманның қошеметіне бөленді.
Ақын түрлі тақырыпта, оның ішінде махаббат, туған жер мен табиғатқа арнап қалам тербеді. Оның сырлы да сазды «Сұлу қызға», «Бір сұлу қызға», «Назгүл» атты өлеңдері мен басқа да арнау, қисса және Шығыс халқының өмірін сурттетеген «Патша Омар» атты дастанын халық сүйіп тыңдайтын болды.
Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында майданда от пен оқтың ортасыда жүрген кезінде елдегі ағайын-туысқа жазған әрбір хаты өлеңмен жазылған. Әсіресе, анасына арнаған өлең-хаттарында өмір мен өлім арпалысы, туған жер мен туған-туысқанға, әсіресе анаға деген сағынышын, келешекке деген сенімін өлеңмен өрнектеген.
Шәймерден Шегебаев отызыншы және қырқыншы жылдардың аяғында елімізде сталиндік солақай саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге де ұшырайды. Соғысқа дейін ел басқарған жылдарда оның халық үшін жасаған игі ісіне қызғанышпен қараған кейбір белсенділер түрлі надандық іс ұйымдастырып, оның басшылық қызметте жұмыс істеуіне кедергі жасайды. Ал, соғыстан жаралы болып оралғанымен баяғы шолақ белсенділердің аяқ шалуына қайта ілігіп, ел-жұртының болашағы үшін еңбек етуіне жолын бөгейді.
1946 жылы ауыл тұрғындары арасында алауыздық туғызды деген желеумен аудан орталығындағы сот судьясының шешімімен түрмеге қамалып, 9 жылға жуық қараңғы қапаста өмірін өткізеді. Бұл кез оның ақыл-ойы мен өмір тәжірибесінің толысқан кезі болатын. Ақын түрмеде жатып:
...Ауыр жүктің астында,
Болып ед талай нар шығын.
Сабыр түбі – сары алтын,
Қайғының бұлты арылсын,
Қасымнан кейін қалшы мұң, – деп түрмеде өзінің тағдырластарын сабырлылыққа, шыдамдылыққа шақырған арнау өлеңін жазады.
Түрме кімнің де болмасын өміріне өзгеріс енгізері хақ. Шәймерден Шегебайұлы көптеген өлең-толғауын түрмеде отырған жылдары жазды. Ақынның абықтыда жазған өлең-жырының көпшілігі ұрпақты парасаттылыққа, өзара сүйіспеншілікке, адамгершілік пен ұстамдылыққа, еңбек етуге, бір-бірін құрметтеуге арнаған. Оның өз ұрпақтарына арнаған «Балаларыма өсиет» атты өлеңінде:
–Бейнеттің кешіп балшығын,
Кемімеймін кеңимін.
Қайратсыздыққа қарсымын,
Кең шарбақтай кеудемнен,
Болмай жүрсе жан шығын, – деп ұрпақтарын адалдыққа, алға ұмтылуға үндесе, «Ескерткіш», «Үбісұлтан», «Жолдастардан айырыларда», «Дәулетбай қайтыс болғанда» және басқа да деген толғауында ақын зорлық пен зомбылық үстемдік етіп тұрған заманға деген ренішін суреттейді. Тіпті, сөз қайырымымен сол кездегі Сыр шайырларының дәстүрін аса шеберлікпен жалғастырушы ретінде танылады.
Шәймерден Шегебайұлы халқына, айтыс жанашыры ретінде танылған тұлға. Ол Мұзарап Жүсіпов және басқа да ақын-жыраумен сөз қағыстырған айтыскер.
Шәймерден ақын 1969 жылы Қызылорда қаласында өткен облыс ақындары айтысына арнау айтып, сайысқа түсушілерді елдегі болып жатқан жаңалықтар мен келеңсіз жайттарды ашық та анық айтуға шақырады. Көркемдігімен ерекшеленген арнауға қазақ поэзиясының ақтаңгері Әбілда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов және басқа да ақын-жазушылар жоғары баға берген.
Қазақ ақындары өзге ел ақындарынан ерекшелігі суырыпсалмалығында. Міне, осындай қасиет Шәймерден Шегебайұлында да бар еді.
Бірде Шәймерден ақын жақын інісі Укән Смайылұлын ертіп көршілес ауылға барып,ауылға қайтып келе жатады. Екеуі де үнсіз. Біраз жол жүрген соң үнсіздікті Укән бұзады.
–Шәке, Бір шумақ өлең болса келе атқанда? – деп сөз ұйқасын жалғастыр дегендей ағасына қарайды.
Сонда інісінің нені меңзеп тұрғанын білген Шәймерден ақын тез арада:
–Жарысып озбақ болдың кері аттан да,
Қызығын жануардың көрер едің,
Бусанып тебінгіден тер аққанда, – деп сол арада тапқырлық танытып, өлеңді жалғастырып жіберген екен.
–Иә, «Бәзбіреуге мүмкін сірә ірісің,
Біреудің сен мүмкін тіпті пірісің.
Бірақ, бірақ жер Ананың киелі,
Алдында сен көп перзенттің бірісің, – дегендей, қаламы ұшқыр ақын, дүлдүл жырау, даңғайыр диқан, бар саналы өмірін туған халқының келешегіне арнап , алғыспен көгерген атпал азамат Шәймерден Шегебайұлы 1979 жылы 71 жасында өмірден озды.
Тарих ғылымдарының кандидаты Әбжан Айсауытовтың қолдауымен 1997 жылы Шәймерден Шегебаевтың «Өмір – ұзақ жол» атты өлең-жырлары мен толғаулары, дастандары енгізілген жинағы жарыққа шықты.
25 шілде 2018 ж. 767 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области