ҚАРМАҚШЫДА ЖУРНАЛИСТЕР АУДАН ӘКІМІНІҢ ЖҮЛДЕСІН САРАПҚА САЛДЫ
Көркем сөз бен көрікті ойдан кесте тіккен тілшілер еңбегі ел үшін әрқашан ерек. Өмірдің сан тараулы салаларындағы жаңалықтармен жұртшылықты ақпараттандырып, азаматтық демократиялық құндылықтарды арттыратын сегіз қырлы, бір сырлы жандар тек қалам тербемей бүгін спортта да бағын сынады. "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жəне "Қармақшы таңы" газетінің 85 жылдығына орай, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында Қармақшы ауданы әкімінің кубогы сарапқа салынды. Екінші рет ұйымдастырылған доп додасына республикалық, облыстық, телеарналардан бөлек, «Жаңақорған тынысы» және «Қармақшы таңы» гезеттерін қосқанда барлығы 7 команда қатысты. Түрлі турнирлерде жолдары түйісіп жүрген ойыншылар бір-бірінің осал тұстарын жақсы біледі. Сондықтан жіті дайындықпен келген жеті командада жақсы ойын өрнегін көрсетті.
Тартысты өткен турнирде былтырғы ойынның финалистері, аймақтың жетекші «Қызылорда» телеарнасынан құралған команда топ жарды. Екінші орынға «Жаңақорған тынысы» газеті тұрақтаса, үшінші орын «Меншікті тілшілер» командасына бұйырды. Сондай ақ, ойында жақсы өнер көрсеткендер «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік қақпашы» номинацияларымен марапатталып, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудан әкімінің кубогы мен медаль, және бағалы сыйлықтарын иеленді.