ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ – КӨМБЕ
Қазақ халқы ежелден адам бойына күш-қуат беретін, дәруменге толы тағамдарды тұтынған. «Ет етке, сорпа бетке» деп құнарлы тағамның адам тәніне зор пайдасы барында айтып өткен. Жалпы, қазақтың әрбір ұлттық тағамы таңдай қақтырары сөзсіз. Әсіресе, қазіргі күні ұмыт бола бастаған ұлттық тағам түрлері ерекше. Ал бұл ерекше тағамдар көбіне халықтың жағдайына қарай, тұрмыс-тіршілігіне қарай пайда болған.
Қазақ халқының көшпелі халық болғанын ескерсек, ұлттық тағамдар қатарында ұмыт бола бастаған көмбе тағамы бар. Тағамның бұл түрін бабаларымыз көбіне далада көшіп-қонып жүргенде немесе аң аулағанда ыдыс жоқ жағдайда жерді қазып, жас етті қарынға салып дәмді етіп пісірген.
Көмбені дайындау тәсілі әр өңірде әр алуан. Оңтүстік және солтүстіктің қазақтары аталмыш тағамды «қарын көмбе» деп атайды. Аты айтып тұрғандай, көмбе асын дайындауда анау айтқандай еш қиындық жоқ. Жерді үлкен қазан көлеміндей етіп қазып, шұңқырдың жан-жағы әбден қызғанша от жағылады. Қызған шұңқырдан оттың күлін алып тастап, тез арада жаңа сойылған қойдың немесе аңның етін қажетті қоспаларға араластырып өз қарнына салып буады. Аузына қамыстан ұзын түтік жасап, әлгі қызған шұңқырға салады. Қарынға қақпақ ретінде шұңқыр ішінен шыққан ыстық топырақты жауып қайта көмеді. Топырақтың үстіне қызуы мол ағаштардан от жағады. Қамыстан жасалған ұзын түтіктен бұдақтап бу шыға бастағанда, от жағуды тоқтатады. Дегенмен қарын тағы 2-3 сағат бойы ыстық топырақта жатып, өз буына өзі піседі. Дайын болған асты алу үшін топырақты ақырын ғана алып, қарынның үстінгі бөлігін ойып жіберіп, ішіндегі етті алады.