«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: ҚУАНЫШ ДӘУРЕНБЕКОВ
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерлердің есімін ел жадында сақтауға ықпалын тигізетін бір мәселе айтылған-ды. Н.Назарбаев: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан-алуан этнос өкілдерінің тарихы» деген болатын. Аталған жобаның ІІ кезеңіне іріктеу шаралары жалғасуда. Оған Қызылорда облысынан ұсынылған азаматтардың бірі - Қуаныш Дәуренбеков.
Ол Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің "Компьютерлік ғылымдар" кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінің «Ақпараттарды өңдеу мен басқарудың компьютерлік жүйелері» мамандығына түсіп, 2005 жылы «инженер-жүйетехник» біліктілігін үздік дипломмен бітірген. Еңбек жолын аталмыш оқу орнынан бастап, 2005 жылы Мәскеу қаласындағы И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетіне «Математическое и программное обеспечение вычислительных машин, комплексов и компьютерных сетей» мамандығы бойынша аспирантураға түскен. 2008 жылы профессор И.В. Ретинскаяның ғылыми жетекшлігімен «Адаптивная обучающая программа для нефтегазовой отрасли» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Қуаныш Дәуренбеков өзінің ізденімпаздылығының арқасында бүгінде көптеген жетістіктерге жетті. Қызылорда облысының «Жыл ғалымы» номинациясының, республикалық «ХХІ ғасыр оқытушысы» конкурсының І орын, «ЖОО үздік оқытушысы-2013» грантының иегері атанды. Одан өзге, 80-нен астам ғылыми еңбектің, 1 патент, 6 авторлық куәлік, 1 оқу құралының, 4 әдістемелік құралдың авторы. Қуаныш Қойшығұлұлы әлі ғылым саласында елеулі жұмыстар атқарып, шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтады.