«РҮСТЕМ-ДАСТАН» ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?
Тұрмағамбет шайырдың «Шаһнаманы» аударуға бұлайша зор ынта-ықылас қоюы кездейсоқтық емес. Бұқарадағы медреселерде оқып, Шығыстың әдеби мұрасымен етене танысқан зейінді шәкірт Тұрмағамбет араб, парсы, түркі, шағатай тілдерінің қыр-сырын жетік меңгеріп алған еді. Әсіресе, оның Көкілташ медресесінде тәжік жазушысы Садриддин Айнимен бірге оқып достасуы, онда қабырға газетін шығарысып, ой-пікір жағынан бір-бірімен тереңірек жақындасуы оның дүниеауи қөзқарасын барынша айқындай түсуге септігін тигізгені даусыз.
Сөз реті келген соң осы арада бір әңгімені тілге тиек еткенді жөн көрдім.
1983 жылы Қармақшыда өткен Тұрмағамбеттің жүз жылдық мерейтойына Алматыдан келген ақын-жазушылардың арасында Әбділда Тәжібаев та болған еді. Ол аудан орталығындағы Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиналыста Тұрмағамбеттің ақындық шығармашылығы жөнінде кемел ойға құрылған келелі сөз сөйледі. Сонда есімде қалғаны – ақынның анасы Айманкүлдің «Шаһнаманы» тәржімалауға кірісер алдында Тұрмағамбетке айтқан кейбір ақыл-кеңесі болатын.
Ақын Әбділда Тәжібаевтың анасы Айманкүл ескіше оқып, терең білім алған сол тұстағы зиялы кісілердің бірі. Ұлы шайыр Тұрмағамбеттің төрт томдығын парақтап отырып, онда араб әрпінің А.Байтұрсынов құрастырған төте жазуына көзім түсті. Ондағы жазудың аудармасы мынау: «Қайным, «Шаһнамаға» өзіңнен өзге адамның әлі келмейді. Осыны тәуекел етіп аударып көр. Айманкүл. 1936 ж».
Бар болғаны екі сөйлемнен құралған қып-қысқа сөз. Осы қысқа әрі нұсқа сөз Тұрмағамбет ақынды Фирдоусидің әйгілі дастан-эпопеясын зор ынтамен аударуға құлшындыра түскен тәрізді. Сол бір шабытты сәтін ақынның өзі былайша суреттеп жазған еді:
- Барады күннен-күнге көңілім өсіп,
Кен кеулеп жатқаннан соң гәуһар қазып.
Келгенмен кеуана болып елу үшке,
Жасарып жиырмадағы келдім күшке.
Жоғарыда айтқанымыздай, Айнамкүл Тәжібаева оқыған, терең білімді адам. Көрнекті филолог Өтеген Күмісбаев бір сөзінде былай деп айтқан болатын: «Атақты ақынымыз, Әбділданың анасы А.Тәжібаева «Шаһнаманың» 1908 жылы Тәшкенде шыққан нұсқасын қара сөзбен аударғанын айта кету ләзім. Маржандай әріптермен көшірілген дәптерлерін көзім көрді. Кезінде бұл қолжазба М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы еді».
Тұрмағамбет «Шаһнаманы» аударуға қолға алғанда оған күдікпен қарағандар да болған. Академик М.Қаратаев «Қазақ әдебиеті» газетінде (6.07.1962 ж.) жарияланған «Ақын туралы ақиқат» деген мақаласында сондай күмән келтірушілер жайында өз ойын бүкпесіз ашық жазған. Мақаладан үзінді келтірейік: «Ондай ақынды білмейміз, молда дейді ғой өзін, «Шаһнаманы» өзіміз неге аудармаймыз? Деген сықылды қысыр сөздерді күңкіл түрінде де, тіпті шағым түрінде де естідік».
Сөз жоқ, «Шаһнаманы» аудару оңай дүние емес-ті. Фирдоусидің ақындық стилі ерекше. Оның шығармасы мутакариб өлшемімен жазылған. Мутакариб ұзақ буында бәйіт-өлең ұйқасына құралады. Өлең өнерін шебер меңгерген Тұрмағамбет қазақтың мутакарибке жақын онбір буын қара өлең әдісін қолданып, қисса-жыр етіп жазып шығуға кіріседі.
Академик-жазушы М.Әуезов айтқандай, өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде ХІХ ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шығыс аңыздарының өлеңге айналған дәстүрін қолданған. Фирдоуси бұл теңдессіз дастанды көз майын тауысып, отыз бес жыл тапжылмай отырып жазып шыққан екен. Онда ежелгі Шығыс елдерінің төрт мың жылдық тарихи оқиғаларының желісі қамтылғаны белгілі. Шығарма 55 мың бәйіттен тұрады. Оның өзі өлең жолымен есептесек, 120 мың жол.
Фирдоуси шығармасының құдіретті күші – оның тіл байлығының молдығы әрі ерекше әсерлілігі мен сұлу саздылығы. Осынау мәңгі өлмес шығарманы алғаш рет орыс тіліне аударған Н.Соколов «Фирдоусидің «Шаһнамасы» ұйқылы ояу мүлгіген парсы тілін дүр сілкіндіріп, түрлендіріп жіберді» деп жазған екен. Ал Фирдоусидің өзі болса бір өлеңінде: «Парсы тілі тірі тұрғанда мен өлмеймін, өйткені өлмейтін сөздердің тұқымын шашып кеттім» деп тебірене жырлапты.
Ұлы жыршының бұлай деп кесімді ой толғауының терең сыры бар. Өйткені, Фирдоуси өмір сүрген кезең Исламның Иран жерінде әбден орныққан тұсы. Мұсылман дінінің берік діңгегіне арналған Құран кәрімге бар ынта-ықыласы ауған парсы жұрты араб тілін меңгеруге жаппай құлшыныс таныта бастайды. Міне, осындай алмағайып сәтте «Шаһнаманың» Иран-Тұран көгінде жарық жұлдыздай жарқ ете қалуы көмескі тарта бастаған парсы тілін қайта түлетіп, түрлендіре түскен еді.
Тегінде тіл – халықтың рухы, мәңгі өлмес жаны. Тіл өшсе, ұлт өледі, ұлт өлсе ұлттық болмыс та түп тамырымен жойылады. Кешегі кеңестік кезеңде біздің ана тіліміздің де әрі-сәрі күй кешіп, өлмеші халге түскені белгілі. Бас-аяғы жиырма шақты жыл ішінде (1929-39 жж.) қазақ әліпбиінің төте жазудан латыншаға, одан соң криллицаға көшірілуі жайдан жай жасалған іс емес. Оның астарында үлкен саяси мән-мағына, құйтырқы амал-айла жатқаны айдан анық.
Нақты дәйек сөз келтірелік, 1925 жылы Ф.Голощекиннің И.Сталинге жолдаған хаты бар. Онда ол «күн көсемнен» айрықша бес мәселеге көңіл бөлуді өтінеді. Соның бірі де бірегейі – тіл мәселесі. «Ұрпақты адастыру үшін жазуын екі рет өзгертіп жіберу керек» деп ашық жазған ол. Мұның түпкі мәні белгілі: жазу өзгерген соң ұрпақ өткенін оқи алмайды, яғни мәңгүрттенеді. Расында да халқымыздың Тәуелсіздік алғанға дейін осындай мәңгүрттік күй кешкені анық жағдай еді ғой.
Тіл тазалығына байланысты бұл әңгімелерді тектен текке келтіріп отырғанымыз жоқ. Өлең өнеріне жетік, ана тіліміздің бар қыр-сырын шебер меңгерген Тұрмағамбет ақынның «Шаһнаманы» аударарда тіл тазалығына баса көңіл бөлгенін анық аңғаруға болады. Оның 1936 жылы жазған бір өлеңінде мынадай жолдар бар:
- Он айда «Шаһнаманы» бердім жазып,
Төрт бөліп түн ұйқымды арып-ашып.
Ішінде байқағанға бар сөздері,
Шығарған сары алтындай кеннен қазып.
Бәрін де ана тілмен еттім өлең,
Келтірмей тілінен түк араб, тәжік.
«Шаһнаманы» аударуды қолға алған кезде Тұрмағамбеттің жасы елу үштерде еді. Аударуға үкімет тарапынан бір жыл мерзім беріле тұрса да, оны он айда бітіріп, қырық мың жолдық аударманы баспаға табыс етеді. Аудармадан алғашқы үзінділер «Әдебиет майданы» журналында жарияланады.
/жалғасы бар/
Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
Қармақшы ауданы