"Студенттік көктем-2019" дәстүрлі өнер фестивалі өз мәресіне жетті
Kyzylorda-News.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Студенттік көктем-2019» мерекесі өз мәресіне жетті.
Биылғы өнер фестивалінде университеттің 6 факультетінен жасақталған 6 команда арасындағы сайыс қызықты да тартысты өтті. Ұжым болып бірлесіп, жаңаша идея, тың оймен бір-бірінен асып-түсуге деген ұмтылыс өнерпаздардың бәсеке талабынан шығуға тырысатынын айқындады.
Бірнеше күнге созылған фестивальдің алғашқы күнінде қатысушылар «Сәлемдесу, таныстыру» сайысы бойынша өнер көрсетсе, екінші, үшінші күндері «KMU dance» заманауи билер, қазіргі заманғы эстрада әндері: соло, дуэт, трио, ансамбль, вайн яғни бейнероликтер байқауы, «Сosplay show» қойылым кезеңдері бойынша бақ сынасты.
Нәтижесінде бас жүлде инженерлі технологиялық факультеті иеленсе, жүлделі І орынды Филология, тарих және құқық факультеті жеңіп алды. ІІ орынды жаратылыстану және экономика және ақпараттық технологиялар факультеттері иеленді. Инженерлі экологиялық пен педагогикалық факультеттерінің атынан құралған командалар ІІІ орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздардың барлығы арнайы «Алғыс хатпен» және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Өнер фестивалі студенттердің шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру арқылы, оларды тек сапалы маман ғана емес, жан-жақты, рухани дамыған, ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруға сеп болары сөзсіз