1941 жылы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталды
Kyzylorda-news.kz. Осыдан тура 74 жыл бұрын, яғни 1941 жылдың 22 маусымы күні, шамамен таңғы сағат 4 кезінде фашистік Герман әскері КСРО-ның батыс шекарасына басып кірді. Осылайша тарихта ІІ Дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы - Ұлы Отан соғысы басталды.
Гитлер 1939 жылы басталған ІІ Дүниежүзілік соғыста Батыс Еуропа елдерінің көбін жаулап алғаннан кейін, КСРО-ны басып алуға дайындыққа кірісті. 1940 жылы 18 желтоқсанда КСРО-ны қысқа мерзімде басып алу мақсатында дайындалған «Барбаросса» жоспарына қол қойды. Бұл жоспар бойынша Германия КСРО-ға қарсы негізінен үш бағытта шабуыл жасап, 8-10 апта ішінде соғысты аяқтау керек болды. Бірінші бағыт - Ленинград, екінші бағыт - Мәскеу, үшіншісі - Киев қалалары. Соғыстың түпкі мақсаты - социалистік ел КСРО-ны жою еді. 1941 жылы «Барбаросса жоспарын» жүзеге асыру үшін КСРО шекарасына 190 дивизия, оның 153 дивизиясы Германиядан, 5,5 млн адам, 47 мың зеңбірек, 4300 танк және 5 мың әскери ұшақ шоғырландырылды. Мұндай қарулы күшті жинақтау адамзат баласының тарихында бұрын-соңды болмаған. Кеңес үкіметі Фин соғысынан кейін ғана әскери күштерді қайта құрып, жаңа қару-жарақтармен жабдықтауға кірісе бастаған еді. Соғыс қарсаңында КСРО-ның әскер қатарында 5,3 млн. адам болды. Батыс шекарада 2,7 млн. адам, 170 дивизия, 147 танк және 1510 ұшақ, 375 әр түрлі зеңбіректер болды. Осы кезде Кеңес Армиясының қатарын тазарту мен репрессия кең етек алды. Кеңес Армиясының қатарындағы 5 маршалдың үшеуі репрессияға ұшырап (М.Н.Тухачевский, В.К.Блюхер, А.И.Егоровтар), атылды. 1937-1938 жылдардағы репрессия барысында 40 мың әскер басшылары тұтқындалды. 1941 жылы соғыс басталарда әскери және саяси басшылардың 70-75%-ы жаңадан келген, тәжірибелері жоқ жас адамдар болды.
Сөйтіп, Германия әскері басып кірен 22 маусым күні Баренц теңізінен Қара теңізге дейінге аралықта орасан зор шайқас басталды. Жау соққысына бірінші болып шекарадағы 485 застава қарсы тұрды. Бұл застава Белоруссияның батысында орналасқан болатын. Жау күштерінің басымдығына қарамай, олардың бірде-біреуі бұйрықсыз өз орындарын тастап кетпестен, соңғы қарулары қалғанша шайқасты. Олардың бәрі қаза болды. Брест қаласының қорғанысы кеңес жауынгерлері ерлігінің жарқын мысалы болды. Жан-жақтан түгел қоршауда қалған олар азық- түліксіз, сусыз бір ай неміс-фашист әскерлерінің шабуылдарын тежеп тұрды. Олар: майор П.М.Гаврилов, капитан Зубачев, полк комиссары Е.М.Фомин, қазақстандық Ө.Жұматов пен Е.Фурсовтар еді. Кеңес әскерлері кескілескен табанды күрес жүргізе отырып, шегінуге мәжбүр болды.
22 маусым күні күндізгі сағат 12-де еліміздің барлық радиостанциялары Кеңес үкіметі атынан сөйлеген В.М.Молотовтың кеңес халқына үндеуін таратты. Үндеуде фашистік Германияның тосыннан соғыс ашқанын, оның түпкі мақсаты кеңес халқын құлдыққа көндіру екенін айта келіп, «Біздің ісіміз адал, жау жеңілуі керек, жеңіс біздікі» деп аяқтады. Елдің батыс бөлігінде соғыс жағдайы енгізілді. КСРО халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитеті 1941 жылы 29 маусымдағы мәлімдемесінде кеңес халқын еліміздің әрбір сүйем жерін қорғап қалуға, майдандағы әскерлерге жан-жақты көмек ұйымдастыруға шақырып, елдің бүкіл өмірін майдан мүдделеріне бағындыру керек екенін айтты. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген үндеу бүкіл көпұлтты кеңес халқының жауынгерлік ұранына айналды.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К. Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е. А. Качань т. б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. 1941 жылы 24 маусымда 219 атқыштар полкі Литваның Шяуляй қаласында алғаш рет ұрысқа кірісті.
Қазақстандықтар жау әскерлерімен Перемышев, Мурманск, Одесса, Севостополь, Сталинград түбіндегі, Украина, Белоруссия жеріндегі жанқиярлық қарсылығына қарамастан немістер соғыстың бастапқы кезінде үлкен басымдылыққа ие болды. Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста шықты. Республикада жасақталған 316-атқыштар дивизиясына Мәскеуге апаратын негізгі өзекті жолдың бірі - Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков «Россия кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерді. Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай-ақ Мәчкеуді қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Габдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды.
Соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қатарына 1 млн. 200 мыңнан аса қазақстандықтар шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы жіберілді.
Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн. 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.
Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда - 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты.
Ұлы Отан соғысында КСРО 27 миллион адамынан айырылды. 600 000-ға жуық қазақстандық майданда шейіт болды.