Алматыда сел жүріп, тұрғындарды көшіріп жатыр
Kyzylorda-news.kz. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі қалада сел жүру қаупіне қатысты пікір білдірді.
"14 тамызда сағат 6.20-да Қарғалы өзенінде ішкі арналардағы су тасыды. Болжам бойынша, секундына 5 текше метр су тасыды. Қазіргі уақыттағы жағдай бойынша, өзендегі су деңгейі 5 метрге төмендеді. Жағдай бірқалыпты, ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Өзен арнасындағы жағдай тұрақты, дүрлігуге себеп жоқ", - деп хабарлады ТЖД өкілдері өткізген брифинг барысында.
Осыған дейін Алматы әкімдігі эвакуациялық пункттердің мекен-жайларын жариялаған болатын. Ол пункттер Жандосов-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы ескі әкімдік, Шәймерденов көшесіндегі №175 мектеп, Жандосов-Яссауи қиылысындағы №158 мектепте ашылған.
Бүгінде сел жүру қаупіне байланысты Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы мен Тау Самалы ықшамаудандары жабылған. Қазіргі уақытта Нәжімеденов көшесі, Шапай және Қарағайлы аудандары бағыттары жабылды. Бұл жерден тұрғындарды шығарып жатыр, бірақ көлікті де, жаяу жүргіншілерді кері кіргізбейді.
Сондай-ақ, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та оқиға орнына барған. ТЖД басшысы Серік Әубәкіровтің айтуынша, 14 тамызда сағат 07.11-де Қарғалы өзені арнасындағы жағдай бірқалыпқа түскен. ТЖД қызметкерлері оқиға орнына барып, жағдайды бақылап отыр. Қазір газ бен жарықты өшіру туралы бұйрық берілген.