Қызылордалық шорттрекшілер ел чемпионатында 6 медаль иеленді
Kyzylorda-news.kz. Өскемен қаласында шорт-тректен 2008-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында қызылордалық шорттрекшілер 6 медаль иеленді.Жаттықтырушылар Марат Мұратбекұлы мен Рүстембек Байғара дайындаған Сыр спортшылары ел чемпионатында табысты өнер көрсетті.
Қыздар арасында Жансая Есен 222 метр қашықтықта мәреге бірінші келіп, Қазақстан чемпионы атанса, 333 метр қашықтықта жəне көпсайыс қорытындысында екі рет күміс жүлдені иеленді.
Көпсайыс қорытындысы бойынша 500 метр қашықтықта Ұлту Құрманбай екінші орынды еншіледі.
Сондай-ақ, қыздар жəне ұлдар арасында командалық эстафетада жерлестеріміз 2-орынды еншіледі. Команда құрамында қыздар арасында Жансая Есен, Ұлту Құрманбай, Айару Қайратқызы, Диляра Туралиева, ұлдар арасында Мағжан Бақытжанұлы, Əли Дайрабай жəне Ілияс Әбдіманап өнер көрсетті.
Шорт-трек спорты облыста ашылғанына аз уақыт болса да спортшылар республикалық жарыстарда, ҚР чемпионаттарында облыс намысын абыроймен қорғап келеді.
Спортшылар №4 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады.