Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ІЗГІЛІК – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ АЗЫҒЫ

ІЗГІЛІК – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ АЗЫҒЫ


Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы меже дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойды. «Бұл мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», - деп кез келген игі істің басында адамның ізгілікке бастайтын санасы тұру керектігін айтқан болатын. Сана дайын болмаған жағдайда кез келген адам өзі жеткен табысты баянды етіп ұстап тұра алмайды, қоғам да сондай.
...Кез келген халықтың әлсіз тұсы оның кежегесін кейін тартып тұратын, алға жылжуға кедергі жасап отыратын өнімсіз пайымдары мен тар шеңбердің құрсауында қамап ұстайтын, адымын аштырмайтын келеңсіз ырымдары болады. Бұлар игі бастамаларды болдырмауға тырысады, жаңалықты қабылдай алмаған соң салғырттыққа бастайды, себебі оған ескілікті көзқарастары мен үйреншікті әдеті әсер етіп тұрады. Елдің ішінде келеңсіздікке алып келетін жайттардың бірі рулық деңгейде ойлайтын сананың өзгеріссіз қалуы деуге болады. Мұндай кертартпа ойлар елдің дамуына серпін беретіндей тың идеялар бере алмайды.
Елбасы өз мақаласында «Күн сайын өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес», - деген болатын.
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап өткен, ұрпағымыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтындай» жерұйықта өмір сүруді аңсаған ізгі тілегі ақыры  қабыл болды. Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел атанды. Тәңірі жарылқап қолымызға тиген қасиетті тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – кез келген қазақстандықтың қасиетті борышы!
Бұл қасиетті борышқа әрқашан да сергек оймен қарауымыз керек. Сол елдің ұлтарақтай жерін бар жан-тәнімізбен қорғау, Отан үшін жанымызды шүберекке түйіп дайын тұру – әрбір кеудесінде намысы бар азаматтың мойнындағы міндеті. Руды айтқанда, сол елдің тәуелсіздігі үшін атқа қонған рухы биік батырларымызды мақтанышпен еске аламыз. Ол батыр бабаларымызды бір рудың шеңберінде ғана қарап, өзге рудың батырларынан артық не кем қоюға болмайды. Елі үшін атқа қонған батырлар ұранды жалпақ Алаш жұртына тастаған, ел басына күн туған қысылтаяң шақта күллі қазақтың намысы үшін әр руға ат шаптырып сауын айттырған. Себебі, Алаштың арда азаматтары күллі қазаққа ел ортақ, жер ортақ екендігін жақсы білген, еншісі бөлінбеген қазақ елі екендігін әрқашан да есте ұстаған. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білек қосып, тізе біріктіре отырып жауын жеңіп отырған.
Қорқыт атадан бастап Асан қайғыға дейінгі абыз бабаларымыз желмаяға мініп, Жерұйықты іздеуінің мәні де мәңгілік ынтымаққа ұйыған тату елдің жарқын бейнесін қалыптастыру жолында жасалған ізгі қадамдары еді. «Мәңгі ел» болу идеясы тек қана бүгін туындап отырған көзқарас емес, бұл аталарымыз негізін қалаған бірігу идеясының санадағы қайта жаңғыруы деп түсінуіміз керек.
Біздің аталарымыз Байкалдан Балқанға дейінгі байтақ жерлерге атпен барған, көптеген елдермен, әртүрлі ұлыстармен араласты, әр елдің жақсы әдеттерін бойына сіңіре білді. Ұдайы ат үстінде өмір кешкен бабаларымыз өзге ұлттармен араласа жүріп озығынан үйренді, олардың мәдениеті мен өркениетін де бойына сіңіріп отырды.
Көптеген отырықшы халықтар өзге тілде сөйлесе, акцентпен сөйлейтіні бар, қазақтың бір ерекшелігі, кез келген тілде еркін сөйлеуінің де бір ерекшелігі ежелгі дәуірлерден бастап Еуразия даласында еркін көшіп-қонып жүруінде болса керек. Соның арқасында қазақ тілінде өзінің төл дыбысынан өзге де көрші халықтарында қолданатын сөздерден енген дыбыстарды ғасырлар бойы қабылдауының арқасында акцентсіз айта алатын деңгейге жетті.
Бұл да қазақтың бір ерекшелігі деуге болады, сөйлесе, сөзге мүдірмейтін шешендігі де оның артықшылығы еді. Қазақтың тарихы мен тілін зерттеген көптеген ғалымдар қазақ тілінің бай тілдердің қатарына жататындығын айтып кеткен. Ұлан-байтақ даламызда өмір сүріп жатқан қазақ халқында шығысынан батысына дейін үш мыңнан астам шақырымдық далада мекен еткен ұлтымыздың тілінде ешқандай да диалекті болмауының өзі қазақ халқының ерекшелігінің біріне жатады.
Дүниеде ұлтарақтай жерде өмір сүріп жатқан тайпалардың бірінің сөзін бірі ұқпайтындай күй кешіп отырғандары да ұшырасады. Ендеше рухы биік ата-бабаларымыздың бізге қалдырған осындай асыл қасиеттерін ұрпақтың бойына ұдайы сіңіріп отыруымыз керек. Бұл біздің ұлттық кодымыз болып табылады және мұндай асыл дүниелерімізді ұдайы жаңғыртып отыруға  тиіспіз.
Елбасы өз мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп ұлттық кодқа айрықша назар аударады. Ендеше қазақ халқын тәрбиелеп келе жатқан, елдікке ұйытып отырған озық дәстүрін дамытуды жалғастыра беруіміз керек. Бойдағы асыл қасиетіміздің бірі – өзгенің ала жібін аттамау!
Ұлан-байтақ даламызда еркін көшіп-қонып жүрген қазақ халқы көрші аймақтарда өтіп жатқан той-жиындарға емен-жарқын, ақ пейілде бір-бірін жатырқамай тікелей араласып кете беретін болған. Сырттан келген құдайы қонақты құдасындай сыйлаған, жолаушының атын ауыстырып, бар жылы-жұмсақты аузына тосып отырған.
«Кісі ұрпағымен мың жасайды» деп ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Жастарды еркін ұстауға тырысқан, «он үште отау иесі» деп мүшелге толған баланы өзімен тең дәрежеде көрген. Ел басқару ісіне, үй шаруашылығын дербес жүргізуге баулып отырған. Қазақ жастары қанша еркін өссе де, қалыптасқан ұлттық дәстүр мен елдің абыройын бәрінен биік ұстаған.
«Атаның емес, адамның ұлы бол» деп ұрпақты адам бойындағы жақсы қасиеттерді көре білуге баулыған, жігіттік намыс пен қыздың арын бәрінен жоғары қойған. Олар өз елдерінің намысты ұлдары екенін дәлелдеуге тырысатын болған.  Той-томалақта өтетін қыз қуу, бәйге жарысы, қыз бен жігіт айтысы секілді ұлттық ойындарға өзге ауылдың қыз-келіншектері келгенде сыйлап төрінен орын ұсынған. Өз өнерімен танылған жастар қай жерде де сыйлы болған. Шілдехана, бесіктойларда күні бойы ұлттық ойындарды тамашалаған жастар кешке қарай ақсүйек ойнаған, алтыбақан теуіп, жігіттер мен қыздар өзара ән салып, айтысқа түсіп отырған. «Тең теңімен, тезек қабымен» деп көкірегі ояу жастар өздеріне жар болатын қыздарды айттырғанда, оның тегіне аса мән бере қараған. Бұл жағынан шаңырақ иесі әкесі мен атасының өзі деңгейлес текті жердің қызын айттыру дәстүрін балалары да құптап отырған. Тектілердің құда болғандығы туралы оқиғалар көптеп кездеседі, бұл дәстүр ел ішінде әлі де жалғасын тауып отыр.
Тектілікке ұмтылудың өзі біздің дәстүріміздегі рухани жаңғырудың бір көрінісі, бұл үрдіс те алдағы уақыттарда жалғасуы қажет. Ұлтымыздағы бекзаттық пен тектілік институтының қалыптасуы – санғасырлық жалғасы бар өткен тарихымыздың бірі. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ұлттың ұрпағы болғандығымызды ұдайы жастардың санасына сіңіріп отыру керек. Жастардың санасы халқымыздың осындай қасиетті дәстүрімен толығып, жаңғырып отырса, игі бастама болар еді.
Қазіргі заман – инновацияның дәуірі, идеялардың бәсекеге түскен уақыты. Тыңнан жол тапқан өнертапқыштар мен сол идеяны жүзеге асыруға ұмтылатын, озық идеяны әлемге таныту жолдарын іздейтін жанкешті бизнесмендердің әрбір сәтті қадамын көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауым ылғи да қолдап, моральді жағынан демеп отыруы тиіс.
Мұндай істерді қолға алуда әр аймақта ашылып жатқан «Рухани жаңғыру» орталықтары да осындай іс-шараларға тікелей атсалысып отырғаны дұрыс. Тың идеяларды әкімшіліктермен бірге қолға алатындай жоспарлы жұмыстардың аясында қарастырып отыратын шараның механизмдерін жетілдіре беру керек. Бұл өз кезегінде аймақтағы, ауыл мен қаладағы жастардың өз бойындағы қабілетті жетілдіруге, заманауи келбеттегі жұмыс орындарын ашуға, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, елдің дамуын ілгері жылжытуға деген тегеурінді стимулға жол ашатын болады.
Адами капиталды дұрыс бағытқа бұру үшін ұлттық экономиканың даму бағыттары мен алдағы істелетін мүмкіншіліктерін ұдайы насихаттап отыру керек. Қазіргі заман –керісетін емес, келісетін, руыңмен оқшауланатын емес, ұлттық рухқа қызмет жасайтын уақыт. Қазақ елін әлемге таныту жолында ұлттық кодты дәріптей отырып, рухани мұрамызды жаңғырту идеясын дамытатын уақыт та келіп жетті.
/Соңы/
Бақыт ӘБЖЕТ,
аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының
жетекші маманы, филология ғылымдарының  кандидаты, доцент
18 қыркүйек 2018 ж. 928 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области