Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ІҢКӘРДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАР

ІҢКӘРДАРИЯ БОЙЫНДАҒЫ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАР


Іңкәрдария бойындағы оғыз кезеңіне жататын ортағасырлық қалалар 1959, 1960–1961, 1968 жж. ХАЭЭ зерттеулері негізінде ашылды. Бұл қалалардың пайда болуына Х-ХІ ғғ. Оғыз мемлекетіндегі саяси жағдайлардың шиеленісуі және осы уақытта Іңкәрдария арнасының қайта сулануы себеп болды. Қалалар негізінен Іңкәрдарияның шығыс жағалауында көптеп шоғырланған. Іңкәрдария бассейніндегі ірі қоныстар: Асанас, Сырлытам-қала, Заңғар-қала, Сайқұдық-қала және Қақ-қала.
Асанас қаласы Іңкәрдарияның Асанас-өзек деп аталатын арнасының бойында, Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 шақырым жерде орналасқан. Асанас атауы ортағасырлық тарихшы Жувейнидің еңбегінде 1219 жылы моңғол әскерлерінің Сығанақтан Жендке қарай бара жатқан жолында жаулап алынған қаланың бірі ретінде сипатталады. Моңғол шапқыншылығынан кейін Сырдың төменгі, ағысы бойымен өткен Плано Карпини өзінің «Моңғолдар тарихы» атты еңбегінде: «Бұл жерде біз сансыз қиратылған қалалар мен қамалдарды, көптеген бос қалған қоныстарды кездестірдік, бұл жерде бір үлкен өзен бар, оның аты бізге белгісіз; оның жағалауында Янкинт (Janckint) деп аталатын қала бар, тағы біреуінің аты Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және тағы да басқа аттары бізге белгісіз қалалар бар» деп жазған. П. Л. Лерх бұл аталған қалаларды Сырдарияның төменгі, ағысындағы ескерткіштермен сәйкестендіруге тырысты. Оның пікірінше, Орнас — Асанас, Янкинт — Янгикент, Бархин — Баршынкент қалалары болуы мүмкін. 1954 жылы ХАЭЭ Асанас қаласын тіркеуге алады. 1960 жылғы ескерткішті әуеден түсіру барысында Асанастың жоспарының Сырлытам кешенді ескерткішімен ұқсастығы белгілі болды.
Асанас дұрыс емес дөңгелек формалы және ескерткіш цитадель, сонымен қатар, қалаға жақын төбеде орналасқан мазарды қамтиды. Қала мықты мұнаралы қабырғамен және ормен қоршалған. Қалаға кіретін төрт қақпасы бар қорғаныс қабырғаның қазіргі сақталған биіктігі 5 м-ге жуық. Қабырғаның іргетасымен есептегендігі ені 15 м. Цитадель қаланың шығыс бөлігінде орналасқан. Оның аумағы 40Ч50 м, ал биіктігі 1 м. 1969 жылы қалада Н. Н. Вактурскаяның жетекшілігімен археологиялық қазба жұмысы жүргізілді. Бұл зерттеулер ескерткіштің стратиграфиясын, қаланың өмір сүру уақытын, сонымен қатар, оның топографиялық өзгешіліктері мен қаланың даму тарихының негізгі кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік берді. Қазба барысында алынған материалдар қаланың пайда болу уақытын VII–IX ғғ., жоғарғы қабатын XV ғ. мерзімдеді. Хорезм экспедициясының зерттеулеріне дейін тарихи әдебиеттерде Асанас қаласын соғдылық саудагерлер тұрғызды деген пікірлер басым болды. Қазба жұмыстары Асанастағы қала мәдениетінің жергілікті сипатқа ие екендігін және оны тұрғызып, мекен еткен тұрғындар оғыздар болғанын көрсетті.
Сырлытам-қала — Сырлытам кешенді ескерткішінің бір бөлігі. Бұл кешен 1960 жылы ашылған. Жоспары дұрыс емес дөңгелек формалы, диаметрі 250 м. Өлшемі 70Ч70 м болатын цитадель қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан. Цитадельді үш жағынан айнала қабырға қоршайды. Цитадельге кіретін қақпа цитадельдің оңтүстік қабырғасында орналасқан. Цитадельдің қабырғасы мұнаралармен бекіністелген. Оның екеуі оңтүстік қабырғадағы қақпаның екі жағында, төртеуі цитательдің төрт бұрышында орналасқан. Сонымен қатар, әр қабырғаның ортасында бір мұнарадан салынған. Қала қабырғасындағы 26 мұнара биіктігі 3 м болатын төмпешік күйінде сақталған. Қалаға кіретін қақпа қабырғаның оңтүстік-батыс бөлігінде. Қаланың солтүстігінде қалаға жапсарлас салынған жарты шеңбер формасындағы алаң бар. Цитадельде және қаланың ішкі бөлігінде құрылыс іздері байқалады. Қаладан 250 м қашықтықта Сырлытам деп аталатын мазар орналасқан. Мазар шаршы жоспарлы, қабырғасының ұзындығы 10 м-ге жуық, кірпіштен тұрғызылған. Қабырғаларда қуыстар қалдырылған (ниша) және суреттермен көркемделген. Мазардың ішінде екі қатарға орналастырылған тоғыз бейіт бар. Мазар ХІ-ХІІ ғғ. мерзімделеді.
Заңғар-қала Заңғар-төбе шатқалында Сырлытамнан 3 шақырым солтүстік-шығысқа қарай орналасқан. Ескерткіштің жоспары Сырлытамға ұқсас: шаршы пішінді цитадель, диаметрі 300 м болатын дөңгелек формалы, қалаға жапсарлас салынған қоршалған алаңқайды қамтиды. Заңғар-қаланың Сырлытам-қаладан айырмашылығы — оның екінші сыртқы қабырғасының болуы. Бұл қабырға егістік жерлерді және ғимараттарды қамтитын үлкен аумақты қоршайды. Керамиканың көп бөлігі жапсырмалы және ол қаланы Х-ХІІ ғғ. мерзімдейді.
Сайқұдық-қала ескерткіші Іңкәрдария арнасының бойында Сайқұдық деп аталатын жерде орналасқан. Қала 1959, 1960–1961 жж. ХАЭЭ тарапынан зерттелді. Қала жоспары ұлу формалы сопақша, қабырғамен және ормен қоршалған. Қала қабырғасы және қаланың біраз бөлігі шайылып кеткен, сақталған биіктігі 0,5–0,7 м. Қаланың өлшемі 100Ч120 м шамасында. Мұнарамен бекітілген қала қақпасы солтүстік-шығыс қабырғада орналасқан. Қақпа сыртқы бөлігінен ормен және каналмен қоршалған. Каналдың қалдығы қаланың шығыс қабырғасын толық айналып өтеді. Қаланың ортасында шаршы формалы ғимарат бар. Оның қақпасы солтүстік-шығыс бұрышында орналасқан. Бұл ғимарат та ормен қоршалған. Сайқұдық қаласының керамикасы негізінен көзе түріндегі жапсырмалы ыдыстар. Сонымен қатар, күйдіріліп, ашық түсті ангогпен көмкерілген шарықта жасалған ыдыстар да кездеседі. Керамикалық материал қаланы Х-ХІ ғғ. мерзімдейді.
Қақ-қала ІХ-Х ғғ. мерзімделеді. Хорезм экспедициясының есептерінде ол іздеу нүктесі № 6 (поиск № 6) деп тіркелген. Қақ қала 1972 жылы ашылған, ескерткіштің сақталу-деңгейі өте нашар. Қаланың ішкі бөлігінен тұрғын үйлер іздері көрінеді. Қаланың мәдени қабаты 1 м шамасында. Ескерткіш бетінен алынған керамика бір типті, яғни, қызыл қыштан шарықта және қолдан жапсырылып жасалған ыдыстарды құрайды.
Жоғарыда сипатталған ескерткіштер мен мәдениеттер Сырдарияның төменгі, ағысының, яғни, ғылыми әдебиеттерде Шығыс Арал маңы, географиялық сипаты жағынан Тұран деп аталатын аймақтың адамзат дамуы мен өркениет дамуында үлкен роль атқарған, Еуразия құрлығының кіндігінде орналасып, мыңдаған жылдар бойы Батыс пен Шығысты жалғастырған алтын көпір іспетті киелі мекен екендігін дәлелдейді.


17 қазан 2018 ж. 1 256 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области