АҚКІСІ БАРАҚҰЛЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, білім беру саласында өлкентану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Ел Президенті ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні осында.
Теңіз төскейіндегі ауданда батыр бабаларымызға, от ауызды, орақ тілді билерімізге құрмет көп жылдан бері жалғасып келеді. Елбасының «Болашаққа бағар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі мақсаты да осы. Біз осы орайда Арал ауданында орналасқан тағы бір тарихи жәдігер жайында аз-кем әңгіме өрбітпекпіз.
Бәріміз бала болдық. Ат құлағында ойнап, айшылық алыс жерлерге бармасақ та ауыл маңындағы көзге көрінер жерлердің басында болдық. Қой бағайық, басқа қылайық, әйтеуір туған жеріміздің тау-тасы мен өзен-көлі біз үшін бес саусақтай таныс болды.
Алайда, бала күнімізде көп табанымыз тиген сол бір жерлердің арғы-бергі тарихына терең үңілмеппіз. Жас күнімізде біз басына көп шыққан биік төбелердің бірі – Ақкісі деп аталатын. Атауы әлі де солай. Төбесіне шықсаң төңіректегі жортқан жанның барлығы көрінетін биік төбенің басынан орын тепкен осы бір тарихи кесененің қойнына бүккен бір сыры бар секілді. Байқап қарасақ, кескіндемесі келіскен үлкен кесене.
Бұл жерде атақты Барақұлы Ақкісі деген батыр әрі қолбасшы жатыр екен. Сонау 1734 жылдары шамамен 94 жасында қайтыс болған бұл кісі жайында тарихи деректер де жоқ емес. Ақкісі Барақұлының балалары да есімі елге белгілі тарихи тұлғалар болған деседі. Енді заманында есімі елге белгілі болған Ақкісі бабамыз жайында жиған-терген тарихи дерекке тоқтала кетсек.
Шекті руынан шыққан Айтұлы Тілеу бабамыз осы Ақкісінің Сұлу есімді қызын алған екен. Сол Сұлу әжемізден Тілеуұлы Мөңке би бабамыз туған. Міне, осы Тілеуұлы Мөңке бидің туған нағашысы Барақұлы Ақкісі бабамыз екен.
Қырғыз аталығының ұрпағы Барақұлы Ақкісі қызы Сұлуды ұзатқанда жанына қырық қыз, қырық ұл қосып жіберген. Және де ұзатардың алдында Айтұлы Тілеуге екі-үш шарт қойған. Яғни, еліне жеткенше араларында қандай да бір қарым-қатынастың болмауын өтінген. Қырық жігітке өз алдына жер, алдына мал беріп, олардың қазақ елінің қыздарына үйлендіруін талап еткен. Ал, қырық қызды жасауымен қазақ жігіттеріне ұзатуды айтқан. Сондай-ақ, алдағы болашақты болжап, өмірге атына заты сай ұл бала келетінін айтқан. Міне, осылайша ғасырдан ғасырға созылған іргелес байланыстың арқасында рулы елдің арасында татулық пен бірлік үстемдік құрғандығы жайында тарихи әңгімелер айтылады.
Иә, бұл кесененің нақты қай уақытта салынғандығы жайында мәлімет жоқ. Алайда, Ақкісі бабамыз 1734 жылы дүниеден озған деген тарихи деректемелерді алға тартатын болсақ, кесене 1800 жылдардың басында салынған болуы мүмкін. Ауыл үлкендерінің айтуы да осыған саяды.
Осыдан оншақты жылдай бұрын бұл кесенеге Ақтөбе облысынан ұрпақтары келіп, арнайы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген еді. Бүгінде бұл кесене жылдар бойғы қар суы мен толассыз жауған нөсер жауынға, үздіксіз соққан қара дауылға төтеп беріп келеді. Демек, бұл нысанның құрылыс сапасы жоғары деңгейде салынған.
Өкініштісі, осы кесененің осы кезге дейін мемлекет қамқорлығына алынбағандығы. Бәлкім, зерттеуді қажет ететін тарихи жәдігерлер ауданымызда көптеп кездесетін шығар. Алайда, әрбір жердің өзіндік тарихы, қойнына бүккен құпияға толы сыры бар.
Біз өшкенімізді қайта жаңғыртып, өткеннен сабақ алу арқылы келешекке көш түзейміз. Сөз соңында айтарымыз, Елбасымыз айтқандай тарихты білу әрбір ұрпақтың борышы.
А.БИСЕНОВ,
Арал ауданы