Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «ҚОРҚЫТ-ҚОБЫЗ» – МЕНІҢ ӘН ӨНЕРІНДЕГІ ПАСПОРТЫМ...

«ҚОРҚЫТ-ҚОБЫЗ» – МЕНІҢ ӘН ӨНЕРІНДЕГІ ПАСПОРТЫМ...

«Жас қанат» байқауы арқылы жарқ етіп көзге түскен Гүлнұр Оразымбетова бүгінде қазақ эстрадасының белді өкілінің бірі. Өзіне сай нәзік дауыс тембрі мен қазақ қызына тән ибалығы қатар ұштасқан әншіні сүйіп тыңдайтын тыңдармандары аз емес. Ал, ол шырқаған «Қорқыт-Қобыз» әні жүректен жүрекке жетіп, әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленгелі қашан?! Қалың елге өнерімен танылып, сыр өңірінің атын шығарған талант иесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Гүлнұр Оразымбетовамен әңгімелесудің сәті түскен еді.
– «Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң» деп өзіңіз әнге қосқандай бұл өңірдің сіз үшін орны бір төбе екенін білеміз. Балалық бал күніңіздің қымбат естелігі де осында қалды. Ауыл туралы сөз болғанда әуелі нені әңгіме өзегіне арқау етесіз?
– Мен Арал ауданына қарасты Қаратерең елді мекенінде дүниеге келдім. Кейін бір жасқа толған көрші ауыл – Қосжарға, одан соң Қызылжарға қоныс аудардық. Менің өнерге деген құштарлығым да осы аядай ғана ауылдан бастау алды. Шағын байқауларға қатысып, мерекелерде ән шырқайтынмын. Сол жылдары ауылдан бірі балықшы, бірі есепші, бірі мұғалім сынды түрлі сала өкілдері бас қосқан жергілікті таланттардан жинақталған «Ақтолқын-арман» деген вокальді аспаптар ансамблі құрылды. Сахнада жанды дауыста ән айтуым сол оқушы кезден басталды. Кәдімгідей үлкен шығармашылық ұжым болып, аудандарға қарасты елді мекендерге гастрольдік сапармен шығатынбыз. Бірақ, анам қыз баланың мұндай жүрісін құптамады ма, әйтеуір, барлық дайындықтан өтіп, жеме-жемге келгенде ансамбльмен бірге жібермей қалатын. Сол кезде көз жасыма ерік беріп жылайтыным есімде. Кейде ойыма түсіп, күліп аламын. Ауылда өткен осы сияқты қызықты сәттер өте көп қой. Бәрі санамда күнделік болып жазылып тұр.– Қазір туған өлкеден жырақта жүргеніңізге біраз жыл болды. Әйтсе де, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» демекші, қанша уақыт өтсе де өзіңіздің қызылордалық екеніңізді әйгілейтін қандай қасиет бойыңызда сақталып қалды?
– Бауырмалдығым шығар. Туған-туысқанымның хал-жағдайын уақытылы білмесем, ұйықтай алмаймын. Оларға үнемі көмектескім келіп тұрады. Бауырларымның өмірден өз орнын тауып кетуіне жәрдемімді аямадым. Бүгін, ертең деген сылтаумен немқұрайлылық таныту – маған жат дүние. Сонан соң сыртта жүрген соң ба, жерлестерге ерекше бүйрегім бұрып тұрады. Танымасам да, қызылордалық екенін білсем, жақын тартамын. Сондай-ақ, қонақжайлылықты былай қойғанда, қарапайымдылық, ұяңдық сынды қасиеттер менің бойымда әлі де сақталған. Себебі, бұл қасиеттер маған туған жерімнің топырағынан дарыған.
– Ауыл баласының сәл ұяңдау келетіні белгілі ғой. Көп жерден есе жіберіп жататынымыз да жасырын емес. Осы тұрғыда бұл тәрбиенің кері ықпалын сезініп, көңіл жықпастығыңыздан опық жеген тұсыңыз бар ма?
– Дұрыс айтасыз, ауыл адамдары ақкөңіл ғой, шіркін!.. Сосын балаларын да сондай менталитетпен тәрбиелейді. Олардың сәл ұялшақтау болып келетіні сондықтан. Өзіміз де солай өстік. Бізді де әке-шешеміз «Ұят болады» деген екі ауыз сөзбен жолға салып отырды. Артық ауыз ашық ойымызды айтпадық. Үлкенге қарап сөйлемедік. Соның бәлендей бір зардабын тарттым демесем де, бойжеткен соң қажетті жерінде жасқанып, айтар сөзден іркіліп қалған сәттер кездесті. «Ұятты, көңіліне келер» деген оймен қолымызды бір-ақ сілтейтінбіз. Бірақ, өмір болған соң сенің сондай ынжықтығыңды, көнбістігіңді пайдаланып кететіндер бар. Ал, қазір балаларды олай тәрбиелеудің аса қажеттілігі шамалы деп ойлаймын. Бәсекелестікке құрылған заманда бала еті тірі, өз ойын ашық айта алуы керек. Міне, бүгінгі жастарды осындай ашықтыққа, батылдыққа икемдеу қажет.
– Қызылорда дегенде ойыңызға оралатын үш ұғымды атаңызшы. Қандай сөздерді топтастырар едіңіз?
– Алдымен, Арал теңізі, балық, одан соң дария. Міне, менің көз алдыма Қызылорданы елестетін үш дүние. Маған үшеуі де ыстық.
– Студенттік жылыңыздағы Қызылорда қандай еді? Қазір қандай? Не өзгерді?
– Шынымды айтсам, Қызылорданың халқынан басқасының бәрі өзгерген. Қала көркейген, келбеті жаңарған. Ал, менің жерлестерім әлі сол баяғыша ақкөңіл, ақжарқын кейіпінен танбаған. Әр келген сайын өзге қалаға келгендей сезінемін. Сәулеттік жағынан да сұлуланып келеді. Таза көше, тақтайдай тегіс жол. Халыққа бұдан артық не керек? Әлеуеті де жаман емес. Бұрын біз жатақханада тұрған кезде жастардың қыдырып баратын жері жоқтың қасы еді. Киноға айына бір-ақ рет барамыз. Онда да қазіргідей әрбір екі сағат сайын жүріп тұрған кино жоқ. Осындай жағдайды салыстырып қарасам, қазір жастардың лайықты өмір сүруіне бар мүмкіндік жасалғанына қуанамын. Осының өзі қала дамуының бір көрсеткіші емес пе?
– Туған өлкеңізде өзіңіздің атыңыздан өнер мектебін ашу ойда жоқ па?
– Ойда жүрген бір дүниенің үстінен дөп түстіңіз. Жоспар бар. Мақсатсыз адам болмайды ғой. Бірақ, оның нәтижесі уақыт еншісінде. Дәл қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп жүрген жоқпын. «Өнер жолында ұстаздық етіңіз, бағыт-бағдар беріңіз» дейтін талабы мен таланты қатар ұштасқан бала болса, осы кезге дейін көңілге түйген тәжірибеммен бөлісуге әзірмін. Қолдау білдіремін.
– Шығармашылық қоржыныңызда Қызылорда, туған жеріңізге арналған қандай патриоттық әндеріңіз бар?
– Шүкір, бұйырған әнді жырға қосып жүрміз. Менің ән қоржынымда патриоттық әндер жеткілікті. Оның көш басында күллі түркі жұртының абызына арналған «Қорқыт-қобыз» әні тұр. Бұл – менің ән өнеріндегі паспортым десем болады. Одан бөлек «Туған өлке», «Көкке өрле», «Толғау», «Ауылым – әнім» сынды орындауымдағы туындылар көпшіліктің жүрегіне жол тапты деген сенімдемін.
– Тыңдарманды шығармашылығыңыздағы қандай соңғы жаңалығыңызбен қуантасыз?
– Сәтін салса алдағы тамыз айында халқыммен бір жағымды жаңалықпен бөліспекпін. Мұнда жанкүйерлерім мені жаңа қырынан танитын болады. Қазір дуэт жазу сынды дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қай әншімен екенін әзірше айтпай-ақ қояйын. Сондай-ақ, сол әнге бейнеклип түсіру жоспарда бар.
Қысқасы, күз айы менің шығармашылығым үшін жаңалыққа толы. Бәрін уақыт бұрын елеп-екшеп айтқан жөн болмас.


Сұхбаттасқан Б.ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,
Қызылорда қаласы



02 шілде 2018 ж. 905 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области