Қызылордада 31 азамат қамаудан босатылды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 аралас мекемесінен «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы бойынша 31 сотталған азаматты шығарып салу іс-шарасы өткізілді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 72-бабына сәйкес 16 азамат және 73-бап бойынша 15 азамат қамаудан босатылды.
Аталған іс-шараға ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасында әлеуметтік психологиялық жұмыстарын жүргізу тобының бас маманы әділет майоры Жалғасбай Есмаханов, Қызылорда қалалық пробация қызметкерлері, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының өкілі қатысты.
«Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес босатылған азаматтарды ішкі істер органдары есепке алса, 73-бабы бойынша босатылған азаматтарды пробация қызметі пробациялық бақылауға алып, қадағалайды», - дейді Жалғас Есмаханов.
Мекемеден босатылған 31 азаматқа әлеуметтік байланыстарды орнату, кәсіби білім алу, біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмегін алу, құқықтық көмек, құжаттарын қайта қалпына келтіру бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кеңестер берілді.