ҚОЛ БАСТАҒАН ТОҒАНАС БАТЫР
Атақты Балқы базардың: «...Қысқа күнде қырық шапқан, Жанқожа, Есет, Қыстаубай. Қасым, Сейіл, Бұқарбай. Сәмет пен батыр Тоғанас, солардан да өткен сұм заман», – деп сыр батырларының ерлігін аспандатқан жыры бар. Осындағы Тоғанас – атақты Бәйтік батырдың баласы. Тоғанастың әкесі Бәйтік, атасы Бәймембет, бабасы Тойқожа да нағыз батыр атанған кісілер. Қазір Тойқожа батыр атымен бір қауым ел аталып отыр.
Тойқожа батыр Ақжайық бойындағы құба қалмақпен болған бір ұрыста жасағымен қоршауда қалып, сол шайқаста мерт болыпты. Тойқожа батыр ерлігін баласы Бәймембет, немересі Бәйтік, шөбересі Тоғанас, Бодаштар жалғастырған. Ел арасында «Бәйтік-Тоғанас» деген атпен әкелібалалы екі батырдың ерлік істері аңыз болып тараған.
Бәйтік Бәймембетұлы шамамен 1762-1841 жылдарда өмір сүрген батыр.
Атаға тартып туған Тоғанас та батырлық жолды қуады. Өйткені, бір жағынан Ресей мемлекеті, оңтүстік жағынан Хиуа мен Қоқан бектерінің үздіксіз шабуылынан елін, жерін қорғау күн тәртібінен түспей тұрған кез еді ол. 1830-1831 жылдары Тоғанас атын іздеп жүріп «Тайкеткен» өзегінің қалың қамысы ішінен жолбарысты соғып алып, терісін жамылып, ауылына келіпті. Осы оқиғадан соң Тоғанастың батыр атағы (бұл кезде 15-16 жастағы бозбала – Т.Д.) қалың елге жайылып кетеді.
Бұл қоқандықтардың Сыр бойына сұғына еніп, елден түрлі алым-салық жинап, зар илеткен кезі. Хиуа бегі Қожанияз шөмекейлерді өзіне бағындыру үшін 500 жасағымен шабуылға шығады. Бұл хабарды естіген Шағырай, Қыстаубай, Сарман батырлар да 500-дей қол жинайды. Ішінде Тоғанас та болады. Күмісқорғанның аралығында екі қол кездеседі. Осы шайқаста жараланса да аттан түспеген Тоғанас пен қазақ жігіттері жауды жеңіп, батырлық ісі одан әрі жалғасқан.
Тоғанас Бәйтікұлы 1810-1813 жылдарда туып, 1868-1869 жылдарда өмірден өтсе керек. Өйткені, 1868 жылдың күзгі түтін пұл жинауға қатысты құжатта (Перовскі уезі, №3 ауыл) Баяу Бәйтіков, Бодаш Бәйтіков, Әлім Бодашов, Жақсылық, Алдамжар Аққоянов пен Тажығұл Тоғанасовтың есімдері тіркелген. Бұл уақыттарда Тоғанас батыр өмірде болса жазылар еді, демек батыр сол жылдарда қайтыс болған деген ой келеді.
Жалпы мұрағаттағы дерек көздерінде Тоғанастың есімі 1862 жылдардан кейін кездеспейді. 1862-1869 жылдарда батыр үйде отырып қалған сияқты. Кейбір деректерде Тоғанас 64 жасында өз ажалынан қайтыс болды десе, екіншісінде түркімен батырының қолынан қаза болған деседі. Бәрі де мүмкін. Қуаңдария өзені маңындағы «Тоғанас» атты белгі батырдың мерт болған жеріне қойылған ескерткіш деседі қариялар.
Жалпы, Тоғанас Бәйтікұлының аты ауызша және жазба деректерде Күмісқорғандағы қоқандықтарды қууынан басталады. Ол мұнда алаша Түлкібай, табын Бұқарбай батырлармен бірге Бейісбайды өлтіруге қатысады. Жалпы, барлық құжаттар мен жазбаларда Тоғанас батыр есімі Байқадам, Жанқожа, Бұқарбай, Қыстаубай, Сейіл, Дәрмен Сарманов сияқты батырлар және сұлтан Елекей Қасымов пен азаттық күрестің қозғаушысы Кенесары хан, Бекмырза Әлдиев, Алмат Тобабергенов, Пірәлі Өтетілеуов, Сәдір Алтыбаев, Қызылбас Мүсірепов, тағы басқа би, батырлармен қатар аталады.
Қоқан, Хиуа бектері Қожанияз бен Бабажанды, қарақалпақ Орынбай мен Нұртайды Қуаңдария мен Жаңадария бойынан ал¬дырып, оларды өлтіргендер арасында Тоғанастың есімі жиі кездесті. Бұл ауызша әңгімелер кей ретте жазба деректерді толықтыра түседі.
Тоғанас туралы ел аузында айтылып жүрген әңгімелер өте көп. Солардың бірінде Бұхара, Үргеніш және Қостанай жаққа Сырдың төменгі ағысындағы елдер кіре тартып отырған. Сондай сапарда Тоғанас та болыпты. Елге жақындап қалғанда керуеншілердің қырағылығы босаңсып, беймарал күй кешкен шағын аңдыған шапқыншылар тұтқиылдан шабуылдап, керуенді тонайды. Тоғанас батыр сытылып шығып, қарасақал Шағырай ауылының үстінен шығады. Шағырай батырдың шау тартып, жасы ұлғайған кезі болса керек. Бірақ киіз үйдің белдеуіне арғымақ байлап, бес қаруын сайлап, сақ отырады екен. Тоғанас үйге кіріп келіп:
– Ата, атыңыз бен қаруыңызды маған беріңіз, жау шауып кетті, кегімді алайын,– дейді. Шағырай батыр жас жігіттің ыза мен кекке булыққан түрін көріп, ақ батасын беріп аттандырып салады. Жалғыз өзі болса да Тоғанас қарақшыларды талқандап, басшысының басын кесіп, керуенді жолға салған екен. Оның осы ерлігіне риза болған Шағырай батыр Тоғанасқа қызын беріпті.
Ауызша әңгімелерде Тоғанас батырдың аты 1829-1830 жылдарда көрініс тапса, жазба деректерде 1840-1841 жылдарда батырдың есімі жиі кездесті. Демек, Тоғанас батыр ХІХ ғасырдың 40-жылдарында ел көзіне түскен батыр ғана емес, қолбасшылық дәрежеге жеткен сияқты.
Жанқожа батыр туралы бір хикаятта Созақ қамалын алуға 12 батырдың барғаны, басшысы Жанқожа болғаны айтылады. Осында да Тоғанастың есімі жүр. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының №4 қорындағы 2757 істе 1841 жылдың қыркүйегінде Кенесары хан шөмекей, төртқара, табын руларынан жасақталған 4 мың әскерімен Ташкентке бет алды деп жазған.
Осы жолы Созақ, Жаңақорған, Жөлек қорғандарын қоршаған. №4 қордың №2333 ісінде Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор Ладыжинскийге хорунжий Красноярцев жолдаған (1845 жыл, 22 қазан) рапортында ханға Қоқан бекіністерін алуға шөмекей, керей, кете, алтын және әлім руларының басты адамдары көмектескенін айтады.
«Шөмекей руының батыры Тоғанас Бәйтіков, Дәрмен Сарманов, Қараш Тұғалан, сұлтан Сәдірмек, керей биі Жұбан және сұлтан Тоғым, алтын руынан Науша, Көшкінбай Мажығұлов, Уәли Итенов, әлімнен Жанқожа батырлар бастаған жасақтар негізгі күшке 16 қыркүйекте келіп қосылды», – деп жазған. Мұның растығын тарихшы ғалым Е.Бекмаханов та жазған.
«Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабының 175-бетінде Кенесары қозғалысына қатысқан рулардың кестесінде 1839 жылдан 1845 жылдарда шөмекей руы қазақтарының кестесін көрсеткен. Яғни, шөмекей руының басым көпшілігі Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық күресіне қатысқаны белгілі болып отыр.
Бәйтікұлы Тоғанастың есімі үшінші рет 1849 жылғы Орынбордың әскери губернаторы Ладыжинскийге төртқара мен шөмекей рулары билерінің жазған мәлімдеме-арызында кездесті. Өздерін басқарып келген сұлтан Ғали Тұнғашинді босатып, орнына жұртшылықпен санасатын сұлтандарды тағайындауды (Тұнғашинның елден ретсіз мал алатынын, басқа да қылықтарын көрсеткен) сұрап 1849 жылдың 11 қыркүйегінде 25 би қолдарын қойып, мөрі және таңбаларымен осы жазғандарын растаған.
Осы тізімде 15-ші болып Тоғанас Бәйтіковтің қолы тұр. Елдің қамын жеп, халқының тыныштығын ойлап, Орынборда отырған генералдарға өтініш-талаптарын білдірген қабырғалары билердің арасында оның есімінің жүруінен 1847-1848 жылдардан бастап ел билігіне белсене араласқанын байқаймыз. Бұл сөзімізді 1852 жылдың 4 наурыздағы Арал бекінісінің бастығына жазған мәлімдеме дәлелдейді. Сондай-ақ, осы құжатта шапқыншылардың 7 адамы өлтіріліп, біраз малдарын қайтарып алғандығы хақында шөмекей руын басқарған сұлтан Елекей Қасымовтың Орынбор шекара комиссиясы мәлімдеген хаты да кездесті.
Мұрағаттардағы құжаттарға тереңірек үңілген сайын ауыз әдебиетінде айтылып жүрген жайларды салыстырып қарауға тура келеді. Оны 1852 жылдың 7 сәуіріндегі №116 істегі №53 дистанция бастығының Орынбор шекаралық комиссиясы кеңесіне жолдаған мәлімдемесінде: «…Шөмекей руының батыры Тоғанас Бәйтіков бас болып, келе жатқан қоқандық шапқыншыларға қарсы тұруға жігіттерін жинаған. Қоқандықтар жолында кездескен 8 ауылды тонаған. Қоқандықтар мен шөмекейлер арасында ұрыс болып, екі жағынан да біраз адамдар жараланған, бірсыпырасы қаза тапты», – делінген.
Шөмекейліктердің қолы қоқандықтардан басым түсіп, шапқыншылар талаған 40 мың қойдың 20 мыңын қайтарып алынғаны туралы есаул, сұлтан Сүлеймен Жиһангеров мұқият жазып, қол қойған. Осы құжаттағы бұрыштамада Бұқарбайды қылмыстық жауапқа тарту керектігін де жазған. Бұдан кей-кейде көршілес рулар арасында кикілжің туып отырғанын байқауымызға болады. Мұны қазақтардың үш жақты бақылауда болғандығы, Қоқан, Хиуа, орыс билеушілерінің қитұрқы саясаттарынан туындаған жағдайлар деп қарауға тиіспіз.
Тоғанас батырдың есімі Сыр еліндегі Жанқожа, Есет, Қыстаубай, Бұқарбай, Сейіл батырлармен қатар аталады дедік. Атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Ел қамын жеген ерлер» атты толғауында: «Тоғанас туып Бәйтіктен, Байланып қылыш, ту алған. Ізіндегі көп дұшпан, қалтырап қолы қорыққаннан, Жоқ еді белін буа алған», – деуінде үлкен мән жатыр. Осынау аз ғана сөзбен оның жай батыр ғана емес, қолбасшылық тұлғасынан хабар береді.
Осы сөзімізді растағандай Бұқарбай Дәуқара жақтан оралған 200-ден астам түтінді құрайтын ағайындарын Сырдың төменгі ағысы бойына орналастыру үшін осы өңірдегі Елекей сұлтан, Дәрман қожаға, Пірәлі би мен Тоғанас батырға арнайы хат жазып, адам жіберіп, Орынборға бағынышты қазақтар жеріне өтуіне рұқсат сұраған. Бұқарбайдай батырдың осылайша хабарласуы Тоғанас Бәйтікұлы Сырдың төменгі ағысында ХІХ ғасырда өмір сүрген билер мен батырлар арасында аса ықпалды болғанын білдіреді.
Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күреске қазақтардың жаппай қатысқаны мұрағаттағы (4-1-135) жазбаларда көрініс береді. Мысалы, 1843-1844 жылдары шөмекей руының байлары Жабағы мен Таспеннің жылқылары Қарақұмдағы жайлауда (Қара үңгір-Тұздақта) бірге жайылып жүргені жазылса, 1845 жылдың желтоқсан айында Орынбор әскери губернаторына жолдаған Кенесары Қасымов жайлы мәлімдеулерде: шөмекей руының Балқы бөлімінің биі Бисары Ботабаевтың Кенесары қарақшыларына зекет жинауға көмектескені, желтоқсан айының басында үйіне қондырғаны т.б. жайлар нақтыланып жазылған. Демек, шөмекейліктер Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық күресінің бел ортасында болды.
Қоқан және Хиуа хандықтары орыс шебінен алыстау орналасқан Сыр елінің қазақтарына қысым жасап, үнемі зорлық көрсетіп отырған. Хиуа ханы Мұхаммед Рахимның (1806-1824) кезінде орыс еліне бағынышты қазақ ауылдарын шаппауға ант берген (1258 хижра) уәдесін ұмытып, тонауын тоқтатпағанын генерал Обручевтің мәлімдемесінен оқи аламыз.
Сол 1806 жылдан басталған Хиуа бектерінің шабуылы ұзақ уақыт бойы бір сәтте тоқтаған емес. Қуаңдария мен Жаңадария бойындағы қазақтарды өздеріне бағындыру мақсатында Жанқала маңынан бекініс салады. Оны қазақтар «Бесқала» деп немесе қорған бастығы Бабажан есімімен атаса, қоқандықтардың 1817 жылдан бастап салған қорғандары: Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорған. Олардың әрқайсысын қоқандық бектер басқарған.
Жалпы, басшылық Ақмешіт бекінісінің бастығы Якупбек құзырында болды. Қорғандарды Жұбанияз, Уәйіс-Ниязбек, тағы басқалар басқарған. Ал, қазіргі Жалағаш ауданы, Аққыр ауылы төңірегіндегі «Құртөбе» деген жерден 1835 жылы Хиуа бегі Қожанияз бекініс салған соң, мұны қазақта, «Қожанияз» қорғаны деп атаған.
Тоғанас батыр Қожанияз, Күмісқорған, Бесқалаға шабуылдап, берік қорғандарды бұзған батырлардың бірі. Қуаңдария мен Жаңадарияны мекендеген қазақтар 1832-1833 жылдан хиуалықтарға бағынып, зекет, тағы басқа алым-салықтар төлеуге мәжбүр болды. Осы зорлықзомбылыққа қарсы Сыр еліндегі айтулы батырлар – Жанқожа, Қыстаубай, Есет, Бұқарбай, Тоғанас, Жаназар, тағы басқалар тынбай күрес жүргізіп, қоқандықтардың қорған-бекіністерін бірнеше қайтара бұзғанды.
Қорыта айтар болсақ, Тоғанас жалаң қылышты батыр ғана емес, қолбасшы болған, елді аузына қаратқан айтулы бидің бірі. Тәуелсіздік туған қазіргі кезде бұрынғы батыр бабаларымыздың әрбір ерлік ісін бүгінгі ұрпаққа үлгі еткеніміз жөн.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Этногроф-ғалым