Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТҰРАННЫҢ БАТЫР ӘМІРІ ТУРАЛЫ ТАРИХИ РОМАН

ТҰРАННЫҢ БАТЫР ӘМІРІ ТУРАЛЫ ТАРИХИ РОМАН


Әлем өркениеті тарихындағы мемлекет басқарған хандар, патшалар, корольдер, әмірлер туралы көркем әдебиет шығармаларының да қалыптасқан дәстүрі бар. Мемлекет билігіндегі жеке тұлғалардың көркем әдебиет туындылары арқауына алынуы, олардың әдеби тек түрлері(эпос, драма, лирика) жанрлары шығармаларындағы әдеби-тарихи бейнелерінің сомдалу себебі – олардың өздері басқарған мемлекетін, халқын аман сақтау, дамыту, мәңгілік мызғымастай етіп нығайту, күшейту еңбектерінің халық көңілінің жылы ықыласын иеленгендігі. Йоллығ Тегіннің «Күлтегін», «Тоныкөк», Гомердің «Илиада», «Одиссея», Низамидің «Ескендірнама», Науаидің «Ескендір қорғаны», хакім Абайдың «Ескендір», Т.Ізтілеуовтің «Шаһнама», А.С. Пушкиннің «Мыс салт атты» дастандары, т.б. туындылар – батыр-патшалар туралы эпикалық шығармалардың бастаулары.
Жауынгерлік-қолбасшылық және елді даналықпен басқару жұмыстарымен өз Отанын өркениет кеңістігінлегі мәңгілік абырой биіктігіне көтеріп кеткен тарихи тұлғалар туралы прозалық эпикалық туындылар да әлем оқырмандарының қабылдау психологиясы бойынша жылы сезіммен бағаланған. М.Әуезовтің «Хан Кене», А.Толстойдың «Бірінші Петр», В.Г.Янның (Янчевецкийдің) «Шыңғыс хан», «Бату хан», «Бату ханның соңғы жорықтар», И.Ясашидің «Көкжал» (Шыңғыс хан туралы), І.Есенберлиннің «Қаһар», Ұ.Доспанбетовтің «Абылайдың ақ туы», М.Мағауиннің «Шыңғыс хан», Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» және т.б. жазушылардың туындыларында ерлік пен елдік ұстанымы биіктігінде болған тұлғалар тағдыры көркем шындықпен бейнеленген.
Белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс Баһадүр» романы – Орта Азиядағы Тұран елінің, оның бас қалалары Самарқан мен Нұрата қалаларының Әмірі болған Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы (1976-1656) туралы тарихи эпикалық шығарма. Тарихи роман – өмір шындығы деректерін негізге ала отырып, сюжеттегі оқиғалардың, кейіпкерлердің дәуіріне лайықты мінез-қылығымен, іс-әрекеттерімен, әлеуметтік ортасының шынайлығымен, материалдық және рухани мәдениет дамуы деңгейлерінің, тарихи-этнологиялық ерекшеліктерінің сәйкесітігімен айқындалатын эпикалық туынды. Тарихи романдар авторларының көркемдік қиялы желілерінде де суреттеліп отырған кезеңдердің географиялық-топонимикалық ерекшеліктері, кейіпкерлердің киген киімдері, тұрмыстық құрал-жабдықтары, әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, халықтық-этнографиялық болмысы – бәрі де шығарма арқауындағы кезеңдерге сәйкестігімен ерекшеленеді.
«Жалаңтөс Баһадүр» романына арқау болған тарихи кезең және басты кейіпкердің түптұлғасы туралы дерекнамалық-тарихнамалық бағалаулар (М.Қозыбаев, Ж.Мұратбаев мақаласы) туындының тарихилық сипатына негіз болады: «Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы (15.09.1576-1656)... мемлекет қайраткері, батыр, қолбасшы, би. Әйтеке бидің үлкен атасы. ... Жалаңтөс Баһадүрдің беделінен сескенген Имамқұл 1626ж. Бұқар хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөс Баһадүрді Әмір етіп тағайындады және бас қолбасшылықты Жалаңтөс Баһадүрдің өзінде қалдырады. Жалаңтөс Баһадүрге Үндістан, Хорезм, Тибет, Ресей, т.б. елдерден сыйлықтар келіп тұрады. Жалаңтөс Баһадүр дарынды қолбасшы ғана емес, ол ұлы сәулет өнерінің де қамқоршысы бола білді. Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан 1620-1636ж. «Ширдор» («Арыстан қақпа») медресесін салдырады. 1646 жылы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» («Алтынмен апталған») медресесінің құрылысын бастайды, ... Жалаңтөс Баһадүр шын мәнінде өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып, Самарқан, Бұқара, Ташкент, Түркістан төңірегін ғана қорғаған жоқ, оған қоса қазақ сахарасының да қорғаны бола алды. 1640 жылы жоңғарлардың Батыр қонтайшысына қарсы 30 мың қолмен шығып, 50 мыңдық қолды талқандайды. 1643 жылы Жалаңтөс Баһадүр Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғарларға қарсы шайқасып жатқан Салқам Жәңгір ханға 20 мың қолды бастап көмекке келеді де, қалмақтарды ойсырата жеңеді. 1644 жылы Пәкстан, Ауғанстан, Үндістан аумағын билейтін Моғол империясы мен Бұхар хандығы соғысады. Салқам Жәңгір 100 мың қолмен Жалаңтөс Баһадүрге көмекке келеді де, Бұхар хандығы аман қалады. Жалаңтөс Баһадүр Кабул, Мешхедті басып алды. Бабырдың ұрпағы Жаһан шаһтың екі баласы басқарған моғол әскері Балх түбінде жеңіліс тапты. ...Жоңғарлардың қазақ сахарасына қарсы жасаған соғыстары кезінде Қазақ хандығының қалың қолына келіп қосылып, оның күшін еселеді. Жалаңтөс Баһадүрдің мұндай әрекеті оның қайраткерлігін танытты» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2001.-3-том: Г-Ж.-720б.; 489-490-бб.). Демек, Жалаңтөс Сейітқұлұлы – жалпытүркілік дамудың көрнекті тұлғасы. Ежелгі сақ-массагет, ғұн, түркі халықтарының ортақ тарихының көрнекті тұлғаларының қатарында оның есімі де аталады. Бұл – жалпыадамзаттық өркениет тарихының заңдылығы.
«Жалаңтөс Баһадүр» романының тақырыбы – ХVI-XVII ғасырлардағы Орта Азиядағы түркі халықтарының (қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, т.б.) тұрмыстық-әлеуметтік өмірі, идеясы – мемлекеттік басқару істері мен жауынгерлік-қолбасшылық қасиеттері тұтастығындағы жеке тұлғаның тарихи дамуға ықпалын таныту. Романның композициясындағы сюжеттік бөліктерде мынадай оқиғалар жүйелене көрінеді: біріншісі – Нұрата өңіріндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ халықтарының ханы Сейітқұлдың отбасында дүниеге келген Жалаңтөстің балалық шағы, жапон жігіті Чин Чинмен жаттығулары, Бұхар хандығының жоғары дәрежелі қолбасшылар дайындайтын соғыс мектебінен, Бағдаттағы даналық үйінен білім алғаны; екіншісі – Жалаңтөс Баһадүрдің Бұхар хандығына қарасты халықтар (қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ) мекендеп отырған Жиделі-Байсын, Мауереннахр өңірлерін жоңғарлардан қорғау соғыстарын басқарған қолбасшылық, жауынгерлік жорықтары; үшіншісі - Жалаңтөс Баһадүрдің Иран шахының, Моғол империясының әскерлерімен соғысы; төртіншісі - Жалаңтөс Баһадүрдің Самарқан әмірі кезіндегі қалаға сәулет өнері ғимараттарын салдырғаны, оқу-ағартуды, отырықшылықты, елдің бірлігін, берекесін қалыптастырудағы қайраткерлік қызметі.
Басты кейіпкер Жалаңтөс – балалық, жастық шағынан бастап, жеке басының батырлығымен, жауынгерлік-қолбасшылық қасиетімен халыққа даралана танылған батыр. Тарихи жаратысылындағы дене қуаттылығы, білек күші, жүректілігі – роман сюжетінің кезеңдеріндегі оқиғалармен дәлелденген. Бұхар ханының соғыс мектебіндегі күрес жаттығуларындағы бес-алты баламен, хан баласы Иманқұлмен күрес сайыстарындағы жеңістері, қалмақтармен, ирандықтармен жекпе-жек шайқастарындағы қол күші мен қылыш, шоқпар сілтеудегі әбжілдігі қосылған әрекеттерінің жеңісті сәттері – оның айырықша жауынгерлік қуаттылығын даралай танытады. Мысалы, Әмудария мен Сырдария өзендерінің құярлық сағасына елу шақты сарбазымен тосқауылда – барлауда жүргенде кездескен қалмақ басшысымен жекпе-жектегі қимылдарының табиғи суреттелгенін оқимыз: «Қалмақ басшысы қалқанын қалқалап, қылышын шағылыстыра жарқылдатып, ауаны үш-төрт рет тіле сермеп, айбарлы сұс көрсетті. Қасына келген Жалаңтөске қылышын сермей бергенде, бұл қиялай шапты да, қолын білегі тұсынан қиып түсті. Қан моншақтап сауылдай жөнелді. Ат басын бұра бергенде қылыштың өткір жүзі көк желкеден қиялай тіліп, басын жерге домалатты. Иесінің басы аяқ астына түскен аты үрке шошып, тізгініне ерік бермей ауа жайла құла түзге қарай қашты. Қалың қамыстың ішіне кірген орақшыдай Жалаңтөс жігіттері жапырып барады. ...Жалаңтөстің екпіні қара дауылдай. Қарсы келгені жапырыла құлап барады»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр: Роман, - Алматы: Типография «Miras-К», 2009. – 361 б.; 67-68-бб.).
Бабырдың ұрпағы Шаһ Жаһанның ұлы Ауренгзаг інісімен Бұхар хандығына шабуыл жасағанда, «Аласапыран екі ай соғыста Жалаңтөстер ат жететін Хорасан мен Балықты, Кабул мен Мешхедті тізе бүктіріп, тас-талқан етті» (98-б.). Романның осы сюжеттік бөлігіндегі тұрандықтар мен ирандықтар шайқасқан майдан даласындағы ежелгі дәстүрлі соғыс заңдылығына сай жекпе-жек сайыстарының сипаты да реалистікпен суреттелген. Шешуші шайқастың бетпе-бет майданында Жалаңтөс баһадүрдің қатарынан екі рет жекпе-жекке шыққан жеңісті сәттерін оқимыз: 1. «Иран жағындағы еміне шапқан батыры ойқастап ортаға шықты. – Шық бері, жекпе-жекке! Жаныңнан безген қайсың барсың?! – деп екі ортаны әрі-бері шауып жұрттың есін шығарғандай. Тоқпақ жалды, құшақ құйрығы түйілген сәйгүлікпен Жалаңтөс тебіндеп ортаға жақындады. Сауыты сарғыш қоңыр тартып, жолбарыстың белдік таңбасындай сан құбылады. Басындағы дулығасы да айбарлы. Найзасын қолтығына қыса ұстап, өзіне қарай өңмендей құлдырай шапқан жауына бұл да қарсы шапты. Қолтықтан ала аударып тастап, қарынды көздемекке бекінген жаудың найза ұшы қалқанға соғып қайырылды да, орта тұсынан жаңқаланып, тегеурінді күшке шыдамай күрт сынып түсті.
Екінші қайта оралғанда быж-быж шоқпарын ойнақтатып жақындап қалды. Сол кезде Жалаңтөстің шоқпары да мүйізденген кейпімен шиыршық атып барып төстегі домалақ сауыттың оққағарына оңбай соғылып, быт-шытын шығарды да, жауы басы салбырап ер үстін құшты. Атқа да соққы дүмпуі әсер еткен болу керек, аспанға тік атылды да, жалына жабысқан иесін құйымшағына түсіріп, өңкіп-өңкіп лақтырып жіберді де, бет ауған жағына маңып кетті»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..99-100-бб.).
Балқаш өңіріндегі жоңғар қалмақтарымен болған шайқастардағы Жалаңтөстің жеке ерліктері онымен майдандас болған батырлардың баяндай суреттеулерімен де дәйектелген. Жағыпар батырдың қазақы марқайысты-мақтанышты көңіл-күймен баяндауы да әсерлі: « - Не дегенмен, ашумен кекке булыққан екі жақтың жауынгерлері де аянған жоқ. Екі жақ деп отырғаным, Жалаңтөс пен менің жігіттерімді айтамын. .. – Жекпе-жекте Жалаңтөс батырларына сай келер жау болмады. Бірінен соң бірі ат жалын құшып құлап, қан құсып, өкіріп жатты. «Өлімнен ұят күшті» дегендей, арға тырысқан жоңғардың бастап келген қонтайшысы да біздің елдің аумағында жер құшты. Өзі де бір түйенің жарты етіндей бәле екен. Ешкімге алдырмай, ерік бермей кете ме деп едім, әйтеуір ажалдан қашып құтылмай, басын жұтып тынды»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..137-б.).
Жалаңтөс баһадүрдің тарихи-әдеби бейнесінің сомдалуында оның Бұхар хандығымен көршілес ирандықтардың және Моғолстанның араларында болған соғыстардағы қолбасшылығымен жүзеге асырылған жеңісті шайқастары да реалистікпен суреттелген. Романдағы Жалаңтөс баһадүрдің қолбасшылығымен Жетісудағы Орбұлақ шайқасына жиырма мың қол әскермен келіп, Салқам Жәңгір бастаған Қазақ хандығы әскеріне қосылып, өздерінен әлденеше есе көп қалмақ басқыншыларға қарсы тізе қоса шайқасқан қазақ батырларымен (Қарасай, Ағынтай, Жиембет, Зарқым, Қара, Сапақ, Байқазақ, Бекбауыл, Сүйіндікқара, Сарыалтай, Тасым, Қараалтай, Жайық, Мәмбет, Сәметей, Кенжеғұл, Көксерек, Көген, Табай, Жақсығұл, Қомпай, Елтінді, Сарыбұқа, т.б.) бірге Батур қонтайшы бастаған басқыншы жоңғарларды жеңген ауызбіршілік қуатын әйгілегендей романтикалық рухпен баяндала суреттелген: «Алаш! Жалаңтөс! Жәңгір!» деп ұран сала шайқасып, басқыншыларды жер жастандыра қырып, тас-талқан етіп жеңген сәттегі айқара құшақтасып тұрған екі батыр-ханның достығы да оқырман ұрпақты азаматтық-отаншылдық сезімге бөлері ақиқат. Жазушы деректілікті негізге ала отырып, Салқам Жәңгірдің қорғаған Қазақ мемлекеттілігінің мәңгілігіне елбасылық-көшбасшылық тұлғасын танытатын монологын да оқырманға ұсынған:
« - Құдайым, осы достық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халқымызды бақытты ұшпаққа шығарса бізде не арман бар? – деді.
Біз оны көрмесек те, кейінгілер қазақ халқының Үш Жүзі білек қосып, бір жағадан бас шығарысып, көк туын аспанға асқақ желбіретсе, біздің атадан балаға жалғасар арманымыздың орындалар тұсы осы емес пе, - деді Жәңгір хан. Бірлік пен достықтың шынайы шыңы мүжіліп, құламасын де. «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Көрші-қолаңмен тең дәрежеде сыйласып, бейбіт өмірдің шырағын бірігіп жағар күн де онша қашық емес болар. Тәңірім осы тілегімізді оңғарсын, - деп батыр тұлғалы, келімді келбетін айнала қоршап тұрған хас батырларға аударды»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..329-б.).
Романның басты кейіпкері Жалаңтөс – халықаралық қатынастардағы көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері деңгейіндегі тарихи тұлға. Романның композициясындағы оның Самарқан Әмірі және Бас қолбасшысы дәрежесіндегі қызметімен көршілес мемлекеттермен (Қазақ хандығы, Моғолстан, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Ресей, т.б. ) байланыстардың ортасындағы әлемдік деңгейдегі қайраткерлік тұлғасы даралана көрінеді. Ең бастысы – әлем өркениеті тарихындағы әрі батыр-қолбасшы, әрі мемлекет басшысы қызметтері тұтасқан аса көрнекті адамдар қатарындағы тұлғасы даралана бейнеленген.
Тарихи тұлғаның көркем әдебиет шығармаларындағы кескін-келбеттерінің (портреттерінің) бейнеленуі – классикалық көркемдік тәсіл. Басты кейіпкер Жалаңтөс баһадүрдің және жанама кейіпкерлердің портреттік бейнеленулері – тіршілік қозғалыстары әлеміндегі ақыл-ой иесі адамның биологиялық-физиономиялық болмысын ішкі жан-дүниесінің психологиялық құбылыстарымен, сыртқы әлеуметтік ортамен рухани байланыстылығы тұтастығымен айқындалатын поэтикалық ерекшелік. Профессор Б.Қ.Майтанов «Портрет поэтикасы»(2006) атты теориялық зерттеу еңбегінде эпикалық прозадағы кескін-келбет бейнеленулерінің поэтикалық-психологиялық, жанрлық-стильдік өрілімдер аясындағы қолданысына дәйекті тұжырым берген еді: «Портрет өнерінің эволюциясы тек идеялық-мазмұндық аялардан ғана емес, пішіндеменің өзге бөліктері арасындағы орналасымы немесе кейбір үзілімдерде олармен етене тұтастықта берілуі, яғни рет-ретімен ауыспалылығы, сондай-ақ, бет-келбет ерекшеліктерін толық сипаттаудан өткінші әсерлерді ғана қамтымақ жүрдектікке ойысу сияқты көп тәсілдер арқылы жүзеге асатын жанр, стиль талаптарымен тамырлас сюжеттік-композициялық жүйеден мол аңғарылады» (Майтанов Б.Қ. Портрет поэтикасы: Ғылыми зерттеу. – Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 127б.; 5-б.).
«Жалаңтөс баһадүр» тарихи романындағы басты кейіпкердің жекелік бет-келбетінің, тұлғасының және жанама кейіпкерлердің топтық портреттерінің бейнеленулерінен нәсілдік-тектік негізді көркем антропологиялық сипатты этнологиялық-этнографиялық ерекшелікті аңғарамыз. Әр алуан оқиғалар сәттермен үндес әлеуметтік-психологиялық хал-ахуалдың тұтасуы да сезіледі. Басты кейіпкер Жалаңтөс баһадүрдің портреттік бейнеленулері тарихи кезеңдегі түркілік келбет айқындығын, батырлық-жауынгерлік, қолбасшылық, билікші-әміршілік қасиеттерін оқырманға реалистікпен елестеті мұратымен бейнеленген.
Мысалы: «Жалаңтөс сәлем бере ішке кіргенде оның мысы басым ба, басқалардың денесі тітіркеніп, сескенгені анық. Түр-түсі, сомдалған болаттан құйылғандай сымбатты денесі бейне бір мүсіншінің қолынан қашалып шыққандай ерекше. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі көпті көрген көрегенділікті, өн бойында тағылым барлығы да тәнті етеді»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..61-б.).
Самарқан Әмірі болып, Бұхар хандығы ғана емес, алыс-жақын көптеген мемлекеттерге танымал ел басшысы және бас қолбасшысы болған кезіндегі Жалаңтөстің өзін даралай және артына ерген қалың әскерін топтай бейнелеудің көркем үлгілерін оқимыз. Қолбасшы Әмірдің және жорықтағы немесе шайқастар кезіндегі жауынгерлердің портреттік бейнеленулері де олардың ішкі жан-ділі әлеміндегі айбынды, айбатты психологиялық сипаттармен тұтастандырыла өрнектелуімен ерекшеленген: «...Дулығаларын ер басына кигізген бастарына шала тартқан орамалдарымен желең келеді. Самайдан қуалай, қастан тамып мұрын айналасынан жырадай құйылған тердің кермек дәмі ауызға да жетіп, тілдің ашқылтым сілекейіне қосылады...Жалаңтөстің ойлы қоңыр көзі айналасына сынай қарайды. Еңсегей бойлы жүзі байсалды, кең мінезді, терең сырлы ерекше батыр тұлғалы, қайратты адам екені көзге бірден ұрады. Тумысынан болаттай суарылып, шымыр болып жаратылған ханның кескін-келбеті»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр... 173-б.).
Басты кейіпкер Жалаңтөстің кесек тұлғасымен, байсалды ойлы келбетімен жорықта да, шайқаста да сенімді тұлпарының өзара сабақтастық бейнелеулермен өрнектелуі де эпикалық туындының көркемдік ойлау деңгейіндегі эстетикалық сипатын күшейте түскен: «Еңсегей бойлы, жүзі байсалды, кең мінезді, қатал да сырлы адам екенін байқайсың да, қақпақ жауырын, екі-үш қарыс иықтарының жұмыр басы нар түйе өркешіндей сомдалып, жұмырлана түскеніне қайран қалып, нағыз алыптардай сезінесің.
Астындағы атының бет-бейнесі хас албастының қабағындай, шықшыты түбектей оралып жатыр. Бауыздауы піскен алма сабағындай, құлағы көл құрағындай, құлжа мойны жұп-жұмыр. Шабысқа шыдас беретін, арымас та болдырмас жануардың ұзаққа сілтер тегеурінді екпінді күші бар. Омыртқасы да отаудай. Сауыры зентекті қара көмірдей. «Шүу!» дегеннен межелі жеріңе жолдағының бәрін жайпап, қылыштай қиып, айыра ыршып, жедел жетіп барудан тайынбас, қамшы салдырмас батырға сай ат.
...Кебеже қарын, кең құрсақ, сүбелі тұсы тас қорғандай, омырауы бұлақтай, қысқа бақай ат үстіндегі Жалаңтөстің түр-сипаты, алып адамдай сағым көтеріп, айбарлана түсті»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..204-205-бб.).
Романның басталу бөлігінде жасы егделенген Жалаңтөс баһадүрдің өзінің өткен өмірі кезеңдерін есіне түсіре толғанып отырған сәтіндегі кескін-келбетінің бейнеленуінен мағыналы-мазмұнды өмір сүрген тарихи тұлға ұлағатын, сәулетті салтанатын поэтикалық мегзеу де аңғарылғандай: «Қалың қабақты, етекті мұрынды батырдың малдас құруында да бір ерекшелігі байқалады. Түйенің жарты етіндей сандары түйлігіп, шар үрлеген қарындай жөргемделіп, екеуі екі түзудің бойында қатар жатыр. Қабажа қарнын босаң ұстағасын ба, кең етекті ақ көйлектің жиегі де малындыра көл жағалауында соққан толқынның ақ көбігіндей ирелеңденіп, қатпарланып, бөкседен төмен шәйі көрпенің үстіне төне құйылады. Айналасы Алатаудың бөктеріндей бірталай аймақты жамбасына басып жатқан жердегі қос-қостан төсеген түйе жүн көрпелер желі шыққан шардай жерге жабысып, айналасы күлтелене, көбіктене көтеріле түскен»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..6-б.).
Тарихи романның көркемдік-эстетикалық сипатынан халық тарихында Жиделі-Байсын атымен бағаланған ежелгі Тұран өлкесінің табиғат көріністерінің пейзаждық суреттелуі де қаламгердің эстетикалық танымы аясындағы шеберлігін танытады. Табиғат құбылыстарының бейнеленуіндегі дәстүрлі кейіптеулік тәсілдер өрілімдері тұрақты қолданылған. Мысалы: «Күн тас төбеге шығып алып, желкеден шүйліге қарап қадалады. Одан сайын сағым даланың ауасын қуырып, ыстық лебін бүрке шашқандай»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..173-б.).
«Есік алдынан сап-салқын кешкі самал құшақ жайып, қолтығына алғандай тынысы кеңіді. Аспан көгілдір күмбезге айналып, үп еткен бұлтты шөкімдей таңбалары байқалмайды. Ай табақтай төңкеріліп, жалаңаш қарнын көрсетіп тас төбеден көлбеу бетке қарай кедергісіз дірілдей жүзіп бара жатқандай. Жарысар бұлт болмағасын ба сабасына түсіп, сабыр сақтаған кейпі, жүзін жарқырай төгіп, айналаға ерекше бір тіршілік сәулесін төгіп-төгіп тастаған ба дерсің...Қазандағы қайнап жатқандай өзен суы сықылықтай сылқ-сылқ етіп, тастан-тасқа соғылып, шапалақтап беттен ұрып, онысына рахаттана күліп жатқандай дыбыс шығарады»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..337-б.).
Жорықта жүрген әскерлердің жазғы аптап ыстыққа да төзімділігін таныту мұратындағы кейіптеулік бейнелеулер де бар: «Кешкі салқындық күндізгі аптапты қолтығына алып, бауырына төсеп, жер қойнына кіргізіп жібергендей, аяқ астынан дымқыл бу көтеріледі. Кесенесі кепкенше қуыра тепкен ыстық, көк шөбі матасқан майса алқаптың ара-арасына еніп бой тасалап жатқандай бағанағы қарпыған қарқынынан беті қайта бастапты»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..175-б.).
Кейіпкердің рухани дүниетанымын табиғат құбылыстарымен тұтастыра, тіршілік қозғалысындағы іс-әрекеттерінің ғарыштық кеңістік әлеміндегі заттармен, көріністермен баламаланып берілуі романтикалық сипатпен өрнектелген. Қарама-қайшылықтар, қақтығыстар ортасындағы кейіпкер тағдырының даралануын түс көруі сәттерімен сабақтастыру да фольклорлық-мифологиялық халықтық көркемдік ойлауға негізделуімен айқындалады: «Көз ілінді. Бірақ көңілі ояудай әрдеңе түске еніп, бейне бір сол ортада ақ боз жүйрікпен өрге қарай құлашын жайдыра шауып барады екен дейді. Қолындағы қамшы наркескенге айналып кетіпті. Екі жүзді, салмақты ұзын қылыш жарқ-жұрқ етіп, тау айналасын сырыпта сабаған бұлттан шыққан найзағай біткенді тілгілеп, туырлықтай турап барады. Содан соң төбеден төніп, өзіне қарай жөңкіле көшкен қап-қара сеңдей бұлттардың түте-түтесі шығып, аспан шайдай ашылып, мөп-мөлдір көгілдір шексіз күмбезге айналып, бағанадан бері бұлт тасасында қалған Күн судан шыққан ақ бауыр шабақтай шорши секіріп, кең дүниені кезіп, мол шуағымен шапағын шашты»(Ұзақбаев Б.Жалаңтөс Баһадүр..184-б.).
Басты кейіпкер Жалаңтөс баһадүрдің жаратылыстану, қоғамдық-гуманитарлық білім негіздерін әлем өркениеті жетістіктері нәтижелері бойынша оқыған дүниетанымы мен өзінің дала даналарына тән ақыл-ойының кемелді сипаты мен ол жүрген дала пейзажының суреттері де орайластырыла, үндестіріле бейнеленулерімен әсерлі. Жазушы қоршаған жаратылыс әлемін, табиғат көріністерін, құбылыстарын басты кейіпкердің көркемдік ойлау әлемінің танымынан, түйсінуінен туындағандай романтикалық әуенді сипатымен суреттеген: «Алыстағы шөлге бітіп, өн бойына дейін қаталап кепкен тау сілемдері торталана туырылып, иесіз құлазып жатқан құм қойнауына сұғына сіңісіп із-түссіз жоғалады. Шығысқа қарай сусыған қызыл шағылдың ондаған шақырым ұзын бойы, сусыны қанып көрмеген құммен кірігісіп, осы алқапқа қан шашқалы тұрғандай. Көкжиектен иек артқан Күннің манаураған толықсыған бейнесі де осыны күткендей. Одан сайын құрғап, көк шөбіне дейін қуыра шыжғырып, сары күлгін түске малындырған Күннің бүгінгі бағыты да ерекше. Ыстық лебімен таң көкжиегін түре көтеріп, аптап жалынын бүрке шашып, отына орағысы келгендей»(Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..185-б.).
Тарихи роман – халықтың көп ғасырлық қалыптасу, даму жолындағы ата-бабалардың этнологиялық-этнографиялық ұстанымдарын, дәстүрлерін қамтуымен ерекшеленетін туынды. «Жалаңтөс баһадүр» романында да халықтың аңшылық-саяткерлік дәстүрі аясында бірнеше мәселелер қамтылған. Басты кейіпкер Жалаңтөс бойына біткен кезде анасының жерігін басу үшін әкесі Сейітқұлдың жолбарыс атып әкелгені («Шешесі жолбарыс төсін сонда шикілі-пісілі асыға жеп, қара тер боп, еңсесі түскен самарқау кейпі кетіп, әл жинаған еді») де әрі батыр, әрі Елбасы-Әмірі болған тұлғаның ана жатырында жаратылысының да айрықша даралығын ерекшелей танытады. Роман кейіпкері Жейдегүл арудың түсіне кірген жолбарыстың оның ырқына көнгендей кейіпімен көрінгені («Құйрығын еркелей қозғап, азу тістері тұсындағы ауыз тірелер қуысты арандай ашып бағынған, дегеніне көнген шарасыздық қимыл танытты») адамның ақыл-ойының, күш-қайратының, сезім тазалығының қуаттылығын танытқандай әсерімен сезіледі.
Жалаңтөс баһадүрдің Жиделі-Байсын өңірінде тазы жүгіртіп, бүркіт салып аң аулағаны, тау арқарларын, тау бұғыларын қуалай атып жүргенде атымен бірге құлап жарақаттанғаны көшпелілер тағдырларының қауіп-қатерге мол аңшылық-саяткерлік дәстүрінің далалық психологиясы аясында суреттелген.
Өмір сүру философиясы – ғарыштық ғаламдық кеңістіктегі пәни дүниеге тән тіршілік қозғалысының Жаратушы Алла негіздеген ұлы заңдылығы. Испан философы Хосе Ортега-и-Гассет (1883-1955) «Адам және адамдар» атты еңбегінде тіршілік иелерінің өмір сүруі әрекеттерінің табиғи заңдылығына баға берген-ді: «...өмір сүру дегеніміз міндетті түрде өзінің шеңберінен абсольютті сыртқа, ортаға, әлемге шығу дегенді білдіреді; бұл дегеніңіз үнемі толассыз бұл әлемді құрайтын минералдарға, өсімдіктерге, жануарларға, басқа адамдарға, яғни барлығымен қақтығысу және қарсы тұру. Бұның болмауы мүмкін емес» (Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. 11-том: Өмір сүру философиясы.-Алматы: Жазушы, 2006.-512б.;459-б.). Романның басты кейіпкері Жалаңтөстің Нұрата тауының құламалы жотасында таутекені жемтік ету үшін тұмсығынан тартқан қасқырдың, оның бөксесінен тартқан жолбарыстың, олардың төбесінен біресе құлдырай төмендеп, біресе жоғары көтеріліп ұшқан бүркіттердің әрекеттерін, ақырында тайғанақ тасқа мылжаланып құлап өлген жолбарысты, қасқырды, таутекені көргендегі толғаныстары табиғи: «Бір жемтіктің айналасында төрт бірдей жау. Адам, жолбасыр, қасқыр, бүркіт. Бәрі де тіршілік үшін алысып, аласұрып жатқандай. Құдайым-ай, бұл тіршілікте жан біткенді бір-біріне азық етіп қойғаны да құдіреттіктің белгісі. Бұл өмірде күшті ғана өмір сүреді, сол көкті де жерді де билейді»(109-б). Ал кейіпкердің монологы да туынды желісіндегі өмір сүру философиясына тән тұжырымдар бойынша түйінделген: «О, тоба! Тоба! Өмір деген осы! Көз алдыңда алып та, арыстан да, ақылды да, данышпан да болсаң ажалың жеткен күні негізгі мақсатыңмен әрекетің үстінде-ақ ойлаған ойыңа жетпей өлесің. Демің таусылса сен де бір өлі арыстанмен бірдейсің...» (Ұзақбаев Б. Жалаңтөс Баһадүр..109-б.).
Тарихи роман - эпикалық шығармадағы тілдік қолданыстар арқылы уақыт шындығын, халық сөзінің мағыналық сипатын оқырмандарға ұғындаратын туынды. Жазушының эпикалық баяндауларындағы және кейіпкерлердің диологтарындағы, монологтарындағы афоризмдік стильдегі қолданыстар туындыдағы халықтық көркемдік-эстетикалық дүниетанымды танытатын әсерлігімен баурайды. Мысалы: «Алтын ұя-Отан қымбат, құт-береке атаң қымбат», «Ұры неғұрлым білімді болса, соғұрлым қауіпті», «Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады, жаман ұл туса көшінің соңы, өзінің соры болады», «Өркенің өссін десең, кекшіл болма, еліңе кесапатың тиеді», «Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз – туса күң боламын деп тумайды», «Ауруын жасырған ажалсыз өледі, зорлықтан қорыққан амалсыз өлетіннің заманы болып, арты насырға шаппаса тәубе», «Сөздің атасы – бірлік, анасы– шындық», «Бүгінімізді ойлау-ертеңімізді болжау», «Менде қыл-құйрығы бір тұтас тұлпар міндім, туған айдай нұрланып дулыға кидім. Қатарластарыммен бірге жауға қасқая қарсы да тұрдым. Сол жастық кез қайта айналып келе ме?», «Қамқорың да, қорғаның да, бақытың да, дәулетің де, арың мен абыройың да – халқың», «Болашағында болатын бала өрге қарай жүзеді», «Адамның ұлылығы оның денесі мен бойына қарай өлшенбейтін сияқты халықтың ұлылығы да, тіпті оның аз-көптігімен өлшенбейді», «Қашанда ақылдылық пен ерлік алға шығады», «Жаудан күткен жақсылық – зорыққанның белгісі», «Зер ұстаған зердің жайын біледі, басқы басшы елдің жайын біледі», «Құрмет, билік – бұл да бір-бірінен ажырамас, адал адамды көтерсе ақымаққа жол сілтейтін, ақымақ адамды көтерсе жолсыздықпен бір күндейтін пендешліктің тұғыры-ау!», «Асқар тауыңды, шалқар көліңді жауыңа берме», «Қанды балақ қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды», «Әміршінің міндеті пендешілікті емес, мәңгілік өлмейтін мақсат туралы ойлау», «Ұят пен ар қымбат, өзің сүйген жар қымбат», «Аш отырсаң да аман отыр», «Ажалың жетпей өлмейсің, жалаңаш бар да жауға шап», «Жатқан жыланның құйрығын басу - өз беліңе оралтып, улы зәрін бойыңа дарыту», «Досыңмен тым жақын сыр ақтарар дос болма, бәлкім ол жауыңнан бетер дұшпаның болып шығар», «Жаманды жеңгенше, жақсыдан жеңілген жақсы», «Ақымақ досыңнан көрмеген пайданы, ақылды дұшпаныңнан көруің мүмкін», «Қасірет көктен түссе-сабыр сақта, жерден шықса – ақылға сал», «Адам баласының ең ғажап екі қасиеті – ақыл-ойы мен сөзі», «Ұшқалақ адамның үлкен қызметте отыруы үлкен қасірет», «Шындық – жетекке бұйдалап, мұрындықтасаң да жүрмейді. Ал әділет кім көрінгенге ермейді.». «Ақылды дос- ақылыңа ақыл қосады», «Еңбек – денсаулықтың күзетшісі. Ал, өнер- еңбегіңді өсіріп, өрісіңді кеңейтеді», т.б.
Қорыта айтқанда, жазушы БегімбайҰзақбаевтың «Жалаңтөс Баһадүр» тарихи романы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі дәуірінің жаңа әдеби үдерісіндегі көрнекті эпикалық туынды. Әлем өркениеті кеңістігіндегі әрі батырлығымен – қолбасшылығымен әрі мемлекет басқарған дана қайраткер біліктілігімен танылған бұрынғы – соңғы тарихтағы көрнекті тұлғалар қатарындағы Жалаңтөс Баһадүрдің және ол өмір сүрген кезеңнің ұлттық және жалпытүркілік тарихымыздағы тағылымын деректілік негізіндегі көркем шындықпен бейнелеу арқылы жазушы ұлттық сөз өнері әлеміне көрнекті үлес қосқан.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарыныңдокторы, профессор,
10 қазан 2018 ж. 1 075 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области