Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » СЫРҒА ТОЛЫ САЯХАТ

СЫРҒА ТОЛЫ САЯХАТ


Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деген болатын. Осы орайда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылуда. Сырға толы Сыр өңірі жұмбақ сырлы қорғандары, төбе төбе обалары бар қордалы өлке екенін ескерсек, олардың әрқайсысының тарихы, өзіндік ерекшелігі мен құндылықтары бар.
Осы құндылықтарды өскелең ұрпаққа таныта отырып, ішкі мәдени туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Сыр елі және ХХІ ғасыр» қоғамдық қоры «Тарих толқынында» атты тарихи-танымдық саяхат ұйымдастырды. Саяхаттың алғашқы бағыты М.Сужиков атындағы №6 мектептің 7-8 сынып оқушыларының облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан басталды. Мұражайда оқушылар аймақ тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен, тарих беттеріндегі тың мәліметтермен танысты. Сонымен қатар, Қызылорда облысы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген 12 ескерткіштерден тұратын «Киелі Сырдың қасиетті мұралары» атты фото-көрмені тамашалады.
Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның оқушылары Қызылорда облыстық «Көркемсурет» галереясында болды. «Қожықовтар қолтаңбасы» көрмесін тамашалаған оқушыларға өлкетанушы Гүлнәр Рамазанова Ләтипа Қожықова және оның атақты суретші ұлдарының қолынан шыққан 70-тен астам туындының ерекшеліктерін таныстырды. Көптің ықыласына бөленген Л.Қожықованың қолынан шыққан киімдер оқушылар қызығушылығын тудырды. Шараға қатысқан Қ.Қожықовтың қызы Сәуле Құлахметқызы балалардың ерекше қызығушылығын тудырып, сұрақтарына жауап берді. Одан әрі «Қорқыт Ата ескерткіші» мен «Сыр сүлейлері» аллеясына барған саяхат қатысушылары тарихи деректерге қанықты.
Одан әрі мектеп оқушыларының саяхаты ежелгі Жетіасар мәдениеті ескерткіштері, ортағасырлық Сортөбе қалашығы, Қорқыт Ата тарихи-мемориалдық кешенінде (Сырдария және Қармақшы аудандары) жалғасты. Саяхатқа «Рухани жаңғыру» орталығы мамандары, Қызылорда қалалық оқушылар мәслихатының белсенді жастары қатысып, ежелгі және ортағасырлық қалалардың тарихымен, сәулет өнерімен, тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Ортағасырлық Сортөбе қалашығында жүріп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан жастар сан ғасырлар бұрын өмір сүрген халықтың табанының ізі жатқан жерде тұрып, қолдарының табы қалған бұйымдарды ұстап, ерекше әсерде оралды. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысқан саяхаттаушы топ ұйымдастырушыларға алғысын айтып, әсерлерімен бөліскен бейнесюжеттер түсіріп, пікірлерін жарыса жазды.
Саяхаттың келесі бағыты 28-29 маусым аралығында Ортағасырлық Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент қаласына (Қазалы ауданы), Қамыстыбас елдімекені тұсындағы Қамбаш көліне, Ақирек тауында орналасқан Арыстанбабтың зиратына, Арал аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мен «Балықшылар мұражайына» жоспарланып отыр.
Саяхаттың соңғы аялдамасы – 29 маусымда өңіріміздің киелі нысандарының бірі Оқшы Ата кесенесі мен Сыр өңіріндегі мәдени-тарихи ескерткіштердің бірегейі, Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар көне қала – Сығанақ қаласы болмақ.
Қатысушылардың саяхаттан алған әсерлері жөнінде жазған эсселердің жинағы шығарылып, үздік авторлары Орталықтың арнайы диплом, алғыс хаттарымен марапатталып, әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. Арнайы бейне роликтер дайындалып, жергілікті телеарналарда көрсетіліп, суреттерден фотоальбом әзірленбек.
Келешекте туған өлке тарихындағы маңызды тарихи-мәдени мұраларымызды өскелең ұрпаққа таныту мақсатындағы осындай тарихи-танымдық саяхаттар жалғасын таба бермек.

«Рухани жаңғыру» орталығы
«Рухани қазына» бөлімінің маманы
Э.Жәнібекова
26 маусым 2018 ж. 1 214 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области