Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ КЕПІЛІ

ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ КЕПІЛІ


Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дер кезінде қабылданған дұрыс та әділ шешім болды дейміз. Елбасының бағдарламалық мақаласы көптің бетін ұлттық құндылықтарымыз бен имандылыққа бұратын, келешек жастар тәрбиесіне арналған маңызды құжат дер едім.
Облыстық «Ардагер айнасы» газетінде облыстың ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов ағамыздың мақаласы жарияланды. Ол кез-келген ұлтжанды азаматты ойландыратын, келешек ұрпақ тәрбиесі толғандыратын әрбір қазақтың жүрегінде айтуды қажет етіп сайрап тұрған толғамды, талғамды тұжырымдар екен.
Біз бұған дейін де Сейілбек Шаухаманұлының өткеніңді өшірмей, барыңды бағамдайтын қазақтың тау тұлғалы азаматтары жайлы салт-дәстүр, салт-сана, ұрпақтар сабақтастығы жайлы көптеген ой-толғамдары баспасөз бетінде жарық көрді. Облыс көлемінде қатар жүрген, бірге ой бөліскен, қызметтес, сыралғы дос болған, ел басқарған көптеген азаматтар бола тұра ағамыздың ойымен бөліскен, құптаған мақалалар, тұжырымдар сирек жарық көреді.
Аталған мақалада айтылғандай, көптеген ұлттық құндылықтарымыздан айрылып қалдық. Осы кемшіліктерді түзеп, көптің бетін имандылыққа бұрып, келешек жастар тәрбиесі толғандырған дана Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дер кезінде қабылданған дұрыс болды дейміз. Бірақ аз уақытта жіберілген кемшіліктерді орнына келтіру үлкен тарихи процесс болғалы тұр.
Жоғарыдағы мақалада осы жіберілген кемшіліктерді орнына келтірудің көптеген жолдары ашып көрсетілген.
Ол үшін ұлттық идеология қалыптастыру, оны мемлекеттік деңгейге көтеру қажеттігі айтылады. Ұлттық идеология – ұлттық құндылығымыз. Қазақ өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан, ислами қағидаларға негізделген ұлттық идеологиясыннан айрылып қалудың сәл-ақ алдында тұр.
Қазақта сан-алуан қиындықтардан ұлт ретінде жойылып кетуден аман сақтап қалған ұлттық идеологиямыздың құрамдас бөлігі ұлттық патриотизмі деуге болады. Әрине ұлттық патриотизм бізге дейін де өмір сүрген біздің ұлан-ғайыр даламызды мекендеген, осы жердің әрбір сүйемі үшін қан төккен, жан беріп, жан алысқан, тоқымын төсеніш, шөлдесе құртын сорып, малтасын тамақ қылған, қазысын жеп, торсықтағы қымызын ішкен, көшіп жүрсе де өзінің даласынан, панасынан айпылмаған сақ, скиф, ғұн т.б. ата-бабаларымыздың ерлігінің, көрегендігінің заңды жалғасы деуге болады. Олар дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын. Алтайдан Жайыққа дейін созылып жатқан ен даланы астындағы байлығымен ұрпағына тарту етті.
Ал енді осы ата-баба бойындағы осындай асыл қасиеттердің ұрпағына аманат болуын біздің тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев та армандайды. Өзінің «Тәуелсіздік дәуірі», «Үшқоңыр» деген кітабында: «Көптеген елдерді араладым. Бірақ бәрі өзімнің туып-өскен жеріме, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған Үшқоңыр төбесіне жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы осында екен», деген сөзі бүгінгі туған жер туралы толғаныстардың, ұлттық патриотизмнің биік шыңы емес пе!
Ілгеріде ақын Сырбай Мәуленовке шетелге барып демалып, жер көру мәртебесі ұсынылғанда: «Мен өзімнің қазағымның жерін түгел араламай, білмей, өз байлығымды өзім көрмей, оған тамсанбай қалай шетелге барамын», - деп қарсылық білдіруін мен нағыз ұлттық патриотизмның үлгісі ретінде қабылдадым.
«Мың өліп, мың тірілген қазақпыз», - деп ақын Жұбан ағамыз айтқандай шынында қазақ халқы өзінің тарихында небір қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Жоңғар, қалмақ, моңғол шапқыншылығы, кешегі кеңес өкіметі кезіндегі қолдан жасалған 1921, 1932 жылғы ашаршылық, Сталиндік репрессия бәрінен қазақты аман алып қалып, ұлт ретінде жойылып кетпеуі оның бойындағы ұлттық, патриотизмнің мықтылығы, ұлттық рухы, отансүйгіштігі, өлермендігі, қайсарлығы, батырлығы болды.
Қазақ халқы өзінің ұлттық рухының мықты екенін, ұлттық патриотизмнің кешегі 1418 күнге созылған 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында да көрсете білді.
Батыр ұлымыз Сұлтан Баймағанбетов кеудесін от шашып, өлім сеуіп тұрған пулеметтің аузына тосса, батыр ұшқышымыз Нұркен Әбдіров өзінің оқ тиіп жанып келе жатқан самолетін жау колоннасының үстіне құлатып, өзімен бірге қаншама фашистерді жер жастандырды.
Мақалада Сейілбек Шаухаманұлы ағаларының бойындағы ұлттық патриотизмді келешек ұрпақтың бойына сіңіру мәселесі қалай болады? - деп толғанады.
Қазір әскерге шақырылған жастардың көбісі Отанын қорғаудан жалтарып жүр. Тіпті, мамандар олардың басым бөлігі әскерде қызмет етуге жарамсыз деген де пікір айтуда.
Нағыз ұлттық идеологияның қажеттілігі осы келешек дені сау, бойы тік, жүрісі нық шыңдалған, шымыр, күшті, қазақтың бұрынғы батырларындай мықты ұрпақ тәрбиелеу қажеттілігі туындайды.
Ол үшін ұлттық тағамдарды көп пайдалануға жастарды бейімдеуіміз керек. Қазіргі аға ұрпақтың мықтылығы жас кезінде ұлттық тағамдарды көп пайдаланғандығында.
Жас кезімізде айран, сүт, ірімшік, құрт, талқан, сөк сияқты тағамдарды көп пайдаландық. Ал қазіргі жастар бала күнінен «кириешки», «чипсоны», балмұздақ, шығу тегі белгісіз тәттілерді көп пайдаланады. Соның әсерінен әлжуаз, әлсіз, жасқаншақ болып өсуде. Соның әсерінен өсу динамикасы дұрыс болмағандықтан әскерде қызмет етуге жарамсыз болып жатыр.
Кейде қазақ 250 жылдай орыс империясының езгісінде болғандықтан ұлттық идеологиямызды жоғалтып алдық, - деген пікір айтылады. Қазақ империяның езгісінде болғанмен қолында дүниесі бар азаматтар келешек ұлт болашағын ойлап балаларын сауаттандыруға ұмтылды.
Патшалық Ресейдің І думасына сайланған депутаттардың 13-і қазақ болуы сөзімізге дәлел сияқты. Қазақтың зиялыларының бәрі Ресейде, берісі Ташкентте оқып білім алған, орысшаға жетік азаматтар болды. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов Алашорда өкіметін құрып, қазақтың ұлт ретінде сақтауды көздесе, Сұлтанбек Қожасов, Мұстафа Шоқайлар қазақ автономиясын құру арқылы қазақтың өз мемлекетінің ұлттық идеологиясының болуын армандады.
Қазақтың атадан балаға маңызын жоймай келе жатқан ұлттық құндылықтарының бірі бауырмалдық. Қазақ бойынан жаугершілік заманды көп өткізген халық. Сондай алапат соғыстың бірінде жау қолында қалып бара жатқан бауырына жүрегі езіліп, өзінің атының артында келе жатқан баласын жау қолына тастап: - Атасы бірге атқа мін, атасы бөлек аттан түс, - деп баласын өлімге қиып, бауырын ажалдан алып шығу сол бауырмашылдық қасиетіміздің биік шыңы емес пе?
Ал қазіргі заманда осыдан 350 жыл бұрын Мөңке би айтқандай:
Табалдырықтан биік тау болмас,
Туысқаннан мықты жау болмас.
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ, - дегендей, бірімен-бірі қатыспай, аяқ-табақ,
бала-шаға араласпай отырған жақын адамдарды көргенде жағаңды ұстайсың. Қазақтың ұлттық құндылығы бауырын қастерлеуге де сызат түскендей.
Қазақ өзінің бауырмалдық қасиетінің арқасында қыздарын да қадірлеген, құрметтеген халықпыз. Қазақ үшін ең ауыр кезеңнің, яғни жоңғар шапқыншылығы кезіндегі мына бір өлең жолдары қарындастарымызға деген ыстық ықыластың куәсіндей.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен,
Мөлтілдеп қара көзден жас келеді.
Қарындастарымыз да өзінің абыройын түсірмей, небір қиын-қыстау кезде де ар-намысын жоғары ұстап парасат биігінен көрінген, тіпті ашаршылық кезде де арын сатпай, арын сатқаннан, жау қолынатұтқын болып қор болғаннан өлімді артық көрген. Ашаршылық кезінде өлім алдында жатса да:
Алтын, күміс тас екен,
Арпа, бидай ас екен.
Иә, Алла, алдым пейіш,
Артым кеніш болса екен, - деп көз жұмған. Өлім алдында жатса да ұрпағына, халқына бақытты өмір тілеген. Міне, қыздарымыздың бойындағы осы асыл қасиеттеріне тәуелсіздік алған жылдардағы уақытша қиындыққа шыдамай, көлеңке түсіп жатқаны аға ұрпақты ойландырады. Жезөкшелік – қазақ үшін жат құбылыс. Бұл қазақ жігіттерін де ойландыруы тиіс. Жігіт әрбір қызға көз салғанда өзінің көз алдына қарындастарын елестетуі керек. Жігіт өзінің мәрттігімен, биіктігімен нәзік жандылардан жоғары тұруы керек. Солай болса ғана қыздарымыздың оң жақта отырып босануы, дүниеге әкесіз ұрпақ келмес еді. Ал осы жезөкшелікті заңдастыру керек деген пікірлер жоғарыдан айтылып қалады. Біздің пікіріміз жезөкшелікті қоғамнан аластату әрбір қазақтың міндеті, мақсаты, мүддесі болу керек сияқты.
Мақалада қазіргі той өткізу, жүргізу мәселесінде өте керекті пікірлер айтылған. Кейінгі кезде беташарды тойдан бұрын құдалар жағы келмей, болмаса оларды күттіріп қойып мейрамханада беташар өткізу жиі кездесіп қалып жүр. Беташарды келіннің түскен босағасында аруақ айналып тамашалап жүрген әркім өз отанында өткізген дұрыс сияқты. Келіннің бетін ашқаннан кейін биік тау сияқты табалдырықтан оң аяғымен аттатып болашақ өмірге қадам бастырудан артық салт бар ма? Әрі келін ата-аруақтарына, әулеттің қарияларына, ата-енесіне, құда-жекжатқа сәлем қылу арқылы ағайын, ел-жұрт туралы толық мағлұмат алады. Бәрі ойында қалмаса да аруақты, ағайынды сыйлауға бастау болады. Қазақтың келінінің үлкенді көргенде иіліп сәлем беруі басқа ұлттарда кездеспейтін біздің дара қасиеттеріміздің бірі.
Қазақтың бұл дара қасиетіне қазақтың біртуар ұлы Қазақстанды 25 жыл басқарған Д.А.Қонаевтың бағасынан артық баға жоқ сияқты. Д.Қонаев бірде іс-сапармен Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына келіпті. Аупарткомның І хатшысы Назарбеков: - Димеке, сізге арнап дария бойына үй тіккізіп қойдық. Үйде келіннің шәйі барлық уақытта дайын ғой, - деген кезде Қонаев: - Өзеннің жағасын көріп жүрміз ғой. Үйдегі келіннің қолынан шәй ішейік, - депті.
Бірінші хатшының әйелінің бетіне сыздауық шығып жүр екен. Содан қысылып, екі бетін қолымен көлегейлеп иіліп сәлем бергені Қонаевқа қатты ұнап: - Ойпырмай қазақтың келінінің сәлемінен артық инабаттылық жоқ, - деп зиялы қауым арасында айтып жүріпті.
Біздің ұлттық идеологиямыздың негізгі тұтқасы қазақ тілі болу керек. Қазақтың тарихы да, бары да, байлығы да, ұлт ретінде сақтап қалатын, ұстайтын тұтқасы да тілі болу керек. Қазақ өзінің тарихын да, шежіресінде батырын да тілі арқылы елестетеді. Біздің басты байлығымыз тіліміз. Дүниеден өткен батырларымыз да тіл арқылы келешек ұрпақ санасында жаңғырады. Қазақ тілі дүниедегі бай тілдердің қатарына жатады. Дүниені дүр сілкіндіріп отырған орыс халқының сөздік қоры 400 000 болса, біздің сөздік қорымыз 1,5 миллиондай екен. Тілімізді сақтасақ дінімізді, ділімізді, әдет-ғұрыпты, салт-сананы сақтағанымыз.
Қазақтың ұлттық құндылықтарының асылы да, бірегейі де қонақжайлық қасиеті. Қазақ өзінің ең тәуір көретін асын, қазысын, жал-жаясын, құртын, майын қонағына сақтайды. Осы қадір-қасиетімізді кешегі Ұлы Отан соғысының кезіндегі жер аударылған кәріс, шешен, ингуш, курд, қарашай, түрік, т.б. халықтарды құшақ жайып қарсы алып, барымызды бөлісіп жеп көрсете білдік. Біздің осы қасиетімізді олар әлі күнге дейін ұмытпайды, елінде жыр қылып айтады. Соның арқасында Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.
Қазақта ұлттық идкологиямыздың құрамдас бөлігі ұлттық құндылықтарымыз өте көп. Құда шақыру, құданы күту, оған құдалар біріне жақын болсын, жастар келген жағына майдай жақсын деп құйрық-бауыр асату, әулеттің мықты от-анасына сондай болсын деген ниетпен бесікке салу, мықты ата-әжесінің, ағасының жолындай болсын деген ниетпен тұсау кестіру ұлттық құндылықтарымыздың бір парасы. Бірақ кейінгі кезде бесікке салу, тұсау кестірудің өзін екі жақты да үлкен шығынға әкелетін тойға айналдырып жібердік. «Өсетін елдің ойы көп болады, өшетін елдің тойы көп болады» демекші тойлардың өзін де ойлану қажет сияқты.
Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеологияның негізгі құрамдас бөлігі. Сондықтан ұлттық құндылықтарды сақтау әрбір қазақ азаматының борышы, міндеті болу керек. Бас жағында айтқандай ұлттық идеологияны дамыту үшін құлдық санадан арылу қажет. Өз ойымызды, пікірімізді ешкімнен жасқанбай, қысылмай ашық айтсақ қана ұлттық идеология қалыптасады. Мысалы, мен мақаламды білгіштігімнен жазып, айтып жатқаным жоқ. Менің мақалам С.Шаухамановтың мақаласының жанында теңіздің тамшысындай болуы мүмкін. Мен артық кемі болса да жазып отырмын. Егер менің қатарым көбейіп құлдық санадан арылып, ұлттық санаға бет бұрсақ келешек ұрпақ тәрбиесіне пайдалы жақтары көп болар еді деп ойлаймын. Қазақта «Көп түкірсе көл болар» демекші көп болып ұмтылсақ алынбайтын қамал жоқ. Қазіргі ұрпақ тәрбиесі шынында көп болып қолға алатын күрделі мәселе. С.Шаухаманұлы осы мақаласы арқылы «Қазағым, қалың елім, қайда барасың?!» дегенді меңзейді. Мақалада айтылған кемшіліктің бәрі ортақ. Көп болып, халық болып қолға алуды қажет етеді. Осы кемшіліктердің бәрін жою үшін тас-түйін болып жұдырықтай жұмылуымыз керек сияқты. Ертең бәрі кеш болып қалуы мүмкін,
Сондықтан ел боламын десең есігіңді де, бесігіңді түзеп, бойымыздағы енжарлықтан, басқа жұрттың жаман жағына еліктегіш қасиеттерімізден арылып, ойымызды тұмшалаған құлдық санадан құтылып, ел болуға асығайық ағайын.
Құлдық санадан арылып, ұлттық сананы жаңғырту – рухани жаңғырудың кепілі екенін ұмытпайық.

Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
Шиелі ауданы
07 маусым 2018 ж. 1 703 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области