Мәдениет майталманы жастармен кездесті
Мәдениеттің мәйегі, әдебиеттің әлқисасына айналған қазақ елінің ақтаңгерлерінің есімін ойға оралту, тарих таңбалаған таланттар мен қасиетті мекендерді ұрпақ санасына сіңірту мақсатында жарияланған Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүгінгі таңда өткен тарихымыздың өшпеуіне жол ашып отыр.
Арал өңірі ақын-жыршылар, дүлділ әншілер, небір тума талант иелерін, көш бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендерді, ту ұстаған батырларды өмірге әкелген қасиетті жер. Бүгінде бабалар салған сара жол жалғасын тауып келеді. Бәлкім қанмен берілген қасиет болар Аралдан шыққан мәдениет майталмандары қазақ өнерінде ойып орын алып отыр. Сондай азаматтардың бірі, мәдениет саласының ардагері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Байнияз Тілепов. Ол өзінің 43 жылдық өмірін ауданымыздың мәдениеті мен өнерін дамытуға арнады. Өнер иесінің өнегелі өмір жолын жастарға таныстыру, шығармашылығын насихаттау, рухани мұрасын ұрпақ санасына сіңірту мақсатында аудандық мәдениет орталығында «Мәдениетім-мәртебем» атты қайраткермен кездесу кеші өтті.
Кеш барысында өнер иесі жастарға өзінің өмірі мен өнер жолынан сыр шертумен қатар, өнегелі тәрбие, тағылымды әңгіме өрбітті.
Бүгінгі қазақ мәдениетінде сүбелі еңбек етіп жүрген таланттардың ұстазы болған жанның түйгені мен көргені көп. Бұл кешке жиналған жастар да тағылымды тәрбие, өлшеусіз өнермен сыусындап, рухани құндылықты бойға сіңірді. Кеш соңы концерттік бағдарламамен қортындыланды.