ТУҒАН ӨЛКЕ –ТҰНҒАН ШЕЖІРЕ
Құлке асары Қызылорда қаласынан батысқа қарай 40-50 км қашықтықта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының оң қапталында «Шіркейлі» каналының сол жағалауында қазіргі Нағи Ілиясов атындағы ауылдың ескі қонысы – Карл Маркс колхозының жанында орналасқан. Кезінде Құлке төбесінің жанына патша өкіметінің жарлығымен 1911 жылы 50 балаға арналған интернатымен қоса 10 бөлмелі қыштан өрілген «Хан» мектебі салынып, онда осы төңіректегі көптеген ауылдың балалары оқыған.
Сәл шегініс жасайық, 1903 жылы тамыз айында Түркістан өлкесі, Сырдария облысы, Перовск уезі Кеңтүп болысына қарасты 4-ауылда «Хан» деген жерден екі кластық орысша мектеп ашылды. Мектеп аты да жергілікті жердің атауына орай «Хан мектебі» деп аталды. Себебі, Сырдария ауданы «Октябрь» колхозының бергі жағында Хан деген «қасиетті» ағаш болыпты. Жер атауы соның атымен аталса керек. Шын мәнінде, сол жерде бұрын егілген қызыл ағаш болған. Кейбір деректерде «Хан шиесі» деп те аталады. Жазды күндері ағаштың кескен жерінен қызыл сөл ағады екен. Діни адамдар соны халыққа қасиетті етіп көрсетпек болған көрінеді.
Мектеп үйі үшін «Кеңтүп» болысының болысы Мұңайтпас өзінің отырған жеке меншік үйін босатып берген. Балалар сонда оқыған. Сол жылы Тұяқбаев орыс тілінен, Асан Османов қазақ тілінен сабақ берген. Тұяқбаев әрі директорлық қызмет атқарған. Ол 1904 жылдан оның орнына директор әрі орыс тілінің мұғалімі Бабабек Есенов болды. Ол 1905 жылға дейін сол қызметте болыпты. Осы жылдан бастап, орыс тілінің мұғалімі және мектеп директоры орнына Қоңырқожа Қожықов тағайындалады.
1906 жылдан бастап, Перовск уезіне қарасты 4 болыс бірігіп, 12 балалық мектеп жанынан интернат ашады. Мектептегі барлық оқушылардың саны 20 болды. 1908 жылы мектеп директоры Қ.Қожықов мектептің 4 болыстың орталығы Шаған болысына қарасты 12 ауыл, Шіркейлі өзенінің жағасына көшіру туралы Перовск уезіне арыз жазды. Арыз қанағаттандырылып, 1909 жылдан бастап, 10 бөлмелі мектеп үйі және интернат салынып, 1911 жылы іске қосылды.(Мектептің орны – қазіргі Шіркейлі өзенінің сол жағасындағы «Құлке» төбесінің қасы).
Тарихынан сыр шертпеу мүмкін емес, талай дүл-дүл ақындар жырға қосқан, «Құлке» төбесі есте жоқ ескі заманда адам қолымен үйілген көп асарлардың бірі. Бұл жайлы Сыр сүлейлерінің ХХ ғасырдың ортасындағы көрнекті өкілі болған Қ.Баймағанбетов «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» атты толғауында:
«Қосасар», «Жетімасар», «Күмісқорған»,
«Құлке» ескі мұра көптен қалған,
Қаланың Ақмешіттей крепосын –
Жай екен, дейді үлкендер, – «Қоқан» салған деп Сыр бойындағы асар мен қорған тарихына тоқталып өтеді.
Ауылдағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп өз бастауын осы мектептен алған.
«Бала кезімізде (1960-1965 жыл шамасында) «Құлке төбесінің басына талай шығып, жабайы «хан шиені» теріп жеп, құмыра сынықтарын тауып алатынбыз. Төбені айнала қазылған ор мен қорғанның үйіндісі айқын көрініп жататын. Құлке жайлы аңыз әңгімені бала кезден естіп өстік», – деп жазыпты ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері Әбдімәжит Құтыбаев.
Онда былай делінген: «Ерте, ерте, ертеде Құлке атты бай мен бір айдаhар дос болыпты. Олар көп уақыт тату-тәтті өмір сүріпті. Бір күні бай жалғыз баласын табындағы жылқыларды қарап келуге жұмсап жібереді. Баласын бір күн күтеді келмейді, екі күн күтеді келмейді. Үшінші күні байдың өзі атына мініп, баласын іздеп шығады. Жолшыбай ескі досына келіп, амандық-саулық сұрасқан соң, өзінің жылқыға кеткен баласын іздеп шыққанын айтып, айдаhардан «баламды көрдің бе?» – деп сұрайды. Сөйтсе жас бала ініне кіріп бара жатқан айдаhарды көріп, қылышымен оның құйрығын шауып тастайды. Жарасы жанына батқан айдаhар інінен шығып, ашу үстінде баланы жұтып қояды. Болған жайды айдаhар досына айтып беріп былай дейді: «Досым, сенің балаң есің түсер, менің құйрығым есіме түсер. Сондықтан амал қанша қоныс аудармасам болмас» – деп қоштасып, басқа жақа кетіп қалған екен. Қазір айдаhарға мекен болған «Шаққан» деп аталатын екі құм төбешік Н.Ілиясов ауылының солтүстік шығысында 2 км жерде көрініп тұр. Ертедегі ел тарихына көз жіберіп, ғалымдар еңбектеріне назар аударсақ, аңыздың бірте-бірте ақиқатқа айналатынын байқауға болады.
ХХ ғасырдың аса ірі ғалымдарының бірі Ә.Марғұлан өзінің ғылыми еңбектері мен зерттеулерінде ғұндар мұрасына көп көңіл бөлді. Өзінің «Ежелгі жыр, аңыздар» атты еңбегінде белгілі ғалым К.Шираториге сілтеме жасай отырып, өте құнды мәліметтер берген болатын: «Шираторидің зерттеуінше, ғұндар мен үйсіндердің ел басқарған кісілері қазақ тіліне жақын сөйлеген, бірақ қытай иероглифі бұл сөздерді бұзып жазған. Мәселен, Унгуйми – қазақша Оңғарбай, Тулехе – қазақша Төлеке, Хулеке қазақша – Құлке (бір тайпаның аты) – деп Құлкені ғұндардың бір тайпасының аты екені атап көрсетілген. Ә.Марғұлан осы еңбегінде «Ғұндар біздің заманымыздан үш ғасыр бұрын Күншығыс Түркістан мен Каспий теңізі арасында үлкен керуен жолын жасап, оған түйелерді көлік ретінде пайдаланған» – деп Бичуринге сілтеме жасаған. Осы керуен жолы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан асарлар тізбегі арқылы өтіп, Арал, Каспий теңіздеріне, онан әрі Жайық пен Еділге көктей өтіп, Қара теңізге дейін барғаны белгілі. Олай болса Құлке хун заманында керуен тоқтайтын жер әрі әскери бекініс болған, онда Хундардың Құлке тайпасының сарбаздары қызмет атқарған деп болжам жасауға болады.
Ал аңыздағы «Айдаhар – Қытай империясы. Ғұндар өзінің тәуелсіздігін сақтау үшін Қытаймен мың жылдай соғысты. Ғұндардан қорғану үшін қытайлар Ғұндармен шекараға Ұлы Қытай қорғанын тұрғызуға мәжбүр болды.
Хан дәуірінде қытайлар күшейіп, үлкен ғұн ордасын әлсіретіп, оларды Алтай, Жетісу, онан әрі Сырдария бойы арқылы көшулеріне мәжбүр етті. «Құлке туралы аңыз» шамасы хан дәуіріндегі оқиғалар негізінде туып, ұрпақтан-ұрпаққа таралып, бүгінгі күнге жеткен болуы керек. Өйткені Құлке жайлы осы аңыздан басқа әңгіме, аңызды ел ішінен кездестіре алмадық. Ал Құлке тайпасына келсек, аумалы-төкпелі жаугершілік заманда талай тайпалар ыдырап, басқа тайпалар құрамына кіріп, сіңісіп кетіп отырған. Олай болса «Құлке» тайпасының ұрпақтары да осы күні қазақ халқын құрайтын тайпалар мен рулардың ішінде басқа атпен аталып, өмір сүріп жатуы да мүмкін.
Өйткені Ғұндардың әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің бұл күнде тікелей мұрагері қазақ халқы екені сөзсіз. Мысалы, баланы бесікке бөлеу, жылқының етін жеп, сүтін ішуі, қадірлі қонаққа қойдың басын тартуы, құмалақ ашып немесе жауырын сүйекпен түс жору қазақ халқында ғана сақталған. Мұндай әдет-ғұрып оғыз немесе қарлұқ мәдениетін жалғастырушы халықтардың ешқайсысында жоқ.
Жер тарихы – бұл ел тарихы! Олай болса, көненің көзіндей болып, көне тарихтың сыртын бауырына басып, талай замандардан бері «Құлке» өз зерттеушілерін күтіп жатыр.
1912 жылы Қожықовтың орнына мектеп директоры және орыс тілінің маманы Суханов келді.
1913 жылдан бастап, директор және орыс тілінің мұғалімі Иванов келді. Осы кезге дейін қазақ тілінің мұғалімі болып келген Асан Османовтың басқа қызметке ауысуына байланысты Жақанов келді. Ол 1932 жылға дейін жұмыс істеді. Мектеп 1932-33 жылдары ашаршылыққа байланысты жабылып қалды.
Совет үкіметінің алғашқы жылдарында мектепті бітірген оқушылар партия мен өкіметтің декреттері мен нұсқауларын бұқара арасында насихаттауда белсене жұмыстар жүргізген. Олардың кейбірі партия және совет орындарында жауапты қызметтер атқарды. Солардың ішінде осы мектепті 1932 жылы бітірген, №1 совхоздың директоры, Совет Одағының Батыры Нағи Ілиясов болды. Қазір ауыл батырдың есімімен аталады.
1932-33 жылдары колхоздастыру кезіндегі асыра сілтеушіліктен болған аштық кезінде мектеп жабылып, 1934 жылы әр ауылдан бастауыш мектеп ашылып, 1935 жылдың қыркүйегіне дейін бос тұрды. 1935 жылы Халық Комиссарлар Советінің «жалпыға бірдей міндетті оқу», «жетіжылдық оқу заңын» енгізуіне байланысты, «Шымкент» облысы, «Қызылорда» ауданына қарасты №6,7,8 ауылдардың ортасынан жетіжылдық мектеп болып қайта құрылды. Бұрын «Хан мектебі» деп аталып келсе, енді Құлымбетов атындағы мектеп болып аталды. Мектеп директоры Ілияс Сәрсенбаев болған.
1937-38 оқу жылында мектеп «Шіркейлі мектебі» деп аталды. 50 балалық қоғамдық интернат ашылып, онда №6,7 ауылдың 5-6 сыныбында оқитын оқушылар орналастырылды. Осы оқу жылында мектеп директоры болып С.Дұрысов тағайындалды.
1938-39 оқу жылында №7 ауылдан «Қызыл Ту», №6 ауылдан «Октябрь» жетіжылдық мектептердің ашылуына байланысты, №8 ауылдың «Қызыл коммуна», «Еңбекші», Мақпалкөл» колхоздарының балаларын қамтыды. Осы жылы жетінші сыныпты 5 оқушы бітіріп шыққан. 1940-41 оқу жылында мектеп директоры Рахметұлла Сұлтанов болған, мектептегі бала саны 43-53-ке көбейген. Мектеп бітіруші түлектер саны 18 болған. Олардың қатарында Алмат Наурызбаев, (Ұлы Отан соғысына қатысқан, №1 совхозда партия ұйымының секретары болған).
1941-45 жылғы Ұлы Отан соғысына мектептің 21 түлегі қатысқан. Оның ішінде 2 адам хабарсыз кетсе, аман-есен елге оралғаны – 10 адам. Олар түрлі шаруашылық, халық ағарту салаларында жұмыс істеді. Орден, медальдармен наградталғандары – 10 адам. Ал, осы соғысқа қатысқан мұғалімдер саны – 12 болса, оның 9-ы хабарсыз кеткен. Екеуі келгеннен соң қайтыс болған. Жоғары орден, медальмен наградталған – Нағи Ілиясов, Совет Одағының Батыры.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі 1945-46 оқу жылында мектеп директоры Әлайдар Досжанов болған тұста мектеп бітірушілер саны – 12 бала болған. Ал, 1946-47 оқу жылының басында мектеп директоры Князев, соңында Дәуренбеков болған. Мектепті 5 бала тәмамдаған. Тек 1951-52 жылдан кейін ғана мектеп бітіруші түлектер саны арта бастаған.
1955-56 оқу жылында Карл Маркс колхозының №1 Жаңа-Арық ауылына қосылуына байланысты мектеп жабылып, бастауыш сынып болып қалады. 1956-57-58 оқу жылдарында қайтадан осы жерге қоныстануына байланысты жетіжылдық мектеп болып ашылды. Мектеп директоры – А.Наурызбаев болады. Бала саны 23 болған.
1959-60-61 оқу жылында мектеп директоры – А.Наурызбаев, мұғалімдер Т.Айтбаев, Жүсіпбеков, Сардарбеков, Ахметов, Омарова, Мұқанов, Қошпанова, Қорғанбаева. Мектепті 20 бала бітірген. Олардың қатарында А.Божанова да болған. А.Божанова мектепті аяқтағаннан кейін осы мектепте оқытушылық қызмет жасаған. 1961-62 жылдары мектеп директоры Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдаған Т.Айтбаев болады. Осы жылы «жалпыға бірдей міндетті сегізжылдық оқу заңына» байланысты сегізжылдық мектепке айналды. Сондықтан бұл жылдары оқу бітіруші түлек болмаған.
1970 жылдары ауыл орталығында жаңа 3 қабатты мектеп құрылысы салынып, Э.Тельман аты берілді.
2003 жылы 3 қазанда осы мектепте балалардың білімін жетілдіруге 42 жыл аянбай қызмет еткен, оның 26 жылында мектеп директоры болған ардагер ұстаз, Қазақ КСР-і Халық ағарту ісінің үздігі Түймебай Айтбаевтың аты берілді. Марапаттары: КСРО Халық ағарту ісінің үздігі (1985) белгісімен, «Ұлы Отан соғысы» медалімен марапатталған. Халыққа білім берудегі ерен еңбегі үшін құрметті «Ғасыр мұғалімі» атанған. Қазір мектеп №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп болып аталады. 115 жылдық тарихы тереңде жатқан мектеп өз қабырғасынан талай жақсылар мен жайсаңдарды түлетті. Бұл мектептің түлектері Республиканың, облыстың түрлі салаларында қызмет жасауда.
Совет Одағының Батыры да, Социалистік Еңбек Ері де түлеп ұшқан мектептің қасиетті қоңырауы (суретте) аудандық «Еңбек даңқы» музейі жәдігерлерінің қатарын толықтырып тұр. Ғасырдан аса тағлымды тарихы бар білім ұясынан әлі де сан алуан саланың майталмандары түлеп ұшатынына сеніміміз мол.
А.МАРАТҚЫЗЫ