Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ОҒЫЗ-ҚЫПШАҚ ДӘУІРІ. ҚАЛАЛАРДЫҢ ГҮЛДЕНУ КЕЗЕҢІ

ОҒЫЗ-ҚЫПШАҚ ДӘУІРІ. ҚАЛАЛАРДЫҢ ГҮЛДЕНУ КЕЗЕҢІ


Елбасының «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз бергені белгілі. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды. Оған Қызылорда облысынан 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Бұған қоса, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, нақты кезеңде облыстың 12 музейінде «Рухани жаңғыру» тақырыбы ескеріле отырып, экспозициялар жаңартылды. Біз аталған музейдегі жаңтыртудан өткен «Археология» залы туралы мақалаларды оқырман назарына ұсынуды жалғастырамыз.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі – облыстағы ірі мәдени орталықтардың бірі. Қазіргі күні музей қорында өлкеміздің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін сан ғасырлық тарихынан терең сыр шертетін 55 мыңнан астам экспонат сақталуда. Музейдің археологиялық қорындағы экспонаттар ұлтымыздың баға жетпес байлығы болып табылады.
Еске сала кетсек, 2015-2016 жылдары облыстық музейдің 11 залдан тұратын экспозициясы толыққанды қайта жаңғыртылды. Соның ішінде Сыр өңірінің ертедегі тарихын баяндайтын "Археология" залының экспозициясын ерекше атап өтуге болады.
Сыр өңірінің оғыз дәуіріндегі ірі қалалардың бірі – Жанкент қалашығы. Қалашықта 1867 жылы П.И.Лерх және геодезист М.Е.Приоров Жанкентте алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 1946 жылы ХАЭЭ С.П.Толстовтың жетекшілігімен алғаш әуеден суретке түсіріп, жоспарын жасайды. Қаланың көлемі 375х225 м., шығыстан батысқа қарай созыла орналасқан. Солтүстік-батыс бұрышында орналасқан цитаделінің көлемі 100 х100 метр, биіктігі 7-8 метр сақталған. Сыртқы қорғаныс қабырғасының сақталған бөлігінің биіктігі 8 м. [Аржанцева И.А., Рузанова С.А., Тажекеев А.А. Археологические исследования городища Джанкент // сайт Археология Средней Азий. 2012. 1б.].
2005 жылдан бастап Жанкент қаласының орнында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, Ресей Ғылым Академиясы Этнология және антропология институтының және Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының біріккен археологиялық экспедициясы тұрақты түрде қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспозицияда 2014-2015 жж. Жанкент қалашығынан табылған керамикалық ыдыстар орын алды.
Сығанақ қаласының халқымыздың тарихына қосқан үлесі өте зор. Өйткені, Сығанақ Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІV-ХV ғғ.), Қазақ хандығының (ХV-ХVІ ғғ.) астанасы болды. Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағының бойында орналасқан Сығанақ қаласы Шығыс пен Батыстың көптеген ірі қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды роль атқарды. Алғаш рет қаланың Сығанақ деген атауы ХІ ғ. ортағасырлық атақты ғалым Махмут Кашқаридің "Түркі тілінің сөздігі" атты еңбегінде жазылған. ХІ-ХІІ ғғ. Қарахан мемлекеті кезіндегі жазба деректердің барлығында дерлік қаланың аты жиі кездеседі. ХІХ-ХХ ғғ. қаланы алғаш рет зерттеген орыс ғалымдары болды (П.И.Лерх, И.А.Кастанье, В.А.Каллаур, В.В.Бартольд, А.Ю.Якубовский, А.Н.Бернштам т.б.). Алайда бұл кездегі зерттеулер толыққанды жүргізілмей, тек қаланың сипатымен ғана тоқталды. ХХ ғ. ІІ жартысында Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы К.Ақышевтің жетекшілігімен қаланы алғаш рет топографиялық жоспарын жасайды.
Қаланың жоспары бесбұрышты болып келген. Солтүстік бөлігі - 275 м, солтүстік батыстан батысқа қарай - 175 м, оңтүстік-батыстан, батысқа - 190 м, оңтүстігі - 175 м, оңтүстік-шығыстан шығысқа - 320 м, оңтүстік- шығыста орналасқан қала қақпасының дәлізінің аумағы - 20 м, қала бекінісінің кей жерлерінің биіктігі 6-7 м, шахристан мен рабаты бесбұрышты солтүстік бөлігі - 250 м, батыс бөлігі - 650 м, оңтүстік бөлігі - 250 м, оңтүстік-шығыс бөлігі - 450 м, солтүстік-шығыс бөлігі - 350 м. [Свод памятников историй и культуры Республики Казахстан. Кызылординский область. Алматы, 2007.147 б.].
2003 жылдан бастап қала орнында археологиялық зерттеу жұмыстарын Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры, археолог-ғалым С.Жолдасбаевтың жетекшілігімен Сығанақ археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспозицияға Сығанақ қалашығы туралы деректер, қалашықтан табылған шыңылтырлы керамикалық ыдыстардың түрлері (хум, құмыра, кесе т.б.) орналастырылды.
/жалғасы бар/
Асхат САЙЛАУ,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғалым-хатшысы
13 тамыз 2018 ж. 1 080 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области