Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТАҢАТАР ЕЛШІ

ТАҢАТАР ЕЛШІ


Таңатар есімі Сырдың төменгі ағасында өмір сүрген бұрынғы және бүгінгі ұрпаққа кеңінен таныс. Қуаңдария өзенінің бойындағы елші атымен аталатын көрнекті әсем үй-тамының тұсынан өткен әрбір адам «Бұл кім болды екен, кезінде елге қадірлі адам болған-ау» деп өтері сөзсіз. Бірде Қуаңдария (1990 ж.) бойында болғанымызда жол серігім Құлназардан Таңатардың кім болғанын сұрадым. «Сұрай, сұрай Меккеге де барасың» демекші, ел іші алтын қазына емес пе, Таңатарды білетіндер, тіпті, оның үрім-бұтақтарын танитындар да табылды. Ең қызығы, өзімізбен 30-40 жылдан бері таныс-біліс, құда-жекжаттарымыздың бабасы болып шықты. Міне, мұндай деректер асыл мұраларды байқамай, бейқам жүретінімізді айғақтай түседі.
Таңатар елшінің бүгінгі ұрпақтарының үлкендері Қабылбай Шалбаев, Жұматай Қалабаев пен Сүйінбай Әлібаев, Көлбай Қалыбаевтар өз әңгімелерінде Қуаңдария өңіріне Арғынның келу тарихына тоқталды. Олардың арғы атасы Боққарадан бері жеті аталыққа жетіпті. Орта жүзге қарасты Арғын руының мейрам сопы тармағынан тарайтын Қуандық екен. Осы Қуандықтан Алтай, оның бәйбішесінен Момын, одан Әліке туады. Әлікенің бәйбішесінен Өмірқұл, одан Жаманке тараған. Жаманкеден Есімбек, оның бәйбішесінен Жанұзақ, Жолдыбай, Сеңгірбай, тоқалынан Боққара, Сасық туады. Жоғарыда біз атап өткен Боққара қалың арғын ішінен Сеңгірбаймен әмеңгерлік мәселесінде өкпелесіп, көш басын Шиеліге бұрыпты. Осында бір-екі жыл тұрғаннан кейін Сырдария өңіріндегі «Қызыл қайық», «Ақтікен», «Мақпалкөл», «Ақарық», маңында болады.
Боққара Ақтікеннен Қазалыға қатынап жүргенде Шөмекейге жататын Отарбай Балқы Бердібек бимен дос болып, анттасып туыс болады. Бердібек ақсақал Боққараны өзінің бір інісі ретінде таңып, туыстарына да осыны өсиеттепті. Боққарадан жайық атты ұл туып, ал одан он бала өмірге келеді. Сөйтіп Боққара ұрпағы бір-біріне жалғасып өсе береді. Бердібек бимен туыс болған Боққара «Көздіқараның» Қуаңдария арнасының бойын түпкілікті қоныс еткен.
Бердібек би кезінде де Хиуалықтар Сыр бойы қазақтарына шапқыншылық жасап, маза бермепті. Билер ақылдаса отырып, ең алдымен елші жіберейік, одан қоймаса, қарсы тұрып елдігімізді көрсетпесек болмас деп пәтуаласады. Осынау жиында тоқсанның төртіне тақап қалған Бердібек би: «Мен түнде түс көрдім, бабаларым аян берді, елшілікке Таңатар есімді жігіт лайық деді, соны табыңыздар» деп тапсырма береді. Осыған келіскен ауыл адамдары сол маңайдағы (Кете-Шөмекейдегі) Таңатар есімділерді жинайды. Қараса бірде-бірі түсінде көрген адамға ұқсамайды, сонда бидің есіне Ақбалқы Дабылдағы Таңатар есімді бала түсіп, соны алдыртады. Кірме болып жүрген жалшы Таңатар алдына келгенде Бердібек қария: - О, жұртым, менің түсімде көргенім – осы жігіт. Елшілікке жіберейік, осы халқымның сөзін айта алады, – деп өз кесімін білдіріпті.
Көпшіліктің батасын алған Таңатар қасына бірнеше серік ертіп Хиуа хандығына қарай жолға шығады. Елшілікке аттанарда екі қосшы, екі бақырауық түйе мен бір текені алып, екі кебежені түйеге артып, бір жағына теке, бір жағына өзі жатып барады. Хиуа хандығына жақындағанда абалай шыққан иттерді садақпен атып кете барады. Текені жайып, хан ордасының маңында қостанып жатады.
Хан маңындағылар: «Хан ием, қазақтың елшісі жолында кездескен иттерді қырып келеді», – депті.
Хиуа ханы елшісінің ақсақалы келсін деп хабар жібергенде, Таңатар текеден сақалдысы жоқ деп текені, үлкенін жіберсін десе, түйеден үлкен жоқ деп түйені, үшінші қолбасшысы келсін дегенде, қолбасшы менмін деп өзі хан алдына барыпты.
Қазақтан келген елшіні сөйлеспестен хан зынданға қаматып тастайды. Зындандағылар жаңа келген жігітке қарай береді. Зындан ішінде бір сәуле түсетін бопты. Түрмедегілер бұл жігітте қасиет барлығын сезіп, қамқорлық жасайды. Бір уақыттарда Таңатар қолындағы кісенді бұрап сындырып, лақтырып тастап, қарауылға: «Маған Құдайдан рұқсат болғанда, ханнан неге рұқсат жоқ?» депті. Бұл оқиғадан хабардар болған хан Таңатарды алдырып, келген жұмысын сұрап, келісімге келген деседі. Бізге 200 жылдан кейін үзіліп жеткен аңыз осындай. Осы сапардан бастап Таңатар атына елші есімі қоса жалғанып, «Таңатар елші» атаныпты.
* * *
Замандас әрі дос Шөмекей елінің белгілі биі Пірәлі Өтетілеуұлы бір бас қосуда: «Атаң жалғыз еді, сенің Кете – Шөмекей мен Қарақалпақ елі арасында билікке қол жеткізуінің сыры неде» деп сұрапты. Сонда Таңатар басын көтеріп алып, «Әй, Пірәлі, он күндігін ойланбай шешетін, үш айлығын толғанбай шешетін, жылдығын жылдамырақ шешетін ақеділ, әділ інімнің бірі ғой деп жүр едім, ал тыңда, мен айтайын:
– «...Дөсекті есеп қылдым,
Жолайды «абай» қылдым.
«Бұқаны» тана қылдым,
Бір Құдайды пана қылдым.»
Сөйтіп Таңатар атандым, дегенде, «Пірәлі би», дұрыс айтасыз, аға, – деп қостай беріпті. Бұлардан басқа елшінің Елікей сұтанмен сөз қағысуы да ел аузында жүр.
* * *
Таңатар елшінің билік айтып, халықты бірлікке шағырған әділ сөздері жетерлік. Өз халқының сөзін айтып, әрі оны тыңдатып өткен Таңатар Жайықұлы Сыр өңіріндегі қазақтар мен Қарақалпақ еліндегі Хиуа хандығы арасында 30 жылдай елшілікте болып, талай-талай қиын кезеңдерді бастан өткізген қайраткер. Шымбайда, Көне Үргеніште Таңатар елшінің адам қабылдайтын арнайы үйі болған деседі. Кейбір аңыздарда Хиуа ханы Таңатар елшіні бірнеше рет өлтірмекші де болыпты. Елі құрметтеген білікті елшінің артында қалың елі қазағы тұрғанын ойлаған хан арам ойын іске асыра алмаған тәрізді.
Орыс империясы, Қоқан және Хиуа хандықтары туралы бірлі жарым деректерде Таңатар есімі кездесіп отырады. Бір деректе бір молда өзінің 1854 жылдын 5-наурызында Таңатар қазының ауылына барғандығын жазса, екінші бір құжатта Найман, Үйсін, Алшынды аралаған Таңатар деген кісіден Кенесары Қасымов сол күндегі елдің жәй-мәнісін сұрапты мыс. Сонда Таңатар айтыпты:
– Бұл жақтың елін сынадым. Ақыл да бар, қайрат та бар, бірақ, ауызбірлік жоқ.
Ал, үшінші бір дерек көзінде:
«...1867 жылдың 26 – мамырында түнеген жеріміз Таңатар молдасынан бір күндік жер» деп жазыпты орыс әскер басшысы.
Таңатар бабасы қоныс еткен жерде мәңгі өмірге аттанып, Қуаңдария бойындағы «Қаражыңғылда» қалады. 1867 жылдан бері бұл жер «Таңатар» атанады. Таңатар сол кезеңнің белгілі батырлары Жанқожа, Байқадам, Тоғанас, Бұқарбайлармен тұстас болған адам.
Белгілі журналист, марқұм болған ағамыз Мырқы Исаевтың жазуынша Таңатар өз өмірі ішінде Хиуаның 12 ханымен, 32 сұлтанымен қызметтес болыпты.
* * *
Бірде жолаушылап келе жатып, Таңатар түлкі індетіп жатқан аңшыларға кезігеді. Аңшылар: «Елші ата, аз-кем кідіріңіз, түлкіні сізге байлаймыз» депті. Таңатар елші «түлкіні маған байлаған болсаңдар мен Сүйкелтекке байладым» депті. Сөйтсе, Сүйкелтектен түлкіні ешкім қазып ала алмайды екен. Таңатар айтқандай түлкі Сүйкелтекте қалыпты.
Таңатар елші 1768 – 1867 жылдар арасында өмір сүрген сияқты. Ол халыққа қамқоршы болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға күш салып, жұртшылықты, егін егуге бастаған. Таңатар атты канал бар. Бұл үлкен жарманы елшінің өзі бас болып қаздырса керек. Осындай үлкен еңбегімен де Таңатар есімі бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Елшінің бүгінгі ұрпақтары Көлбай мен Айтбайлар республикаға танымал азаматтар.
Таңатар турасында Балқы Базар, Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омарлары өз жырларын арнаған.
Сөз соңын Шығыс дүлдүлдерінің бірі атанған Тұрмағамбет Ізтілеуовтың Таңатар елшіге арнаған өлеңімен қорытындылауды жөн көрдім.
... Таңатар – тамам қазақтың,
Секілді тіккен туындай.
Сөйлеген сөзі сындарлы,
Сары алтынның буындай.
Ақылға кең, ой ерен,
Тоқтамайтын тосуға,
Тасқындап Сырдың суындай.
Тынышбек Дайрабай.
11 қазан 2018 ж. 1 097 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области