Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ӘУЕЛБЕК ҚОҢЫРАТБАЕВТЫҢ ЗЕЙНОЛЛА ШҮКІРОВКЕ ХАТЫ

ӘУЕЛБЕК ҚОҢЫРАТБАЕВТЫҢ ЗЕЙНОЛЛА ШҮКІРОВКЕ ХАТЫ


Хат – ықылым заманнан бері бүгінгі күнге дейін әлеуметтік маңызы зор жанр. Хат мәтіні – мәдени және тарихи мәні зор жанрлардың бірі, жазба тілдің ежелгі формаларының бірі. Көптеген ғалымдар хатты «Эпистолярлық стиль», «Эпистолярлық әдебиет», «Эпистолярлық жанр» деп атап жүр.
«Эпистолярия» грекше (epistole) «хат» деген мағынадан шыққан. Қазақ Кеңес энциклопедиясында: «Эпистолярлық әдебиет, эпистолография (грекше «жолдау», «үндеу») – хат түрінде жазылған сан алуан шығарма. Эпистолярлық әдебиетке жеке адамдардың бір-біріне жазған, мәдени маңызы бар, әдеби мұраға айналған хаттары да жатады.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында жинақталып, сақталған хаттарды зерттеп, қазақ әдебиетінің алыптарының Сыр елінің белгілі ақыны, әрі жазушы З.Шүкіровке жазған хаттарын назарларыңызға рет-ретімен ұсынып отырмыз.
Облыстық музей қорында сақтаулы хаттардың ішінде күнделікті тұрмысқа, үй ішіне, жеке басына қатысты жайлар сөз етілген хаттармен қатар, ғылыми-біліми, әлеуметтік мазмұндағы хаттар да кездеседі.
Сондай хаттардың бірі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында 1905 жылы туылып, 1986 жылы дүниеден озған филолог, фольклортанушы, түрколог ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың Зейнолла Шүкіровке жазған хаты:
«Зейнолла шырақ! Ағалық сәлемнен соңғы айтарым – өлеңдеріңнің стилі туралы еді. Жинағыңды қолға түсіре алмадым, тек «Теңіз», «Екі өлең» («Ленин жолы», 1960, 24/І) сияқты нәрселеріңді көріп қаламын. Өлеңді қысқа, тартымды етіп, сезімге, образға құрады екенсің. Сөзіңде үлкен серпін бар. Ол серпіннің сырын, әдістік мәнін өзің қалай түсінетініңді мен білмеймін, меніңше, ол романтика стиліне тәне нәрсе. Басқа кісілердің, мысалы, фактыны жадағай жырлаушылардың сөзінен сенің ерекшелігің сонда. Сол номердегі Есмаханов стилімен салыстырғанда, лирикалық өлеңнің сендегі стилі анағұрлым әсерлі, көркем. Бірақ үлкен тұлға жасау үшін, тема ұсақтығына, жан зарына көп беріліп кетпеу үшін кейде сол стильмен поэма жазып көрген жөн. Жұрт ұзақ өлеңнің бәрін поэма деп қабылдауында емес, сюжеті, тартысы бар, ерлік не жеке геройлық характерді жырлау ретінде айтамын. Бұл үшін Пушкиннің. Лермонтовтың, Абайдың, кейде басқа поэзия классиктерінің де (Гете, Шиллер, Байрон, Есенин) мағналы, арқаулы поэмаларының әрі проблемасын, әрі құрылысын образдау, баяндау, сезім элементін қосу нақыштарын үңіле зерттеген жөн. Ендігі оқу – сол. Аз да саз болсын.
Екінші бір ерекшелігің, сенде «Асқар тау, шалқар көл» деп келетін дайын сөз, сөйлем статикасы жоқ, сөзден түйін түйгендей сөздердің жатысы, жігі тыңнан ойысып, құбылып, ойнап жатады. Тұрақты төредей, орын теуіп қалған стандарт жоқ. Бұл – жақсы белгі. Тек сол түрде сезім түйіндерін жырлай отырып, қайталау, тема өлпеңдігінен де сақ болған жөн. Бұл сенде әзір зеріктірерлік емес. Онан соң, «айдат», «жүрет» деген сияқты қысқартуларға, етістік қосарына барма, «боп қонақ» ауырлау, бірақ жаман емес.
3/ІІ.1960. Әуелбек Қоңыратбаев. г. Кзыл-орда, пер. Амангельды, 39» [6].
Ә.Қоңыратбаев хатты жұмсақ түрде «Зейнолла, шырақ!» деп бастаған. Хатта «Ленин жолында» басылған «Теңіз», «Екі өлең» өлеңдеріне әдеби талдау жасаған. Ғалым Ә.Қоңыратбаевқа Зейнолла ақынның өлеңі, жазу стилі ұнағандығы байқалады. Романтика стилімен жазатынын баса айтып және осы стильмен поэма жазуға кеңес берген. Сонымен қатар, шетелдің поэзия классиктерін оқып, зерделеп, тәжірибе алмасуын сұрайды. Жырларында қатып қалған стандарттың жоқтығына қуанып, мақтап, «сөзден түйін түйгендей сөздердің жатысы, жігі тыңнан ойысып, құбылып, ойнап жатады» деп Зейнолла өлеңдеріне жоғары баға берген. Хат аман-саулық білісіп, жағдай сұрасуға емес, таза әдеби сынға арналған. Хат жып-жинақы, сауатты, сыни ойға құрылған. Хаттан белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаевтың З.Шүкіров шығармашылығына немқұрайлы қарамайтыны, ғалым ретінде өлеңдерін сынға алған ағалық көмегі сезіледі. Хат сауатты, тиянақты әрі жинақы жазылған.
Сыр топырағынан шыққан дарынды ақын-жазушы Зейнолла Шүкіровке жазылған хаттардың әрқайсысы бір-бір эпистолярлық әдеби шығарма. Әр жазылған хат қазақ еліне белгілі тұлғалардың З.Шүкіровке деген көзқарасын, ішкі мәдениетін, сауаттылық дәрежесін байқатады. Хаттарда әдеби тұлғалардың күйініші, сүйініші, өкініші, өмір мен саясатқа деген көзқарасы да бүкпесіз ақтарыла айтылған.
Әйгерім БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің бөлім меңгерушісі




13 қыркүйек 2018 ж. 1 255 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области