Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШОЛПЫ СӨЗІНІҢ ШЫҒУ ТӨРКІНІ

ШОЛПЫ СӨЗІНІҢ ШЫҒУ ТӨРКІНІ


Музей – қазақ ұлтының рухани асыл дүниелерін жинақтап, өлкеміздің кешегісі мен келешегін жалғап отырған үлкен көпір іспеттес рухани-мәдени мекеме. Құнды жәдігерлер – халықтың тарихы, мәдениеті және өнерін қамтитын талай замандардың куәлары және халықтың сан ғасырлар бойындағы тірлік-тұрмысының айқын айғағы, әдет-ғұрыптардың тайға таңба басқандай іздері. Музей қоры және экспозициясындағы этнографиялық жәдігерлерді зерттеп, оларға ғылыми сипаттама беру барысында, зерттеліп отырған заттың атауына еріксіз назар аударасыз. «Осы зат неге осылай аталды екен, халқымыз неге осылай атап кеткен екен» деген ой сананы билеп алып, ой тұңғиығына алып кетері рас. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен ақпар беретін этнографиялық жәдігерлер, оның ішінде әшекей бұйымдар атаулары біраз дүниені ашып, айтып берері анық.
Біз музейдегі жүзік, білезік, сырға және белбеуді этимологиялық шығу төркінін талдаған материалдар ұсынған едік. Бүгін шолпы сөзінің шығу төркіне үңілеміз.
Шолпы – сәндік үшін әшекейлі алтын немесе күміс теңге таққан шашбау. Ол шол деген сөзден, яғни етістіктен жасалды деуге де дәйек бар. Шол →Шолу – алыстан байқау, бағдарлау.
Ертеде жігіттер алыстан келе жатқан бойжеткенді шолпысының сылдырынан таныған, яғни сол бір нәзік дыбыстан сыртта жүрген қыздардың жүріс-тұрысын іште отырып байқап, бағдарлап отырған.
Ол шолп деген дыбыстық бейнелеуіш сөзден де шығуы мүмкін. Шолп – бір нәрсенің биіктен не алыстан суға түскендегі дыбысы (Шолп етті). Сөздің соңындағы «ы» дыбысы – шолп деген етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ.
Қыз таққан шолпының сыңғыры, шылдыры, сүйкімді үні суға түскен теңгенің дыбысына ұқсас келетіндіктен, қазақ халқы бойжеткен қыздар тағатын осы бір әшекей атауын шолпы деп атаған. Шолпыны күміс теңгеліктердің бірнешеуін бір-біріне кішкене шығыршықтар арқылы жалғастырып жасайды, ең үстіңгісіне күміс шынжырдан немесе матадан ызылған бау тағады. Бауды, әдетте, бұрыммен қоса өріп қояды.
Шолпы сәндік үшін ғана емес, шашты өсіретін әрі ұзартатын, желді күнде көтеріліп кетпес үшін де тағылады. Иесі қозғалғанда, олар әсем дыбыстар шығарып, кермаралдай керілген кербез қыздың әсем жүрісіне үн қосып, арудың сыны мен сымбатын одан әрі ажарлай түседі. Мұндай сұлуды қазақтар: «Сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосады» деп, ардақтаған.
Белгілі бір аймақ шолпы деп, сүзгі, кепсер, кәкпірді атайды. Ыдыс-аяққа тән бұл атаулар диалектілер болып табылады. Ол сөз де шолп деген дыбыстық бейнелеуіш сөзден шыққан. Олай дейтін себебіміз, сорпаға салынған қамырды сүзіп алу үшін пайдаланған сүзгі қамырды сүзу барысында шолп деген дыбыс шығарған. Табиғатта кездесетін дыбыстық бейнелеуіштер заттың аталуына себепші болған.
/жалғасы бар/
Әйгерім БЕКҚҰЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі
10 қыркүйек 2018 ж. 4 529 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области