ТУҒАН ЖЕРІМНІҢ ТАРИХЫ
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тура айтқан болатын.
«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі», - деген Елбасымыздың сөзінің астарында үлкен мән жатыр.
Ұлы даламыздың тарихы тереңнен басталады. Елбасымыз ескерткіштер, ғимараттар, көне қалалар туралы ғана емес, құнді жәдігерлерді де сақтау туралы меңзейді
Менің туған жерім – Қазалы қаласы. Қазалы қаласының іргетасы сонау 1853 жылы қаланған. Қаланың қала болып салынуына П.Перовский үлес қосыпты. Ол Сырдария өзені бойымен Ақмешітте саяхаттау барысында Қазалы қаласын №1 форт ретінде қалануына ұсыныс жасаған екен.
Тарихи қоныс 1867 жылы Қазалы қаласы атауына ие болады. 1872 жылы Қазалы қаласы уезд орталығы болады. 1928 жылы Қазалы ауданы құрылып, 1958 жылға дейін аудан орталығы – Қазалы қаласы болған. Қалада білім, денсаулық ошақтары, әртүрлі мекемелер жұмыс жасаған.
Қазіргі таңда Қазалы қаласында қала тарихымен байланысты Ғанибайдың керуен сарайы, «Нұралы» мешіті және т.б. бар.
2017 жылы Қазалы қаласы өзінің 150 жылдық мерейтойын республикалық шеңберде атап өтті. Мерейтой қарсаңында қала абаттандырылды. Оқтаудай түзу де тегіс көшелерсалынды. Жасыл желекке бөленген мекенде жол жиектері жасалды. Ал орталық алаңға «Тәуелсіздік» монументі қойылды.
Мен қазір Қазалы қаласында тұрамын. Өзімнің туған қаламды да ерекше жақсы көремін.
Қазалы қаласының басты көшелерінің бірі – Қорқыт ата көшесінде тұрамын. Бұл көшеде тұрғанымды мақтан тұтамын. Өйткені, менің білім есігін ашқан мектебім де осы көшенің бойында.
Менің қаламда Шығыс жастарының жетекшісі болған Ғ.Мұратбаевтың музейі бар. Ғани атамыздың тарихи-мемориалдық музейінің тарихына тоқталғым келеді. Өйткені, мен осы музей жанында тұрамын. Жанынан өткен сайын осы жерде тұрғаныма кеудемді қуаныш кернейді.
Ғани Мұратбаев өз заманында Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орта Азия жастарының жалынды жетекшісі болған.
Ғани Мұратбаев 1902 жылы Қазалы ауданы, қазіргі Ғ.Мұратбаев ауылында дүниеге келген. Не бары 23 жыл өмір сүрсе де, оның есімі мәңгі сақталады. 17 жасында жастар ұйымына мүше болып, 19 жасында «Жас Алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторы болған.
Өзінің сарқылмас жігері мен қажыр-қайратымен комсомолдан Түркістан Республикасы Коммунистік Жастар Одағының жауапты хатшысы, дүниежүзілік Коммунистік Жастар Интернационалының Шығыс бөлімініңмеңгерушісі қызметіне дейін өскен. 1925 жылы 15 сәуірде Мәскеудің «Биік тау» атты санаторийінде көз жұмған. Ғани ата Мәскеудің Ваганьков зиратына жерленген.
Ғ.Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейі 1968 жылы ашылған. Музейдің негізін қалаушылар – Мықтыбай Жанұзақов, Бейбітәлі Құлсейітов, Жәкеш Төлепова. Музейде Ғани атамызға қатысты мыңнан астам жәдігерлер бар.
Олар: Ғани Мұратбаевтың өміржолы туралы құжаттар, қолжазбалар және фотосуреттер. Музейдегі құнды дүниелердің бірі – Ғани Мұратбаев тұтынған кілем. Оны Ғани атамыздың жары Бақытжан әже 1984 жылы сыйға тартқан екен.
Ғани атамыздың музейіндегі жәдігерлерді толықтыруда музей қызметкерлері Ирина Галиулина, Үміт Садықова, Төлеш Сабырбаевалардың қосқан үлесі зор. Сонымен қатар музейде режиссер Абдулла Қарсақбаевтың Ғани ата туралы түсірген «Менің ағам» көркем фильмі де сақтаулы екен.
Өзім Ғани атындағы мектептің озат оқушысы болғаныма әрдайым қуанамын.
Елбасымыз айтқан рухани жаңғыруды бойымызға сіңіріп өссек, Мәңгілік Елдің мәңгілік ұрпақтары болып қалатынымызға кәміл сенемін.
Нұрбану БАЕКЕЕВА,
Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің оқушысы,
Қазалы ауданы