ЖАҢҚАҒА ЖАН БІТІРГЕН ШЕБЕР
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының өзегі әлемге, мәдени жетістіктерімізбен, ұлттық болмысымызбен танылу. Стратегиялық құжаттағы басымдылықтарды Жаңақорған ауданы мектептері ұтымды үйлестіре бастады. Мәселен, №3 мектеп-интернатының технология және сурет пәнінің мұғалімі Үсен Шахан қолөнершіліктен табыс тауып қана қоймай, асыл өнерге оқушыларды баулуда.
Үсен Махамбетұлының қолынан шыққан тұрмыстық жиһазын жаңақорғандықтар жоғары бағалайды. Жастайынан әсемдікке, әдемілікке жаны құштар ұстаз ағаш өнерін жанына балалық кезеңінен серік етті. Талапты ұл Қауықта ақыл тоқтатты. Сонда саз балшықтан ойыншық жасап, қамшы өріп өсті. Студенттік жылдары оның дарындылығын байқаған елге әйгілі ағаш шебері Дәркімбай Шоқпарұлы жас жігітке Сыр бойында өсетін сәмбі талының табиғи қасиеттерін ұғындырып, ағаш июді үйретеді.
Осылай өнердің озық түрін меңгерген Үсен Шахан мектеп мұғалімі бола жүріп, бос уақытында шеберлігін шыңдап, тұрмыстық жиһаз бұйымдарын жасап, қосымша табыс көзіне айналдырды. Оның қолынан шыққан оқтау-тақтай, сандық, қобдиша, қалам салғыш, құмыра, қамшы, кітап сөресі, орамал ілгіш, балауыз шам тұғыры тағысын тағылары көздің жауын алады. Сондықтан мерекелік кештерде көрмеге қойылған бұйымдарына сұраныс түседі.
Бүгінде «Шебер қолдар» деп аталатын үйірмесінде 20-ға жуық оқушы шеберден ағаш өңдеуді үйреніп жүр. Жас шеберлер Нұркелді Өскенбаев, Айдарбек Бақберген облыстық «Жас шеберлер» сайысында жүлделі орын иеленіп, ұстазының сенімін ақтайды. Білім ордасының кіре берісінде жас шеберлердің қолдарымен жасаған кәдесыйлар қойылған. Осыдан-ақ, үйірменің жеткен жетістігін пайымдауға болатындай.
Ағаш шебері Үсен Шахан оқушыларына: «Жаңқаға жан бітіру үшін ұстаның бойында ұлттық рух асқақтап тұруы маңызды. Олай болмайынша бекінген істен қайыр болмайды. Ағаштың қасиетін білген, жүрегі таза, ниеттің адал жан ғана киелі өнердің тереңіне сүңги алады. Бұл өнердің өз қасиеті, өз жауапкершілігі, өз міндеті бар. Осыдан ауытқымаған абзал», – дейді.
Мақпал МАРҚАБАЙ.