Қызылордалық жастар тарихи орындарға саяхат жасады (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Елбасы ұсынған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірімізде «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы өтті.
Экспедиция облыстық ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, аз қамтылған, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларынан құралды.
Экспедиция қатысушылары алғашқы қадамын Түркістан облысына табан тіреп, ортағасырлық сәулет өнерінің жарқын үлгісіне айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралады. Мұнда жастар Қожа Ахмет Ясауидің тарихына байланысты естеліктер, құжаттарды, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттарды тамашалады.
Тарихи-танымдық экспедициясы Түркістан облысының батысынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Сауран қалашығында болды. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болған. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұналарының қалдықтары бар, ауданы 500-880 метр дөңгелек алаң. Экспедиция мүшелері қаланың ішіне қақпа арқылы кіріп, қаланы қоршаған дуалдың сырт жағындағы көптеген каналдардың ізін көріп, жеті қатар қорғаныс қабырғаларын зерделеді.
Экспедициясының соңғы аялдамасы – Сыр өңіріндегі тарихи ескерткіштердің бірегейі - Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған, екі мың жылдық тарихы бар көне қала – Сығанақ болды. Сығанақ қаласының орны қазіргі «Сунақата» елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан бес бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр.