Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚАМШЫ – АЛСА ҚАРУ, ҚАЛСА – МҰРА

ҚАМШЫ – АЛСА ҚАРУ, ҚАЛСА – МҰРА


Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандарының бірі болды. Сондықтан да ұлтымыздың мәдени-тұрмысы мен рухани зердесінде кәдімгі қамшы ерекше орын алған.
Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінуші еді. Ат пен қамшыдан айырылған жай қазаққа айналды. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғастығын табар еді.
Қазақты малдан, оның ішінде «ер-қанаты аттан» айырған кешегі кеңес үкіметінің солақай саясаты. Қазақ аттан түсіп жаяу қалғасын, қолына қамшы ұстауды да қойды.
Көшпенді қазақ өмірінде қамшы – өнер туындысы, қамшы – рухани күш-қуат, қамшы – сый-сияпат, қамшы – жігіт пен қыздың сәні мен салтанаты, қамшы – азамат айбыны, қамшы – шебер қолдың айғағы, қамшы – алса қару, қалса мұра.
Қамшының қасиетін сипаттар болсақ, ең әуелі қамшы киелі зат орнында қолданылуынан көне түріктегі бақсы құралы атауы туындаған дейді. Адамға, отбасына, малға келген жын-шайтанды қуу, пәле, жала, ауруды аластау, айықтыруда бақсыға қамшы көмекке келеді.
Ілгеріде бақсылар «алты жылан ат етіп, екі жылан қамшы етіп» жын-шайтан соғатын болған. «Қара суды теріс ағызатын» Бағаналы Қойлыбай бақсы шақыру келгенде, өзі бара алмаған жерге қамшысын беріп жібереді дейтін аңыз кең таралған. Бақсының қамшысы киелi, ол сүйген мұрагерiне сыйға тартылады, солайша киелi бұйым тұмарлық ретінде сақталады.
Қазақ даласында қамшыгерлік өнері де кең тараған. Бұған көрнекті жазушы Оралхан Бөкеевтің «Қамшыгер» әңгімесін оқысаңыз көзіңіз жетеді.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде қалмақтар қазақтың ұрған қамшысынан қиралаңдап құлай берген соң, мейлінше тәнті болып: «Қазақтың қызын алма, қамшысын ал» деген екен. Ержүрек жаугер бабаларымыз ұрысқа: «Сес пірі қолдай гөр!» деп, қамшыларына сыйынып шығады екен.
Өкінішке қарай, қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі, қамшымен соғу-дың, ұрудың көптеген әдісі болған. Мәселен, олар: қамшы үйіру, қамшы білеу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орап тарту, шықпырту, оса тарту, тіле тарту, баса тарту, көсіп жіберу, серпе тарту, көсите тарту, салып қалу, сілтеп қалу.
Қамшының құқықтық қатынасты реттеуге байланысты қызметінің бірі «қамшы қазылық» деп аталады. Ол дау-дамайды ұрыс-соғыссыз, биге жүгіну арқылы шешуге байланысты қолданылады. Биге жүгінуге келгенде дауласып, айтысып, кінәласар алдында жерге қамшы тастап кезек алуы «қамшы тастау» деп аталынады. Жайшылықта үйге кірген адам қамшысын қолына алып төрге қарай озып, ортаға тастайтын болған. Ал екі бүктеп келiп, жамбасының астына басып отырса, дауласуға келгендігінің белгісі.
Қамшының құрылысын сипаттасақ, Доспанбет жыраудың «Қарағайлы көдік бойында, Қамшым қалды ойында: Бүлдіргесі – бұлан терісі, Өрімі – құнан білдің қайысы, Шырмауығы – алтын, сабы – жез», - деген жолдарында негізгі бөліктері айтылады. «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген өкінбес» деп жырлаған Доспанбет жырау әрі батыр да болған.

Сабы бүлдіргіден – қайыстан тілінген баудан, тобылғыға былғарыдан қапталған тұтқадан – ұстаулықтан, бас жағындағы былғарыдан жасалған алақанынан – жылан басты әшекейленген қайыстан тұрады.
Осы алақанға қайыс бау арқылы ошақ басы – қайыстан өрілген өрім бекітіледі де, ұш жағына мал айдар шашақ орнатылады. Алақан қамшының басы мен қайыс өрімді – ошақ басын біріктіріп, ошақ басының біткен жерін түйін дейді. Жылан басты қайыс алақанның ұшы періште шақырар шашақ деп аталынады.
Беті күмістен, алтыннан, жезден ою-әшекейленіп, асыл тастар орнатылып, жиектері қайыспен әдіптеліп көмкеріледі. Қамшының тұтқасына да күміс, алтын, жез қаңылтырға қазақтың ою-өрнегін әдістеп, бетіне асыл тас орнатылады. Сабының артқы жағына күмістен (алтыннан, жезден) сақина кигізіліп, таңба мөрін: ауылдың, рудың не болмаса шебердің таңбасын салады және бас жағына да әшекейленген жезден, не болмаса алтыннан, көбіне күмістен сақина салынады.
Сақинаға да қазақша ою-өрнектен түртпі салынады. Ең алдымен оның тобылғыдан жасалған сабына бір тоқталып өтелік. Тобылғы қазақ жерінің нулы-сулы, тоғайлы жерлерінде (ашық далаларда да) кездесе береді. Осы топталып өсетін ағаш келе-келе қатайып, темірдей берік болады және ыстық-суыққа төзімді, судан қорықпайды, жарылмайды. Тобылғыны қамшыға сапқа дайындайтын мерзімі қазіргі желтоқсан, бұрынғыша қаңтар айы.

/жалғасы бар/
Б.СӘТЖАНОВ,
Қызылорда қаласы
11 қыркүйек 2018 ж. 2 524 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области