Қазалыда жас термешілер байқауы өтті
Қазалы ауданында «Текті сөздің төресі – терме» атты аудандық жас термешілер байқауы өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға Əйтеке би кенттік клубы мен «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.
Он үш талапкер қатысқан сындарлы сынаққа термеші, Қорқыт ата атындағы аудандық əуез мектебінің терме класының оқытушысы Сандуғаш Бисембаева, термеші Болатбек Рсалы, термеші, Байназар Өтепұлы атындағы терме үйірмесінің жетекшісі Нұргүл Шайықова қазылық жасады.
«Бұл байқау жастардың орындаушылық қабілетін шыңдап қана қоймайды, сонымен бірге ұлағатты ұлықтауға, сөз маржанын теруге, ата-бабамыздың асыл мінезін бойларына сіңіруге оң әсерін тигізеді», – дейді термеші Сандуғаш Бисембаева.
Нәтижесінде, 7-9 жас аралығы бойынша бірінші орынды Қорқыт ата атындағы Қазалы аудандық балалар музыка мектебінің терме класының 1 сынып оқушысы Əлім Бəйтелин алды. Аудандық оқушылар үйінің терме үйірмесінің мүшесі Абылай Құнанбайұлы екінші, Қорқыт ата атындағы аудандық балалар музыка мектебінің терме класының 2 сынып оқушысы Ақмаржан Шындаулетова үшінші орынды иеленді.
9-13 жас аралығындағы талапкерлер арасынан бірінші орын Қорқыт ата атындағы Қазалы аудандық балалар музыка мектебінің терме класының 3 сынып оқушысы Бағдәулет Шындәулетовке бұйырды. Ал, аудандық балалар музыка мектебінің терме класының 4 сынып оқушысы Оразалы Асыланбек пен Қазалы қаласындағы №16 мектептің 6 сынып оқушысы Меруерт Таңсықбай екінші, үшінші орындарды бөлісті. 13 – 17 жас арасындағы қатысушы №165 мектептің 9 сынып оқушысы Батырбек Өтеп бірінші орынды қанжығаласа, Өркендеу ауылындағы №104 мектептің 11 сынып оқушысы Гүлраушан Нұрылла екінші орыналды. Жеңімпаздар мен барлық өнерпаздар арнайы Диплом және сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан бөлек, байқау барысында аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері, Байназар Өтепұлы атындағы терме үйірмесінің мүшелері Нұрəділ Қожахмет, Аида Елтай және аудандық оқушылар үйінен республикалық «Бозторғай» балалар шығармашылығы конкурсының Гран-При иегері Елмұра Сабырова өнер көрсетті.