Шиелінің «Жыл меценаты» - Бауыржан Көпеев
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауында Шиелі ауданынан «Жыл меценаты» номинациясымен Бауыржан Көпеев марапатталған болатын.
Байқаудың аймақтық деңгейінен өткен кәсіпкер енді республикалық деңгейінде бағын сынамақ. Қызылорда облысындағы Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының дамуына ықпал жасап келе жатқан Бауыржан Көпеевтің ауыл үшін еткен еңбегі ерен. Ол Төңкерісті түлетіп, ауылда оң өзгерістер, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын арттыру жұмыстарын жандандыруда.
Бауыржан Көпеев басқарып отырған «Төңкеріс К» ЖШС 2014 жылы құрылған. Дәл осы жылы Бауыржан Көпеев те алғаш рет шаруашылықтың тізгінін қолға алып, жұмыс бастайды. Егістікті әртараптандыруға көңіл бөлген қожалық бүгінде сыр салысымен бірге бидай, мақсары егеді. Мұнан бөлек мал азығын дайындауды да қолға алған.
Шаруашылық жайын дөңгелетіп отырған кәсіпкер ауылдың тұрмысын, ондағы халықтың жағдайын жақсартуды да ұмыт қалдырмаған. Жеке қожалық төрағасы Бауыржан Көпеев өткен жылы Ш.Қодаманов ауылындағы мәдениет үйіне, №158 орта мектепке, «Ақбота» бөбек жайына, ауылдық дәрігерлік амбулаторияға, сондай-ақ түрлі мерекелік шаралар мен қайырымдылық акцияларына 2 млн. теңге қаржылай демеушілік жасаған.
Сондай-ақ 2018 жылы Ш.Қодаманов ауылына өз қаржысы есебінен 90 млн. теңгеге спорт кешенін салып берді. Сонымен қатар ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға және көпбалалы отбасыларға жәрдем беріп келеді. Мұндай жомарт жанды елге танытып, халық алдында алғыс білдіру баршамызға абыройлы іс.
Осы орайда айта кетейік, «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреттарын республикалық деңгейдегі салтанатты марапаттау рәсімі ағымдағы жылғы 6 желтоқсан күні Астана қаласында өтеді.