САЛТАНАТТЫ ЖИЫНДА БІРҚАТАР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Аралдықтар Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ел тәуелсіздігі мерекесін атап өтті.
Жас мемлекетіміздің осы жылдар ішінде бағындырған асулары мен алда тұрған мақсат-міндеттері таразыланған «Тәуелсіз ел айбарым – желбіре зерен байрағым!» атты салтанатты кеште аудан әкімі М.Оразбаев аралдықтарды мерекемен құттықтап, егемендікпен еңсерген ауданның іргелі істерін атап өтті. Аудан басшысы жаңару мен жаңғыруға ден қойған қоғамдағы бастамаларды да атап өтті.
Рухани жаңғыру шеңберінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бағытын баян етіп, жұртшылықты ортақ міндетті бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Мұнан соң, өңіріміздің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ жерлестеріміз Қызылорда облысы әкімінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департамаенті басшысының және аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды.
Салтанатты кеш одан әрі аудан өнерпаздарының патриоттық ән-жырларымен жалғасып, саусағынан күй төгіліп, мың бұрала билеген таланттардың мерекелік тартуына ұласты.