АСЫҚ АТУ – БАТЫЛДЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕЙДІ
Ұлттық құндылық дегенде ең алдымен қазақы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз, ұлттық ойындарымыздың ойға оралатыны белгілі. Жалпы, қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Қазақың жігерлі, күш-қайраты тасыған, намысшыл ұлдары осы ұлттық ойындар арқылы шыңдалғаны белгілі. Қазақтың ұлттық ойындары баланы тек мықты болуға емес, сонымен бірге оның ой-өрісінің дамуына ықпал еттетінін жиі айтылып жүр.
Баланы дәлдікке, батылдыққа, шыншыл болуға тәрбиелейтін ұлттық ойынның бір түрі – асық ату. Сақаны сақаға соғып, мергендігін көрсететін бұл ойын түрін бүгінде республикалық деңгейде өткізіп жүр. Жазылмаған дала заңдылығымен ойналып келген бұл ойын ережесі 2011 жылы бекітілген болатын. Бүгінгі таңда асық ату ойынын кеңінен насихаттау барысында мектеп бағдарламаларына қосылған. Оның ішінде бес табан, қыздарға арналған бес тас ойыны да кеңінен насихатталуда. Мергендікпен қатар, шыдамдылыққа, ептілікке үйрететін ұлттық ойын түрі әлеуметтік желіге таңылып, смартфон мен компьютерге телмірген заманда өте қажет дүние. Яғни, асық атқан азбайды, керісінше ол жасқа да, жасамысқа да сергектік сыйлайды.
Ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу, ұлттық ойын түрлері мен тағам, дәстүрлерімізді меншіктеу де кемшілік танытып жататынымыз бар. Бірақ асық ату ойынын патенттеу мәселесі бүгінде түбегейлі шешілген. Асық ату ойыны ҚР Әділет министрлігінен ережесі бекітіліп, қазақтың ұлттық спорты ретінде патенттелген.