ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІНДЕ ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ
Жалағаш кентіндегі №202 орта мектепте «Құтқарушылар күні» мерекесіне орай шағын футболдан жарыс өтті. Сегіз команда қатысқан жарыстың ашылу салтанатында азаматтық қорғау органдарының ардагерлері сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Аудандық төтенше жағдайлар басқармасы ұйымдастырған сайыс қорытындысында І орынды Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінің командасы жеңіп алды. ІІ орынды №6 өрт сөндіру бөлімінің командасы иеленсе, ІІІ орынға аудандық емхана командасы шықты.
Жарысты Жалағаш ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Ж.Түйменов қорытындылап, жеңімпаз командаларға алғыс хат табыстап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.