«Алпамыс батырды» асқақтатқан күн
Өркениеттің көшіне ұмтылған елдер тарихын танып, одан өнеге түйіп, тарихи тұлғаларының қайраткерлік ісінен үлгі алады. Яғни, болашағы жарқын ел өткенін өшірмесі анық. Осы бағытта «Игілік ата» қоғамдық бірлестігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Аналарға бас иеміз» атты мәдени-көпшілік шарасын ұйымдастырды. Шара барысында Көккесене басына зиярат етіліп, Гүлбаршын ана ескерткішінің алаңын абаттандыру-көгалдандыруға жалғасып, «Алпамыс батыр. Гүлбаршын ана» спектаклінің тұсауы кесілді.
Аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапқан салтанатты жиын жас ақындар арасындағы мүшайрасына ұласып, ауыл-ауылдан келген оқушылар Гүлбаршын ана мен қазақ қыздарының даналығы мен сұлулығын суреттейтін арнауын оқып, жыр жолдарынан шашу шашты. Үздік деп танылған туынды авторларына «Игілік ата» қоғамдық бірлестігінің атынан ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.
Кеш одан әрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов, жергілікті ақын, сазгер Аманбай Өтебаев және әнші, сазгер Сауран Елеуовпен кездесумен жалғасты. Кешті тізгіндеген Манап Көкенов шығармашылық өнер мектебінің директоры Уәли Ибрагимов халықпен кездесіп отырған үш бірдей тұлғаның өмірі мен шығармашылығына, еңбек жолы мен жеткен жетістіктеріне тоқталып, көпшілікті олардың шығармашылық шеберханасымен жақынырақ таныстырды. Кездесу барысында Қасымхан Бегманов пен Аманбай Өтебаев сиясы кеппеген жаңа туындысын оқыса, Сауран Елеуов әннен шашу шашты.
– Бүгінгі күн, біздің туған жер халқымен кездесуіміз орны ерекше, көңіл түкпірінде мәңгі сақталатын, үлкен тарихи маңызды шара. Қазақ қашанда ақыны мен өнер адамдарын сыйлап, құрметтеген дана халық қой. Мына залдағы жиналған көпшілік осыны дәлелдеп отырғандай. Жалпы, осы шараны ұйымдастырушылар мен мәдениет қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Жұмыстарыңыз жанданып, еңбектеріңіз еселене берсін, – деді сазгер Сауран Елеуов.
Сондай-ақ, Қасымхан Бегманов пен Аманбай Өтебаев та жиылған көпшілікке ілтипатын білдіріп, ыстық ықыласын жеткізді. Ал, аудан тұрғындары шығармашылық иелерін құттықтап, сый-құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.
Одан әрі өнер ордасына жиылған өнер сүйер қауым «Алпамыс батыр. Гүлбаршын ана» сахналық қойылымын тамашалап, тарих тағылымына терең бойлап, қазақ батырлар жырының өткенімізден сыр шертіп, өшкенімізді жандыратын, қазақи болмыстың, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың қасиетін танып, бүгінге дейін жалғасқанын көрсетті. Ұлы дала еліндегі елдік пен ерлік, даналық пен даралықты ұлықтаған қойылымнан ата-бабаның ұлы жолы көз алдымызға келді.
Жалпы, «Алпамыс батыр» жырын халыққа қойылым ретінде көрсету идеясын Уәли Ибрагимов ұсынған. Ал, авторы драмматург-режиссер Дінмұхаммед Әбжаппаров, қоюшы режиссеры Ролан Бақтыбаев, қоюшы суретші-декораторы Қайрат Әлібеков, музыкалық көркемдік жетекшісі Жасдәурен Сабырханов болса, сахнада кейіпкерлерді нақышына келтіріп орындап, көрермен жүрегінен орын алған әртістер қатарында «Бірлік», «Жаңақорған Халық» театрының, Арман мәдениет үйі мен М.Көкенов атындағы мәдениет үйінің актерлары бар. Айта кететіні, Балмұхамед Әбжаппаров, Кенже Әкімбаева, Абай Камалов, Айдарбек Молдабек және №169 орта мектеп оқушысы Қасиет Ералы рөлдерін көркем сомдағаны соншалықты сол замандағы әлеуметтік және ұлтаралық қайшылықтарды шынайы бейнелеп, адамдық, адалдық қасиет-қабілеттерін көрсете білді.
Түйін. Иә, халық әдебиеті мен батырлар жыры телегей теңіз іспеттес мол рухани мұра десек, сол теңіздің бір бөлшегі – эпикалық жырлар екені даусыз. Ал, оның ішіндегі, аса маңыздысы, тарихтан сыр шертіп, өткенді насихаттайтын – «Алпамыс батыр» жыры. Осы жырды көрерменге спектакль етіп ұсынған автор жауһар туындының көркемдігі мен әдеби нақышына қылаудай залал тигізбей, шыққан тарихын бұзбай, әсер-сезімін асқақтатып, көрермен түсінігіне лайықтап, қара сөзбен әсерлі баяндаған. «Алпамыс батыр» жырының сахнаға лайықталып, қара сөзбен көркем безендірілген осы нұсқасы көрермен көңілінен шығып, қиялын қанаттандыратын рухани азық боларына сенім мол...
А.АЛДАНАЗАР.