«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: КАБИРА АСҚАРОВА
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың дарыны мен талантын қоғамға мойындатуға, жасампаздығын, шығармашылығын көрсетуге, өздерін танытуға мүмкіндік беретін республикалық байқаулар баршылық. Енді олар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында бақтарын сынап, өтініштерін жолдап жатыр. Сондай жандардың бірі Кабира Асқарова. Аталған жоба Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан азаматтарды анықтауды мақсат етіп отыр десек, Кабира да шама шарқынша халықаралық паралимпиадалық ойындарда еліміздің намысын қорғап жүр.
Ол 1976 жылы 29 қыркүйекте Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 2007 жылдан бастап пауэрлифтингпен (мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында) айналысып келеді.
Кабира Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған. Қазір ол пауэрлифтингтен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында пауэрлифтингтен бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, Халықаралық турнирдің бірнеше мәрте жүлдегері (2008 ж., 2012 ж., 2013 ж.), Паралимпиадалық Азия ойындарының қола жүлдегері (Гуанджоу 2010 ж.), Паралимпиада ойындарының қатысушысы (Лондон 2012 ж.), Параазия чемпионатының күміс жүледегері (Малайзия, Куала-Лумпур 2013 ж.), Әлем кубогының күміс жүлдегері (БАӘ, Дубай 2017 ж.) атанған.