Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «ҚАРА СУДЫҢ» ҚАСИЕТІ МОЛ

«ҚАРА СУДЫҢ» ҚАСИЕТІ МОЛ

Тылсым табиғаттың құдіретімен пайда болған «Жұмбақ көл» туралы білесіз бе? Ғажап көл Арал ауданы, Аралқұм аумағында орналасқан. Бүгінде осы аймақтың тұрғындары аталған көлге жиі барады. Өйткені, көлдің емдік қасиеті өте мол.
Иә, «Қара су» – тұзды, тереңдігі белгісіз, ұзындығы да, ені де шамамен 100 метрдей аумақты алып жатыр. Жұрттың қызығушылығын тудыратын бұлақ көзінің басты ерекшелігі – жылдың жаңбырлы, қуаңшылық мезгілдерінде де деңгейі еш өзгермейді. Темір жолдың екі жақ бетінде де көлемі мен аумағы бірдей орналасуы да тегін сәйкестік емес. Ғажабы да осы. Судың беті салқын болғанымен, төменгі жағы ыстық болып тұрады. Бастысы, көлге ешқандай өзен құймайды. Өзі құм төбенің ортасына орналасқан.
  Шілде, тамыз айларында «Жұмбақ көл» әбден бабына келеді. Бұл көлге жергілікті тұрғындар шілде айының ортасында түсудің денсаулыққа пайдасы орасан зор екенін айтады. Сондай-ақ, көнекөз қариялар кешегі кеңестік заманда орыстардың сонау Мәскеуден ат арнайылап арытып келіп, басына палатка тігіп, қасиеті бөлек суға шомылатынын еске алады.
 Тылсымға толы көлдің емдік қасиеттеріне тоқталсақ, аталған су сүйек сырқырағанға, салқын тигенге, қышыма ауруына, денеге шыққан жараға және тамырдың тартылып қала беруіне бірден-бір ем көрінеді. Жаз мезгілінде адамдар көлдің жиегіндегі балшыққа аяғын көміп, жандарына шипа іздейді. – Бір қызығы, бұл таңғажайып көл туралы деректер еш жерде жоқ. Сонау 60-жылдары Кеңес Одағының білікті дәрігерлері арнайы ат басын бұрып, көлге зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, судың пайдалы екендігін медициналық тұрғыда дәлелдеген. Бұл көл ертеректе пайда болған. Ғажабы сол, су көзінің қай жақтан келіп тұрғаны белгісіз. Қыс мезгілінде бетіне мұз қатпайды. «Қара су» деп аталу себебі кәдімгі суларға ұқсамайтындығында. Түрі түнеріп, қарайып жатады, - дейді ауылдың қадірменді қартының бірі Жақсыбай Алмағанбетов.
Қара судың киелілігі сонша, бір кездері бір адам мас күйінде шомылып, ақырында аяғы күйіп қалған. Сондықтан, осынау табиғаттың жұмбақ сыйына жақсы ниетпен, үлкен сеніммен қарау керек.
  Көпті көрген Іңкәр Аққалиқызының сөзіне қарағанда, көл қаншама науқастың дертіне шипа болған көрінеді. Тіпті, адамдар емес, шалажансар туылған тайлақ, қозыларды да осы көлдің суымен жуындырғанда құлан таза айығып, аяғына тұрады екен. Суының айрықша қасиетінің бірі оған түсіп шыққан адам балбырап, ұйқысы келетін көрінеді. Тіптен тұрғындар көлдің суын бөтелкеге құйып, салқын тигенде қолданған.
  Осындай айрықша құбылысты зерттеу, қорғауға алу әлі де кемшін. Алдағы уақыттары жергілікті билік көлдің жайын назарға алынып, айналасын қалыпқа келтірсе, жаз мезгілінде халыққа талапқа сай жағдай жасауды қаперге алса дейміз.

Балауса ТӨРЕБАЙ,
Арал ауданы

03 сәуір 2018 ж. 945 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области